"Шахтердің" жеңілісі
2013 ж. 03 желтоқсан
1475
1
Қарағандының «Шахтері» Еуропа лигасының өз алаңындағы соңғы ойынын Астанада өткізіп, Грекияның ПАОК командасынан 0:2 есебімен ұтылып қалды.
Биылғы жылы Чемпиондар лигасынан басталып, Еуропа лигасына жалғасқан «Шахтердің» Еурододадағы бұл маусымы тамамдалып келеді. Бұл Қарағанды клубының Еурокубок аясында өз жерімізде өткізген алтыншы кездесуі болатын. Кеншілер соның алғашқы үшеуін – жеңіспен, ал кейінгі екеуін тең аяқтап еді. Енді, міне, Астанада бірінші рет жеңіліске де ұшырады. Сонымен қатар «Шахтер» бірінші рет өз алаңында гол соға алмады. Өз жерімізде өткізген ойындарында БАТЭ, «Скендербеу», «Селтик» секілді азулы клубтардың өздері Мокиннің осал тұсын таба алмай кетіп еді. Сол мақтаулы Сашамыз бүгін алғашқы гол соғылған кезде жаза басып, қапелімде қателесті.
ПАОК біз үшін ыңғайсыз қарсылас болды. Алғашқы ойынның соңғы минутында жеңісті жұлып алса, бұл жолы өздеріне керек нәтижеге аса қиналмай қол жеткізді. Былай қарасаңыз, әкетіп бара жатқан түгі жоқ. Әйтеуір, грек командасымен болған қос ойында да жолымыз болмады. Қырсық шалғанда, екі матчта да негізгі орталық қорғаушы Никола Василевич алаңға шыға алмады. Мүмкін, босниялық легионер болғанда, есеп басқаша болар ма еді?
Ежелгі Эллада жерінде өткен алғашқы ойында Кумыковтың тарапынан сынға ұшыраған капитан Андрей Финонченко бұл жолы тағы да жарқырап көзге түсе алмады. Әйтпесе Еуропа лигасының өз алаңымызда өткен қос ойынында есеп ашып жанкүйерлерін желпіндіріп жүр еді.
Ауттан доп лақтырудың шебері Гедиминас Виючстың бұл ойындағы қос қолдап, ытқытып жіберетін пастары да мардымды бола қоймады. Андрей Финонченко, Сергей Хижниченко, Геворг Казарян, Рохер Каньяс секілді футболшыларымыздың гол соғатын мүмкіндіктері болған еді. Бірақ бұл күні қақпашы Гликостың осал тұсын табу мұң болды.
Ойыншыларды жиі ауыстыра бергенді жақсы көрмейтін Виктор Кумыков осы жолы үш бірдей ойыншысын алмастырды. Жаз бойы жарақатына байланысты алаңға шықпаған Станислав Лунин Еурокубоктағы алғашқы ойынын өткізді.
Жерлестеріміз Лукас соққан бірінші голдан кейін бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. ПАОК қақпашысының зәре-құтын қашырғанымен, футболшыларымыз допты қақпаға тоғыта алмай, дал болды.
Футболдың «сен соқпасаң, саған соғады» деген жазылмаған қағидасы 90-минутта екінші мәрте орындалды. Қарымта шабуылда шеберлік танытқан Кициу ПАОК-қа бұл кездесудегі түпкілікті жеңісті сыйлады.
Қорытынды есеп – 0:2. «Шахтер» енді Еуропа лигасындағы соңғы кездесуін 12 желтоқсанда Израильдің Хайфа қаласында жергілікті «Маккаби» клубымен өткізеді.
Виктор КУМЫКОВ, «Шахтер» командасының бас бапкері:
– Өзекті өртейтін өте өкінішті жеңіліс болды. Бізге бүгін жеңіске жетуге сәттілік жетіспеді. Әйтпесе үш-төрт гол соғатын мүмкіндігіміз болып-ақ еді. Шабуылдағы Хижниченко, Казарян, Финонченко үштігі өз жұмыстарын дұрыс атқарған жоқ. Бұл жеңіске жете алмауымыздың басты себебі деп білемін. Алғашқы жеңісімізге қол жеткіземіз деп күткен едік, бірақ ойымыз жүзеге аспады.
Жалпы, грек командасының футболшыларының деңгейі біздің ойыншыларға қарағанда жоғары. ПАОК-пен өткен қос матчта да жеңіске жете алмауымыздың бір сыры – осында. Енді келесі маусымда бұдан да жақсы ойын көрсетіп, жаңа жетістіктерге қол жеткізетін боламыз. Ал осы ойындағы ұтылысқа байланысты жанкүйерлерден кешірім сұраймын.
«Шахтер» (Қарағанды) – ПАОК (Салоники, Грекия) – 0:2
Голдар: Лукас, 54. Кициу, 90.
Ескертулер: Каньяс 25, Порываев 41, Лазэр 71.
«Шахтер»: Мокин, Порываев (Байжанов, 83), Тарасов, Джидич, Малый, Симчевич, Вичюс, Казарян (Лунин, 66), Каньяс, Финонченко, Хижниченко (Зенькович, 76).
ПАОК: Гликос, Цавеллас, Лино, Циолис, Стох (Вукич, 78), Лазэр, Кацуранис, Кициу, Нинис (Салпингидис, 83), Лукас (Нецид, 90), Атанасиадис.
Бас төреші: Серж Гюмьенни (Бельгия).
"Алаш айнасы" газетінен