Әлемдік универсиада жүлдегері – «Ақ жолдың» делегаты
2013 ж. 27 желтоқсан
1879
0
Ақтөбедегі партия филиалының мақтанышы, елге есімі Қазанда өткен Бүкіләлемдік жазғы Универсиада арқылы белгілі болған азамат 22 жасар Димаш Молдашев. «Ақ жолға кіруге, ең алдымен, елге деген сүйіспеншілік себеп болды» - деген еді жас спортшы. Енді ел абыройын асқақтатқан азамат өз мойнына тағы бір жауапкершілікті істі алып отыр. Ол әрине, «Ақ жол» партиясына мүше болу. Партияның қалалық филиалына кеңес мүшесі болудан да бас тартпаған азамат «Ақ жолдың» Астанада өтетін съезіне делегат болып бармақшы. Партия жұмысына білек сыбана кіріскен «батыр бала» ендігі жоспарларым «Ақ жолмен» бірге дейді. Тағы бір жағымды жаңалық, енді ақтөбеліктер жас спортшының бейнесін күнде көшеден көре алады. Қаланың қақ ортасында оның суреті бейнеленген билворд тақтайша орнатылды. Бұл «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі Асқар Садықовтың көптен ойында жүрген жоспар еді. Жас спортшыны қанатының астына алып, оны да ел үшін істелетін игі істерге араластыруды жөн көрген партия филиалының жетекшісі де: «Халық өз батырын алыстан танитын уақыт жетті» деп отыр. Партбилетті Димашқа табыстар кезде Асқар Садықов Димаш Молдашевқа ат мінгізген еді. Одан бері де жарты жылдай уақыт өтіпті. Димаш Молдашев партияның барлық шараларына қатысып, елмен етене араласа бастады. Қазанда өткен Универсиаданың күміс жүлдегері Димаш Молдашевтің есімі елге таныс. Жас та болса, бұл дүбірлі доданың алдында да біраз спорттық додалардан жүлделі оралды. Қазандағы халықаралық жарыста Димаш «Әттең, елге алтын алып бару арманым еді» деп өкінгенін де білеміз. Өйткені, жас спортшы өз жігеріне сенімді. Алда оны талай жарыстар күтіп тұр. Ал, Димаштың саясаттағы алғашқы қадамы «Ақ жолдың» кезекті съезіне делегат болып баруы. Жауапты сапар алдында «Ақ жол» партиясының ақ туын желбіретіп жүрген азаматпен сұхбаттасудың да сәті түсті.
– Димаш, сені ел мықты спортшы ретінде танып үлгерді. Енді «Ақ жол» партиясына кіруіңе не себеп болғанынын айтып берсең?..
– Мен қара басымның қамы үшін, немесе партиядан бәлендей қолдау тапсам деген мақсат қойған емеспін. Ең алдымен , жастарды отансүйгіштікке баулығым келеді. Әрине, бұл мақсатты партия мүшелерімен бірге жүзеге асыра аламын. Әртүрлі акциялар өткізіп, жастарды спортқа бет бұрғызу керек. Спортты насихаттау арқылы жас ұрпақты патриот етіп тәрбиелей аламыз. Қазақ жастарына бұған дейін спортқа бет бұруға жағдай болған жоқ. Ондай жағдайлар жеке басымда да болды. Бала кезімде жеке жаттықтырушы жалдап, ата-анамның қаражатына жаттығып та жүргем. Тынбай еңбектенуімнің нәтижесі болар, 160 елден спортшылар келіп, сайысқа түскен үлкен жарыста күміс жүлде алуымның өзі де орасан зор еңбектің нәтижесі деп ойлаймын . Ал, қазір спорт кешендері жетерлік. Тек жастарға үгіт-насихат жағы жетіспейтін сияқты.
– Белбеу күресіне өзің қалай келдің?
– Бала кезімде грек-рим күресіне қатыстым. 2008 жылы осы спорт түріне бет бұрдым. Енді осы белбеу күресі олимпиадаға енсе, егер ол кезде жасым жарап жатса, еліміздің спорт қоржынын тағы бір алтынмен толықтыруға болар еді. Оған күш-жігерім де жетеді. Соңғы жүлде алған жерім, қазандағы Универсиадада халық көп жиналды. Стадионда ине шаншар жер болмады. Жарыстың шымылдығын Ресей Президенті Владимир Путин ашқанын білесіздер. Өз басым қазір әлемде Ресей спорттан ең мықты елге айналып барады.Спорттық сайыстарда үш түрден ғана 7 алтын алып жүрген ресейлік спортшыларға қатты қызығамын. Біздің елде де ондай мүмкіндіктер жетеді. Менің ойымша, Қазақстан да жуық арада ресейлік спортшылардан үлгі алып, талай жарыстарда жарқырап көрінетіне сенімім мол. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, елдің абыройын асқақтаттар жас спортшыларды бірігіп тәрбиелей аламыз.. Бірлік бар жерде, тірлік бар.
– Ару қыздарымыздың құлақтарына алтын сырға, біздің білетініміз сен әлі отбасы құрып үлгерген жоқсың. Дегенмен, өзіңнің ортаң , ата- анаң туралы айтып өтсең.
– Отбасының жалғыз баласымын. Әкем жүргізуші, анам перзентханадада жұмыс істейді. Ақтөбедегі М. Арынов атындағы орта мектепте білім алдым. Қазақ көлік коммуникация академиясында оқыдым.
- Әңгімеңе рахмет. Съезге барар сапарда сәттілік тілейміз!
Раушан Сейсенбаева