Қазақстан – Сан-Марино матчынан кейін жанкүйерлер мен еріктілер стадионның қоқысын жинады
2023 ж. 18 қараша
7031
0
Астанада жанкүйерлер еріктілермен бірге Қазақстан мен Сан-Марино құрамалары арасындағы матчтан кейін стадионның қоқысын жинады, деп хабарлайды Kazinform елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елордалық еріктілер мен жанкүйерлер тобы Еуро-2024 іріктеу аясында Қазақстан құрамасының Сан-Марино командасына қарсы матчынан кейін «Астана Арена» стадионында қоқыс жинады.
Футбол жанкүйерлері мен елорда тұрғындарының белсенділігі ғана емес, олардың тазалығы кімді болмасын таңғалдырды. Өйткені тазалық жұмысына «Астана Жастары» КММ белсенділері мен еріктілері де, Астананың тұрғындары да атсалысты.
Айта кетейік, футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысы жетінші турында Қазақстан құрамасы Сан-Маринодан басым түсті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасының Сан-Марино командасына қарсы ойынына қолдау көрсету үшін «Астана Арена» стадионына келді.
Мемлекет басшысымен бірге ұлттық құрамаға қолдау білдіру үшін даңқты спортшылар, спорт ардагерлері мен мәдениет қайраткерлері де келді
Олардың арасында Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген, мини-футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Паулу Рикарду Фигейра Силва (Кака) және тағы басқалары бар.
Кездесу барысында қазақстандық футболшылар бірден шабуылға көшті. Десе де оған қарсылас құрама қорғаушылары лайықты төтеп бере білді.