БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ: МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ВЕЛОШЕРУ ӨТТІ

БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ: МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ВЕЛОШЕРУ ӨТТІ

Елордада мемлекеттік рәміздер күінне орай бұқаралық велошеру ұйымдастырылды.

Велосипед маусымы басталғалы бері «Жасыл белдеу» аумағында 3-ші мәрте бұқаралық велошеру өткізіліп жатыр. Осы жолғы шара мемлекеттік рәміздер күніне арналды.

Астана қаласының 40%-ға жуық тұрғыны қандай да бір спортпен айналысады. Салауатты өмір салтын ұстануды тек қана сөзбен емес, іспен дәлелдеу керек. Бұған дейін өзім 5, 10 шақырым қашықтықтарда жүгіріп жүрсем, енді алғаш рет велосипедпен 25 шақырымды 50 минутта жүріп өттім. Ауа-райы да өте қолайлы. Барлығыңызды таза ауада серуендеп, спортпен шұғылдануға шақырамын, - деді қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов.

Дәстүрлі 25 шақырымдық қашықтықты бағындыруға 355 әуесқой спортшылар бас қосып, қатысушылар «Үркер» елді мекенінің «Жасыл белдеу» саябағына дейінгі қашықтықты жүріп өтті.

Зейнетке шыққалы 14 жылдан бері велосипедпен доспын. Күн жылы күндері тұрақты түрде таңертең жаттығамын. Былтырдан бері 7 велошеруге қатысыппын. Мен үшін бұл жарыс емес. Бұл – асықпай 1 сағатта таза ауада көпшілікпен әңгімелесуге жақсы мүмкіндік. Мемлекеттік рәміздер — түсінген адам үшін мағынасы өте терең. Туған жеріміздің қадірін білейік, - деді 68 жастағы Елеусі есімді қатысушы.

Спорттық шеруге тіркелгендердің арасында ең егдесі 72 жаста болса, ең жасы 5 жаста болды.

Жұмысымдағы бос уақыттың болуына байланысты бүгін бірінші рет достарыммен спорттық шараға қатыстым. Бұған дейін интернет беттерінде «Жасыл белдеуді» естігеніммен, шын өмірдегі әсері мүлдем бөлек екен. Тура жол, ешқандай кедергі жоқ, айналам жап-жасыл. Бұдан артық не керек, - деді 38 жастағы Данияр.

Мерекенің соңында қатысушылар арасында лотереямен ойнатылып, сыйлықтар табысталды.