Құдай берді, қазақ жеңді!
2013 ж. 28 тамыз
1614
8
Айбары асқан «Астана-Арена» стадионында ине шаншыр жер қалмады. Қазақтың «Шахтері» мен шотландияның «Селтигі»-нің кездесуінде «Шахтерге» шабыт беру үшін 30 мың жанкүйер бас қосты. Жалғыз Қарағандының өзінен жерлестеріне қолдау көрсетуге 10 мыңнан астам адам Астанаға арнайы ат басын тіреді. Екі жыл қатарынан елімізде ешкімге тізгін бермей, чемпион атанып келген «Шахтер»-дің оңайлықпен берілмейтініне жанкүйерлер сенімді еді. Кейбіреулер жерлестеріміздің жеңісіне алдын-ала болжамдар да жасады.
Кездесу тартысты басталды Еуропа серкелері бірден шабуылға көшіп, қазақтарды ықтырып алуға тырысқанымен, қасиетті жердің қожайындары қонақтардың еңселі елде еркінсуіне жол бермеді. Ойынның 12-ші минутында-ақ туған жері мен текті елінің қызу қолдауына қанаттанған «Шахтер»- дің капитаны Андрей Финонченко қонақтардың қақпасының кілтін тапты.
Ойы онға бөлініп, сезімі сергелдеңге түскен «Селтик»- тің бас бапкері Нил Леннон былай деді: « Қазақ футболшылары қалыпты (стандартты) жағдайды шебер пайдаланады екен. «Шахтер» британдық стилде ойнады. Бірақ, біз әлі жеңілген жоқпыз, өз жерімізде өтетін ойында мүмкіндікті тиімді пайдалануға тырысамыз».
Қарағаныдылық аяқ доп қырандары ойынның екінші жартысын да сергек сеніммен бастады. «Селтиктен» сескенген кеншілерді көрмедік. Әрине, алыс- беріс, тартыс-қағыс күшейе түсті. Сөйтіп, қазақта киелі сан саналатын ойынның 77-ші минутында Хижниченко есемізді молайтып, есебімізді түгендеді.
Не керек, Құдай берді, «Шахтер» жеңді! Қарағандының «Шахтері» маңызы айрықша жеңіске қол жеткізді. «Шахтер» Еуропа футболының тарихына жаңалық енгізіп, жаңа парақтар ашты. Өйткені, «Селтик» сынды әлемге әйгілі топ бұрын-соңды буыны қатпаған командаға тізе бүкпеген еді. «Астана-Арена» стадионындағы қарағандылық «Шахтер» мен шотландиялық «Селтиктің» кездесу нәтижесіне шетелдік мамандар жоғары баға беруде.
«Шахтер»-дің бас бапкері Виктор Кумыков шын қуанышын жасыра алмады: «Біз екі голды да қарымта шабуылда салдық. Сондықтан, Шотландияда өтетін ойын бізге оңайға соқпайды. Біздің басты мақсатымыз – топтық кезеңге жету үшін, тым болмаса, тең түсу»
Еуропаның азулы командаларымен кездесу өткізіп көрмеген «Шахтердің» «Селтикті» тізе бүктіруі талайларды қайран қалдырды. Шетелдік басылымдар қазақтардың жеңісіне таң- тамаша болып, оң бағасын беруде. Өз елімізде де кеншілердің ерлігі жан-жақты талқыға түсіп жатыр. Жұрт жерлестеріміздің жеңісін команданың ерекше тактикасымен, бапкердің біліктілігімен және сан мыңдаған жанкүйерлердің қызу қолдауымен байланыстырды. Қонақтар болса, Глазгода өтетін қарымта кездесуде есе қайтаратындарына сенімді.
«Шахтердің» «Селтикпен» ойыны – Чемпиондар Лигасындағы үшінші кездесуі. Бұған дейін қарағандылықтар Беларустың «БАТЭ»-сін және албаниялық «Скендербеуін» тізе бүктірген болатын. 28-ші тамызда Шотландияның Глазго қаласында өтетін қарымта ойында жеңіске жетсек, Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне жолдама алатын боламыз.
Мирас ШЕКБАЙ