Қазақ бапкерінің Еуропадағы жетістігі
2013 ж. 08 қазан
1191
0
Футзалдан УЕФА кубогының іріктеу турнирінде бақ сынағанҚарағандының «Тұлпары» өз тобында бірінші орынға ие болып, аталмыш доданың элиталық раундына (шешуші кезеңіне) шықты.
Сүйінші десек те болады. Енді «Тұлпар» Алматының «Қайраты» мен бірге УЕФА кубогының негізгі додасында теңбіл доп көрігін қыздыратын болады. Бірінші рет біздің елден УЕФА кубогының негізгі сатысында екі клубымыз сынға түседі.
Қарағандының «Тұлпары» жанкүйерлер сенімін ақтап, элиталық раундқаөтті. Негізі, «Тұлпардың» жеребесі ауыр түсіп, ең ауыр топқа түскен болатын. Соңғы електік сатыдағы алты топтың ішінде үшінші төрттікке ығай мен сығайлар жиналған еді.
Жерлестеріміз алдымен Украинаның, дәлірек айтқанда Харьковтің«Локовотив» деп аталатын клубымен кездесіп тең түсті. Есеп – 2:2. Бұл ойында біздің командадан Дуглас пен Шыңғыс Есенаманов көзге түсті.
Екінші турда Апенин түбегінен келген «Марка» футболшыларымен кездесті. Италиялық футболшылар бірінші таймда екі доп соғып, алға шыққан да болатын.
Бірақ, Әміржан Мұқанов шәкірттері жасымай, екінші кезеңде есеп теңестіре алды. Есеп – тағы да 2:2. Голдарды Лекс пен Дуглас соқты.
Осы екі ойыннан кейін қарағандылықтардың элиталық раундқа шығатынына күмән келтіре бастаған едік. Ел чемпионатында азуы алтықарыс «Қайраттың» өзін тықсыратын күш-қуаты қайда кеткен дестік. Алаңдадық, тықыршып отыра алмадық...
Абырой болғанда, үшінші шешуші күні «Тұлпар» футболшылары өз ойындарын тауып, түлеп сала берді. Мұнарлы Парижден келген «Спортинг» командасын 6:1 есебімен тас-талқан қылды. Бразилиялық Дуглас үшінші ойында қатарынан гол соғып, нәтижелігі ойын өрнегін көрсетті.
Ең бастысы, Қарағандының үлкен футболдағы клубынан, яғни «Шахтерден» көре бермейтін қазақ футболшыларын шағын футболдағы «Тұлпар» клубы сапынан кездестірдік.
Команда капитаны Шыңғыс Есенаманов пен Дәурен Нұрғожин осы ойында бір-бір голдан соғып, мерейімізді де тасытты. Қалған үш голды Александр Довгань, Михаил Першин және Талес соқты
Сөйтіп, Харьковте додаға түскен үшінші топта «Тұлпар» үздік шығып, бесұпаймен бірінші орынға ие болды. Талантты қазақ бапері жаттықытратын команда Еуропаның азулы командаларынан да асып түсті.
Ең бастысы, Әміржан Мұқанов қазақ бапкерлерінің де УЕФА кубогында алысқа бара алатындығын дәлелдеп берді. Енді «Тұлпардың» элиталықкезеңнен де өтіп, төрт команда ғана УЕФА кубогын сарапқа салатын төртікке ілгулеріне тілектеспіз.
«Локомотив» – «Тұлпар» – 2:2
Голдар: Дуглас, 12 (1:1), Есенаманов, 26 (2:2).
«Марка» – «Спортинг» – 4:0
* * *
«Тұлпар» – «Марка» – 2:2
Голдар: Алекс, 36 (1:2), Дуглас, 40 (2:2).
«Спортинг» – «Локомотив» – 6:4
* * *
«Тұлпар» – «Спортинг» – 6:1
Голдар: Талес, 5 (1:0). Дуглас, 7 (2:0). Нұргожин, 12 (3:0). Есенаманов, 35 (4:1). Сидней, 38 (5:1). Першин, 40 (6:1).
«Локомотив» – «Марка» – 4:1
«Тұлпар» 3 1 2 0 10-5 5
«Локомотив» 3 1 1 1 10-9 4
«Марка» 3 1 1 1 7-6 4
«Спортинг» 3 1 0 2 7-14 3
Нұрғазы Сасаев, Бек Төлеуов