Мейрамбек ЖАҢАБАЙ: Қай балуанмен де белдесуге дайынмын!
2013 ж. 28 мамыр
1903
1
Астана төріндегі «Сарыарқа» велотрегінде өтетін аламан жарысқа алғашқылар болып ақтаулық спортшылар жолдама алған-ды. Сәуірдің 19-21-і аралығында «Жасқанат» спорт кешенінде өткен облыстық кезеңде отызға жуық балуан бақ сынап, топтан озған екі спортшы ғана финалға жолдама алды. Маңғыстаудағы тартысты бәсекенің ақтық айқасында 18 жастағы политехникалық колледждің студенті Мейрамбек Жаңабай мен 30 жастағы мемлекеттік қызметкер Болатбек Төтеновтің жолы түйісіп, жеңімпаз бас-аяғы бес секундтың ішінде анықталды. Салмағы 85 келі тартатын Мейрамбек 120 келілік алып Болатбекті жекпе-жек басталған бетте-ақ жамбасқа алып ұрды.
Жарыс ережесіне сай, түйе балуандардың екеуі де «Қазақстан барысы» додасының финалдық бәсекесінде Маңғыстау облысының намысын қорғайды.
Жөпелдемеде Мейрамбек Жаңабаевтың өзімен сұқбаттастық.
– Мейрамбек, аламан жарыстың ақтық айқасына жеткізген жеңісің құтты болсын!
– Рахмет! Жеңістің тәтті дәмін сезіне алғаныма қуанышты-мын. Жетістігіме қуанып жатқан маңғыстаулық жерлестерім ғана емес, жалпы еліміз бойынша жан-күйерлерім көп екен, көпшіліктің ыстық ықыласы көңілімді көтеріп тастады.
– Туған жерің мен күреске қалай аяқ басқаның туралы айтып, жетістіктеріңе тоқталсақ. Отбасы мүшелерінің бірі күреспен айналыса ма?
– Туған жерім – Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Берекелі ауылы. Ақтауға көшкенше 11 жасқа дейін сонда болдым. Табиғаты шырайлы Шардараның топырағында аунап-қунап өскенімді әлі күнге дейін мақтаныш тұтамын.
Біз өзі әкеден төртеуміз. Екі ұл, екі қыз. Менен басқасы спортқа ден қоймаған. Жас кезінде әкем Хабиб күреске қатысып, әжептәуір ысылыпты. Алайда, өнерін одан әрі өрбітудің сәті түспепті. Орындалмай қалған арманын балаларым жүзеге асырсын деген ойда болды ма, мені осы спорт саласына бағыттады ғой әкем. Қазір өзі жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Ал, мен күреске алтыншы сыныптан бастап келдім. Алғашқы бапкерім – Пернехан Төлепов деген ағайым. Күрес әліппесін осы кісіден бастадым. Кейін ағайынды Қабыл, Әділ Бисенқұловтардың қоластына өттім. Қазіргі ұстазым Қабыл аға – өте білікті бапкер.
Самбодан, дзюдодан, қазақ күресінен болған жарыстарға қа-тысып, ешқайсысынан құралақан қалмадым. Жүлделі орындарды қан-жығама байлап, мерейім үстем болды. Атап айтқанда, самбодан Ашхабадта өткен Орталық Азия ойындарында 2-орын, Қазақстан чемпионатында 3-орын алдым, дзюдодан Таразда өткен ІІІ жастар ойындарының қола жүлдегерімін, қазақша күрестен жастар арасындағы республикалық турнирде 1-орынды жеңіп алдым.
– Енді «Қазақстан барысына» келейік. Өзіңнен салмағы екі есе көп алыптармен алысуға жүрексінбейсің бе?
– «Күш атасын танымас» деген ғой. Салмағы артып тұрған Болатбек ағамды алып ұруға жүрексінбе-генде, жеңіске жету жолында қаймығармын ба, қай балуанмен де белдесуге дайынмын! «Бап шаба ма, бақ шаба ма» деген атам қазақ, өзімді бабымда сезінемін. Алладан тек бармақтай бақ тілеймін.
– Бәрекелді, сөз-ақ! Бойыңда күшпен қоса ұлттық рухтың бар екенін байқадық. Осы тұста қазақ күресі жайлы ойыңды білгіміз келеді. Қайтсек, төл өнерімізді Олимпиада сапына кіргіземіз деп жанталасып жатырмыз. Сенің ойыңша, бұл мүмкін бе?
– Әрине, егер осы қарқыннан танбасақ, түбінде қазақ күресі де Олимпиададан ойып тұрып өз орнын алары сөзсіз. Ол үшін, ең алдымен, өз Отанымызда оның абыройын өсіруіміз керек. Ата-бабамыз ежелден айналысып келген қазақ күресінің мәртебесін жаңа деңгейге көтерсек игі. Жамбасы жерге тимеген әйгілі Қажымұқан, Балуан Шолақ тәрізді балуандар да, Қабанбай, Бөгенбай сынды қазақ батырларының қай-қайсысы да күрес өнерінің шебері болғаны анық. Алдағы өткелі жатқан ұлы доданың ұлттық мәртебесін асырып, мерейін тасыта беру қажет деп ойлаймын.
– Жеңісті күндерің көп болсын, Жас қыран!
Жангелді АСАН