Қазақы рухты танытқан қазақ күресі
2013 ж. 28 мамыр
2942
0
Үшқоңыр жайлауындағы
үкілі дүбір
Бұл жерде тарих-сырдың
сынығы бар,
Бабалар тұлпарының дүбірі бар.
Бұл жерде Жамбыл-Жәкем өлең
айтқан,
Өнердің, ақындықтың тұғыры
бар…
Биыл үшінші рет өткізілгелі отырған «Қазақстан барысы» додасының мәресіне шыққан балуандарды таныстыру рәсімі өтеді деген Үшқоңыр жайлауына жеткенше «МузАрт» тобының орын-дауындағы Елбасының сөзіне жа-зылған Алтынбек Қоразбаевтың «Үшқоңыр» әнін іштей ыңылдап айтып келдік. Паһ, шіркін, расын-да да «туған жерім, Рахым нұры тұнған жерім» деп жырлаған «Қасқасу гүр-гүр тасып, гүлі еркелеп, арқарлар жайылатын бұл жайлау» Алланың назары түсіп, ажарын ашық айшықтаған арайлы аймақ екен! «Төле бидің қалпағындай анадайдан ағараң-даған тауларға» қарап тұрып, қайта-қайта, тіпті, шексіз тамсана беруіңіз әбден мүмкін екен. Өйткені, бұл жақтың тауының «жуасы, қарақаты, бүлдіргені» бала Нұрсұлтанның «әжесінің шекер қосқан талқанындай» тіл үйіреді деседі. «Шыңында қырандары қалықтаған» бұл өл-кеде «ұландарын да қыранның самғауына құмар қылып тудырыпты». Тап осы өңір – Елбасының кіндік қаны тамған жер. Ұлт көшбасшысы – Қазақстан Рес-публикасының Президенті Нұр-сұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирін ұйымдастырушылар ақтық айқас-қа шыққан балуандарды таныстыру үшін аты мұқым қазаққа мәлім жазиралы жайлауға алып келуін таза қазақы ырым деп түйсіндік һәм сүйсіндік.
Табиғаты әсем, үні әуезді Үшқоңыр жерінде ақтық сын-ның қатысушылары балуандарды баққан БАҚ өкілдері мен жан-жақтан жиналған жанкүйер-леріне арнап шеберлік сабағын өткізді. Апайтөс балуандарымыз бозкілемнің шаңын қағып, нағыз қазақ күресінің шырайын кіргізді. Жорналшылар қонақтармен бірге Алматы облысынан келген «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі ұсынған арнайы концерттік бағ-дарламаны тамашалап, балуандарды суретке түсіріп, жеке-жеке сұқбаттасты.
«Қазақстан барысы» бәйгесінің әлқиссасы
Соңғы жылдары қазақ күресі-нің бұқаралық сипат алуына ай-тарлықтай үлес қосып келе жатқан «Қазақстан барысы» жобасы туралы ой қайдан пайда болды дегенге келсек, аталмыш бәйгенің әлқиссасы мынадай көрінеді. КТК телеарнасының директоры Арман Шораев бұдан бірер жыл бұрын Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының 75 жылдық мерейтойына қатысуға барғанында «Моңғолия арыстаны» деп аталатын күрес жарысын тамашалайды. Өз айтуынша, ол бәсекесі бірнеше күнге созылған ұлттық күрестен өтетін дүбірлі сайыстың үстінен түсіпті. Сонда моңғол елінің түкпір-түкпірінен келген үш мыңға жуық балуан екі күн бойы белдесіп, ақтық айқасқа мықтылардың мықтысы ғана жолдама алыпты. Ақтық кездесудің өзі 3-4 сағатқа созылған көрінеді. Осы жарыстың жеңімпазы елдің Ұлттық батырындай құрметтеледі екен. Арман моңғолдардың төл күресін осылай төрге шығарып, үлкен шоуға айналдыра алғанына шын жүректен қуанғанымен өз күресімізді дәл солай биікке көтере алмай жүргенімізге қатты қынжылыпты.
Расында да, қараңызшы, Жапония әлемге сумосымен танымал, кәрістер өз таэквондосын, ал, жапондар болса дзюдосын Олимпиада бағдарламасына енгізіп қойған. Самбоны көтереміз деп орыстар әлі жанталасып жүр. Біздің күрес осы жекпе-жек түрлерінен асып түспесе, кем соқ-пайды ғой.
