МАРОККО ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛҒА ШЫҒЫП, СЕНСАЦИЯ ЖАСАДЫ

МАРОККО ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛҒА ШЫҒЫП, СЕНСАЦИЯ ЖАСАДЫ

Әйгілі Роналдудың жылаған күні

Бүгінгі әлем чемпионатының ширек финалында Марокко сенсация жасап, әлемнің әйгілі жұлдызы Криштиану Роналду ойнайтын фаворит команда Португалияны 1:0 есебімен ұтып, жартылай финалға өтті. 

Ойынның 42 минутында Жүсіп Ән-Нәсири баспен гол соғып, Марокконы жартылай финалға алып шықты. Бұл Марокко ғана емес, жалпы Африка елдерінің ішінде әлем чемпионатындағы тұңғыш жетіп отырған ең жоғары нәтиже!

2002 жылы Сенегал ұлттық құрамасы әлем чемпионатында ширек финалда ойнады. Бірінші ойынында әлем чемпионы болған Францияны ұтып, сенсация жасап, “Сенегал арыстандары” атанған болатын сол кезде. Сонымен қатар Камерун (1990 жылы), Гана командалары ширек финалға шыққан болатын.

Мароккоға бүйрегіміз бұрып тұрғандықтан, бұл жеңіс көңілімізді көтеріп кетті.

Марокко Португалияны жеңген бұл ойынының алдында Испанияны ұтқанын ойласақ, екі фаворит команданың да елеусіз деп саналған Мароккодан жеңілгеніне куә болдық. Әлем чемпионаты осындай тосынжайларымен қызық.

Сонымен, Жүсіп Ән-Нәсири баспен соққан жалғыз гол командасына жартылай финалға жол ашып, жасыл алаңнан әлемдік футбол жұлдызы Роналдуды жылатып жіберді…


Марокколық футболшылар түгел алаңның шетіне келіп жасыл алаңға тізе бүгіп, сәждеге бас қойғандай маңдайларын жерге тигізіп, Аллаға дұға жасады. 

Енді Марокко 15 желтоқсанда жартылай финалда бүгін түнде ойнап, Англияны 2:1 есебімен жеңген Франциямен ойнайды.

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні