Маңғыстау жұрты Бекзад Нұрдаулетовті Токио олимпиадасына шығарып салды
2021 ж. 30 маусым
4180
0
Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов Токиода өтетін жазғы олимпиада ойындарында бокстан қазақ елінің намысын қорғайтын Бекзад Нұрдаулетов пен оның бапкері Марат Жәкиевты қабылдады.
23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапонияда өтетін олимпиадада Б.Нұрдаулетов 81 келі салмақта жұдырықтасады.
Аймақ басшысы әлем көз тіккен спорттық додада маңғыстаулық былғары қолғап шеберінің жұлдызы жанатынына сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Бекзадты баптаған Марат Жәкиевке алғысын жеткізді.
«Бүкіл қазақ елі сіздерге жеңіске жету жолында күш-қайрат пен ерік-жігер, қайсар спорттық рух тілейді! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында миллиондаған жанкүйердің жүрегіне Отанға, елге, жерге деген мақтаныш сезімін ұялатып, көк байрағымызды көкке көтеретіндеріңізге кәміл сенеміз! Туған елдің даңқын асырып, жаңа биіктерді бағындыруларыңызға шын жүректен тілектеспіз. Ақ жол, сәт сапар тілейміз!» деді С.Трұмов.
Б.Нұрдәулетовтың жеке бапкері Марат Жәкиев - Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушы. Бүгінде «Astana Arlans» командасының бас бапкері болып қызмет етеді. Ол осыған дейін әлем чемпионы атанған Ердос Жаңабергенов, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов сынды оғыландарды үлкен шаршы алаңдарға шығарып, жұлдызын жаққан жаттықтырушы.
Әлемдік аламанға Қазақтың намысын қорғауға аттанып бара жатқан Бекзад бауырымызға Көк байрақты көкке көтерер Жеңіс тілейміз! Алла жар болсын! Ақ жол!