Қанат Ислам шаршы алаңға қайта оралады
2021 ж. 05 қазан
9586
0
Кәсіпқой бокс әлемінде Qazaq лақап атымен танымал боксшы Қанат Ислам шаршы алаңға қайта оралмақ. Бұл жайында боксшының өзі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Құрметті менің жанкүйерлерім! Біз жекпе-жек жаттығуларына қызу дайындықтамыз. Иншалла, жақында жақсы жаңалықтармен бөлісеміз. Сіздерге Түрік елінен жалынды сәлем!», - деп жазды Қанат Ислам Instagram парақшасында.
Естеріңізге сала кетсек, Қанат Ислам (28-0, 22 КО) осы жылдың 20 ақпанында АҚШ-тың Флорида штатының Майами қаласында өткен айқаста эквадорлық Джейсон Миндуны (14-4-1, 8 КО) жетінші раундта нокаутқа түсірген болатын.
Сол кезде қазақстандық боксшының промоутері Нельсон Лопес The Ring-ке берген сұхбатында Қанат Исламның келесі екі жекпе-жегі осы жылдың маусым мен қыркүйек айларына жоспарланған айтқан еді.
Ал наурыз айында кәсіпқой бокс әлемінің инсайдтары мен жаңалықтарын жариялап жүрген Boxing Media UK твиттер-аккаунтында WBC нұсқасы бойынша дивизиондағы әлем чемпионы, американдық боксшы Джермалл Чарлоның (31-0, 22 КО) әлеуетті қарсыласы ретінде Қанат Исламның да қарастырылып жатқаны жазылды.