Тау көтерген Толағайдың тегеурiндi ұрпақтары “Еуразия барысы” атанды

ystybaiӘулиеата жерiнде қазақ күресiнен халықаралық “Еуразия барысы” турнирi өттi. Жүлдеге 100 мың АҚШ доллары тiгiлген айтулы додаға елiмiздiң мықтыларынан өзге Моңғолия, Ресей, Қытай, Польша, Түркия, Тәжiкстан, Иран елiнен қазақ күресiн меңгерген бiлектi де жүректi, апайтөс балуандар қатысты. 
“Қазақстан барысы” Қазақ күресiн дамыту қоры мен Жамбыл облысының әкiмдiгi тiзе қосып өткiзген айтулы доданың бас жүлдесiне тiгiлген 50 мың АҚШ доллары елiмiздiң құрамасына бұйырды. Күн арқан бойы көтерiлгенде басталып, қас қарайғанда түгесiлген турнирдi елiмiздiң телеарналарымен бiрге ресейлiк “Боец” және түрiктiң “ТРТ Avaz” арнасы тiке­лей эфирден көр­се­тiп, 8 ел­дiң балуандары тартысқа түскен са­йыс әлем­нiң 120 мем­ле­кетiне бiр мезетте таратылды.
Жеңiс Биткөзов баптайтын бiздiң балуандар алғашқы белдесуiн Иран құрамасына қарсы өткiзген. Намыс туын биiкте желбiреткен жiгiттерi­мiз ирандықтарды 5:0 есе­бiмен тiзер­летiп, жартылай финалда тә­жiк балуандарын да ығыстырды. Финалдық сында Моңғолия құрамасы Қазақ елiнiң балуандарына қарсы тұрып,   60 келiде Абзал Арыстанбеков Ганболд Херлендi жықты. Херлен – дзюдо күре­сiнен әлемдiк сайыстардың талай жүлдесiн иеленген балуан. Бiздiң дзюдошыларымыз да гран-при жарыстарында осы Херленнiң құрығынан құтыла алмаушы едi. Қазақ күресi дзюдо емес екенiн Абзал дә­лелдеп, моң­ғолдың мысын басып бердi.
70 келiде Ерлан Естек Санжаасурен Миягаргшаның жауы­рынын жер искетiп, таразының ауыр басын бiзге қарай қисайтса, 80 келiде Ерсiн Мұха­меджанов Ған Тувшинжаргалмен негiзгi уақытта итжығыс түскен едi, Марат Жақит бастаған төрешiлер алқасы қосымша белдестiрудi ұйғарды. Самдағайлығының арқасында Ерсiн моңғол бал­уанының құрған тұзағына өзiн түсiрiп, ұпайды ұлғайтты.
90 келiде Мұхит Тұрсынов моңғолиялық қазақ Серiк Бәйкемұратқа жолын берiп, мәрттiк жасаса, аса ауыр салмақта Бейбiт Ыстыбаев Сугаржардал Болдпуревтi алып ұрды. Салмағы 180 келi тартатын қарағай кеуде, бура сан Сугаржардал дзюдо, белбеу күресiнен бiрнеше бәйгеде олжа салған өте әккi екен. Дегенмен де Ыстыбаев өзiнiң “Қазақстан барысы” деген атаққа лайық екенiн дәлелдеп, өзiнен 55 келi ауыр қарсыласын айқын басымдықпен ең­сер­дi.
“Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры бас демеушi болған сайыста екiншi орын иеленген моңғолдарға 20 мың доллар тисе, үшiншi сатыға орныққан орыстар 10 мың доллар олжалады. Бұдан өзге сайысқа қатысқан өзге құрама командалар да сый-сияпаттан кенде болған жоқ.
СIЗ НЕ ДЕЙСIЗ?
Серiк ТӨКЕЕВ, Дүниежүзiлiк қазақ күресi қауымдастығының президентi:
– Тараз қаласында өткен “Еуразия барысы” да жоғары деңгейде ұйымдастырылды, сынға түскен сегiз елдiң iшiнде бiздiң жiгiттерге лайықты қарсылық көрсеткен моңғолдардан өзге ресейлiктер де ұлт­тық спортымызды меңгере бас­тағанын паш еттi. Иранның ұлттық құрамасы да өте те­геурiндi едi, бұл жолы олар екiншi, үшiншi нөмiрлi балуандарын алып келiптi.
Ендi желтоқсан айының 20-23-i күндерi Беларусьтiң Минск қаласында ересектер арасында қазақ күресiнен әлем чемпионаты өтпек. Бұл әлемдiк сынға төрт құрлықтың 35 елiнен балуандар қатысуға келiсiм бердi.
"Жас Алаш" газеті