Елге оралған соң КТК басшысы осыған ұқсас сайысты өзімізде ұйымдастыру мәселесін қозғайды. Бұл ұсыныс Спорт және туризм министрлігі мен Спорт комитеті, сондай-ақ, Дүниежүзілік және республикалық Қазақ күресі федерациялары тарапынан бірден қолдау табады. Мұның тәжірибесі ретінде Қызылорда облысында «Алтын белбеу» атты турнир өткізіледі. Бұл жарыс, бір жағы, қазақ күресінде бұрыннан бар әртүрлі атақтардың басын біріктірген де сайыс болды.
Ертеректе қазақ күресушілері-нің бас балуан, нар балуан, ата балуан, түйе балуан, өгіз балуан, сұңқар балуан, толағай балуан деген атақтар үшін күрескені белгілі. Солардың арасындағы түйе балуан атағын алу жолындағы жекпе-жектер қазір де көптеген турнирлердің соңын ала керуен түзіп жүр.
Дүбірлі дода делебе қоздырар
Аталмыш таныстырылымға арнайы шақырылған «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының басшысы, бокстан 2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевпен аз-кем сұқбаттасқанымызда, ол қазақ күресінің таяу уақытта олимпиадалық бағдарламаға енгізілуге үміткер бола алатынын нық сеніммен айтты.
– Қазақ күресінің бұқаралық сипат алуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің арқасында ұлттық спортымыздың бұл түрі күллі қазақ елінде қайта жаңғырды, – деп, ағынан жарылды былғары қолғап шебері. – Бұл күрес күллі әлемге таныла бастады, бірқатар елде осы спорт түрінен жарыстар да тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Қазақ күресінің болашағы зор, сондықтан, күндердің күнінде біздің күресіміз олимпиадалық ойындардың қа-тарында көрініп жатса, таң қал-маңыздар.
– Үшінші маусымның ақтық сайысына шыққандардың ішінен жеке-дара бөліп айтып, бүйрегіңіз бұратын балуандар бар ма?
– Әлбетте, сыртынан сүйсіне қарап, тілеуін тілейтін сүйікті балуандарым жоқ емес. Бірақ, олардың атын атап, түсін түс-теуге батылым бармайды, басқа жігіттерді босқа ренжіткім кел-мейді. Ал, енді жерлестеріме келсек, олар жауырыны жерге тимеген атақты балуандар көптеп шыққан Жамбыл облысын жылдан-жылға лайықты түрде танытып жүр.
– Болашақта өзіңізді «Қазақ-стан барысы» бәйгесіне қатысу-шыларының қатарынан көре аламыз ба?
– Бәрі де мүмкін ғой. «Бір Ал-ла біледі» дейікші. Өзімді жаңа қырларымнан көрсете алсам, үл-кен абырой емес пе? Сондықтан, қызықты ұсыныстар түсіп жатса, бас тартпай, жатсынбай, қуа-на қарсы аламын. Асылы, қазақ күресіне қызығушылығым күннен-күнге артып келе жатқанын жасыра алмаймын.
Паһ, шіркін, күрес десе, ішкен асын жерге қоятын қазақтың қара домалақ баласы айтатын уәж ғой бұл. Олимпиада чемпионы осылай деп жатса, қазақша күрестен бақ сынап жүрген үміткерлердің ұлы додаға түсуге делебесі қозып тұратыны анық қой.
Міне, біздің жігіттер, жігіттер!
Сонымен, еңсесі биік Елорда-мыздың мерекелік күнінің екінші мәрте тойлануы қарсаңында, 30 маусым күні «Сарыарқа» вело-трегінде «Қазақстан Барысы» атану үшін
Иығы жонның жота асуындай,
Маң басқан нардың маңғаз
басуындай.
Қайтпаған қайтпаса да қайсар
күші,
Ертістің қайнап аққан
тасуындай, –
деп, арқалы ақын Асқар Тоқ-мағамбетов жырлағандай, боз кілемге шығатын 33 жампоздың есімі анықталып, бақталас ба-луандардың тізімі төмендегідей болып шықты.
Астана қаласынан: Ғани Сей-ділдаев, «Жау жүрек», 181 см, 97 келі; Асхат Уәлиев, «Тоқа», 180 см, 87 келі.
Алматы қаласынан: Арслан Әбдамит, «Алматы барысы», 185 см, 99 келі; Виктор Демьяненко, «Алатау аюы», 186 см, 103 келі.
Ақмола облысынан: Нұрлан Жамалов, «Көкше арланы», 188 см, 93 келі; Айтуар Абдулов, «Бурабайдың сабалағы», 180 см, 116 келі.
Алматы облысынан: Айдос Қаңлыбаев, «Жетісу бөрісі», 190 см, 141 келі; Жігер Сәкенұлы, «Алакөл бөрісі», 181 см, 90 келі.
Ақтөбе облысынан: Дархан Темірханов, «Ақтөбе арланы», 180 см, 100 келі; Шыңғыс Шоқпытов, «Батыр», 189 см, 105 келі.
Атырау облысынан: Сұңғат Закариев, «Ағатай», 185 см, 85 келі; Қайрат Өтеген, «Шеркеш», 188 см, 110 келі.
Батыс Қазақстан облысынан: Еділ Үсенов, «Орал бурасы», 184 см, 90 келі; Ринат Ибрагимов, «Батыс палуаны», 181 см, 84 келі.
Жамбыл облысынан: Дәулетхан Жақыпов, «Жамбылдың жолбарысы», 179 см, 83 келі; Айдос Теңгебаев, «Жауатар», 182 см, 108 келі.
Қарағанды облысынан: Ержан Шынкеев, «Көкбөрі Керней», 181 см, 120 келі; Олжас Шынкеев, «Көкбөрі Түйте», 180 см, 102 келі.
Қостанай облысынан: Мұрат Кеңтонов, «Алып», 182 см, 105 келі; Максим Гербер, «Ақ аю», 193 см, 120 келі.
Қызылорда облысынан: Айбек Серікбаев, «Сыр барысы», 190 см, 90 келі; Ұлан Рысқұл, «Сыр арланы», 186 см, 130 келі.
Маңғыстау облысынан: Мейрамбек Жаңабай, «Жас қыран», 177 см, 85 келі, Болатбек Төтенов, «Тәзіке», 180 см, 120 келі.
Оңтүстік Қазақстан облысынан: Назар Ерсұлтанов, «Оңтүстік барысы», 180 см, 160 келі; Сабыржан Әбілдаұлы, «Оңтүстік арланы», 185 см, 100 келі.
Павлодар облысынан: Дархан Жоламанов, «Асау», 179 см, 96 келі; Самир Мамедов, «Эльбрус», 181 см, 103 келі.
Солтүстік Қазақстан облысынан: Рустам Жұмаев, «Балуан бала», 198 см, 129 келі; Айбек Қырықбай, «Қара бура», 175 см, 95 келі.
Шығыс Қазақстан облысынан: Айбек Нұғымаров, «Шығыс барысы», 190 см, 135 келі; Мұхит Тұрсынов, «Алтайдың ақиығы», 188 см, 90 келі.
«Қазақстан Барысы» – Бейбіт Ыстыбаев, «Тараз арланы», 198 см, 139 келі.
Түйе балуандардың ең жасы 18-ге енді келген болса, егдесінің жасы 42-де көрінеді.
Балуан Шолақтың бүгінгі мұрагерлері
Үшқоңыр жайлауына шығып, көк майсада аунап-қунап, бой жазып, буындарын босатқан балуандар қымыз ішіп, ет жеп болғасын, үзіліс кезінде өнерден құралақан емес екендерін көрсетіп, қолдарына кезектесіп домбыра алып, ән де әуелетті. Бұны көрген жорналшылар қауымы әп-сәтте бейнеге түсіретін асай-мүсейлерін арқалап, алқа-қотан отырған балуандарды жан-жақтан қаумалап, қошемет көрсетті.
Несі бар, «жігітке жеті өнер де аз» дегендей, нар тұлғалы балуандарымыз алып күштің иесі ғана болмай, атақты бабамыз Балуан Шолақ сияқты қос өнерді қатар алып жүрсе, құба-құп дер едік. Таныстырылым соңында Балуан Шолақтың бүгінгі таңдағы мұрагерлері осы күні ұлттық биіміздің алтын қорына кірген «Қара жорға» биін шебер орындай алатындықтарын дәлелдеп, әнші-биші жастармен қосылып, алдағы уақытта көрсетілетін керемет клипке де түсті.
P.S.: Қазақтың кілең мықты балуанын көрсетші десең, ұялмай көрсететін, қандай құрмет, нендей сый-сияпат жасасақ та, артық болмайтын алыптары осылар.
Асылы, қазақ үшін бөтен біреу күресін дамытып бермейді. Қазақ күресі ең алдымен өз қазағымызға ғана керек!
Жангелді АСАН