Ерболат – нағыз ер жігіт
2024 ж. 25 шілде
4204
0
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек» деп ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде адал еңбек етуге айрықша назар аударған-ды. Осы орайда біз адал еңбек ету арқылы елінің атын әлемге танытып жүрген спортшы Ерболат Алтаевпен тілдестік. Ол – волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасының мүшесі, әрі спорттың осы түрінен халықаралық додалардың жеңімпазы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерболат Досыбайұлы қазіргі таңда Париждегі 2024 жылғы XVII Жазғы Паралимпиада ойындарына қызу дайындық үстінде. Уақытының тығыздығына қарамастан, ол бізге саладағы жетістіктері туралы айтып берді.
Біздің кейіпкеріміз расында да атына заты сай азамат. Өнебойынан батылдық пен өжеттік айқын аңғарылатын Ерболаттың спорт ес білгелі-ақ жан серігіне айналған. Түркістан облысына қарасты Сауран ауданы Құсшыата ауылында дүние есігін ашқан ол 2007 жылы параспортқа қадам басады.
– Спортпен шұғылданған жанның жаны да, тәні де сау болары анық қой. «Спорт – денсаулық кепілі» десек, маман иесі ретінде ғана емес, әрбіріміз тым құрығанда спорттың бір түрімен айналысуға дағдылансақ, онда өз денсаулығымызды нығайтуды қолға алған болар едік.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, осы орайда біздің әулеттің әрбір мүшесі спортты жанына айнымас серік еткендігін мақтанышпен айта аламын. Әрқайсысы волейбол, футбол сынды спорт түрлерімен айналысу арқылы аймақтағы бұқаралық спорттың дамуына қал-қадірінше үлестерін қосып келе жатыр. Ал ағаларым денешынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде спортсүйер шәкірттерді тәрбиелеп жүр. Яғни спортшылар династиясының өкілімін десем артық айтқандық емес. Спортшылар тәрбиелеу – біздің алдымызға қойған ең бір негізгі мақсатымыз. Өзім осы жолда алдағы уақытта да аянбай тер төге беремін, – дейді Еролат Досыбайұлы.
Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжинеринг университетінде денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша жоғары білім алған Ерболат Алтаев 2012 жылдан бері «Маңғыстау облыстық мүгедектік спорт клубында» тұрып ойнау волейболынан жаттықтырушы қызметін атқарады.
Күні бүгінге дейін 8 рет Қазақстан чемпионы атанған ол 2009 жылы Иран Ислам Республикасында өткен әлем чемпионатында 3-орын алып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанады.
– Спорттың – табандылықты талап ететіні белгілі. Спортшы ретінде биіктен көріну үшін, үнемі бабында жүру үшін әлбетте ең бірінші кезекте тұрақты түрдегі дайындық қажет. Өзім таңертең және кешке екі жарым сағаттан күнделікті жүйелі түрде жаттығу жұмыстарын жасаймын. Түрлі желеумен жаттығуды кейінге қалдыруға болмайды. Өйткені әрбір спортшының алдында үлкен жауапкершілік тұр. Халықаралық додаларда бүкіл елдің саған артқан сенімі тұрады. Сондықтан бір сәтке де босаңсуға болмайды, – дейді Ерболат.
Иә, Ерболат Алтаев өз кәсібінің нағыз майталман маманы.
Спорт саласында жүріп, әлем алдында өнер көрсету, өзің көздеген биіктерді бағындыру, қалың елдің үмітіп ақтау, екінің бірінің қолынан келе бермес ерлік. Осынау үдеден шығу үшін әрбір спортшы маңдай терін төгіп, қаншама еселі еңбек етері анық. Ал параолимпиадалық спортшылар үшін бұл екі есе табандықылықты, екі есе қажырлықты талап ететін жауапты іс. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз барлық ерік-жігерін, күш-қайратын осы жолға арнаған жан. Қай кезде де мамандығына адалдық танытқан Ерболатты ердің ері десек артық болмайтын тәрізді.
Ол – тұрып ойнау волейболы мен жағажай волейболынан спорт шебері, ал отырып ойнау волейболынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бұл өз кезегінде біздің кейіпкеріміздің «сегіз қырлы, бір сырлы» екендігін көрсетсе керек.
Отырып ойнаудан Қазақстан құрамасында ойын көрсететін Ерболат Досыбайұлы 2023 жылы Қытай елінің Гуанчжоу қаласында өткен Пара Азия ойындарында командасымен бірге 2-орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Талай-талай байрақты бәсекелерде еліміздің көк туын көкте желбіретіп жүрген азамат волейболды отырып ойнау әдісі бойынша жеткен жетістіктерінің бір қатарын атап көрсетті.
– Былтыр Астананың төрінде Волейболды отырып ойнаудан Азия чемпионаты дүрілдеп өтті. Аталмыш жарыста Азияның 9 мемлекетінен 200-ден астам спортшысы қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде, Қазақстан ерлер құрамасы жүлделі екінші орынды иеленіп, Қахақстан тарихында тұңғыш рет Париж олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Бір сәт тарихқа көз жүгіртсек, бұған дейін Қазақстан ерлер параволейбол құрамасы өз тарихында 1 рет қана 1996 жылы Атланта Паралимпиадасына қатысып, 12 елдің арасында 8-орынды місе тұтқан екен. Ал тоғыз мемлекеттің арасынан екінші орынды иелену – зор жетістік. Десе де, жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да еселей түскенін айту ләзім. Санаулы күндерден соң қазақстандық құрамаға кіретін үш маңғыстаулық: Бауыржан Оразғалиев, жаттықтырушымыз Құралбек Сейдов және мен Парижге жол тартамыз. Жеңіс тұғырынан көрінуге бар күш-жігерімізді саламыз деген ойдамыз, – дейді спорт шебері.
Осы тұста волейболды отырып ойнаудан ерлер құрамасы халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері, әлемдік рейтинг бойынша 7-орында. Ал Азия рейтингісі бойынша үздік үштіктің қатарында. Еліміздің осындай жоғары межеден көрінуіне кейіпкеріміз Ерболат Алтаевтың да зор үлесі бар екендігін атап өткен жөн.
Қазақстан Республикасының тұрып ойнау волейболының бас жаттықтырушы қызметін алты жыл бойы абыроймен атқарған Ерболат Досыбайұлы жан-жақты азамат.
«Жігітке жеті өнер де аз» десек, кейіпкеріміз – Ерболат Алтаев өзін сан қырынан сынап көруден танған емес. Жағажай волейболынан халықаралық турнирлердің жеңімпазы атануы да спортшының тағы бір қыры. Ол спорттың дәл осы түрінен ол Латвия, Англия, Польша, Словения, Босния, Германия, Грузия мемлекеттерінде өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы.
«Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші спортшының әлемдік додаларда жұлдызының жарқырай көрінуі әлбетте оның осы жолда бағыт-бағдар беріп келе жатқан жаттықтырушыларының арқасы. Ол туралы Ерболат Досыбайұлы:
– Спорт саласында өз жолымды қалыптастырып, халықаралық додаларды топты жарып жатсам, оның барлығы әлбетте бапкерлерімнің ерен еңбегінің жемісі. Осы тұста Отырып ойнау волейболынан Маңғыстау облысының бас жаттықтырушысы Нұралы Құлұшовқа, Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауовқа және Маңғыстау облысының жаттықтырушысы, ҚР Отырып ойнау волейболының бас жаттықтырушысының орынбасары Құралбек Сейдовке айтар алғысым шексіз. Мүмкіндігі шектеулі жандармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, олардың байрақты бәсекелерде олжамен оралуына мұрындық болып келеді. Осы кісілердің ерен еңбегінің арқасында біздер мынау әлемде мүмкіндіктің шексіз екендігін дәлелдеп келеміз. Осы орайда өзім қызмет атқаратын «Маңғыстау облыстық мүгедектік спорт клубы» елімізде салауатты өмір салтын насихаттап, дені сау ұлт құру мақсатында жанды жұмыс жүргізіп келе жатқандығын атап өткенім жөн , – деп түйіндеді сөзін спортшы.
Сөз соңында, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Ерболат Алтаевтың кезекті бір жеңісінде Алғыс хатын арнайы табыстап: «Сіз Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындарында жеңіске деген ерекше ерік-жігер мен табандылық танытып, биік тұғырдан көріндіңіз. Еліміздің мерейін үстем еткен бұл табыс – барша отандастарымыз үшін зор мақтаныш.
Спорт саласындағы жоғары жетістіктеріңіз үшін Сізге алғысымды білдіремін! Алдағы уақытта дла халықаралық жарыстарда жүлде салып, еліміздің абыройын асқақтата беруіңізге тілектеспін» деп өзінің ізгі ниетін білдіргені бар.
Мемлекет басшысының бұл қолдауы спортшыны одан әрі жігерлендіре түсері сөзсіз. Алдағы сындарлы сын: Париждегі XVII Жазғы Паралимпиада ойындарында кейіпкеріміз – Ерболат Алтаевтың топты жарып, қазақ елінің абыройын асқақтата беруіне тілектеспіз!
Гүлмира САДЫҚ