Салауаттылық деген - өзіңді ізгілікке тәрбиелеу...
2020 ж. 02 қазан
1463
0
Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Біржан Жақыпұлы Жақыпов 2013 жылғы әуесқой боксшылар арасындағы Әлем чемпионы, 2005 жылғы Әлем біріншілігінің қола жүлдегері. 2008, 2012 және 2016 жылғы жазғы Олимпиадаларға қатысып, бәрінде ширек финалға дейін жеткен, бокстан үш Олимпиадаға қатысқан спортшы. 2008 жылғы Әлем кубогының қола жүлдегері, 2012 жылғы Қазақстан чемпионатының чемпионы әрі турнирдің ең техникасы шебер боксшысы атанған. Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, ҚР Президенті кубогының, Таиланд королі кубогының, «Химиктер»кубогының» («кішіәлем чемпионаты») жеңімпазы.
Біржан Жақыпұлының спорттық жолына қарап отырып, оның дәл осындай салауатты өмір сүріп, отбасы, ұлты мен Отаны үшін тер төккенін көресіз.
13 жыл бойы Ұлттық құрамадан өмірі бірінші боксшы болып, ел намысын абыроймен қорғап, отыз екі жасында спортпен қоштасқан Б.Ж. Жақыпов М.Әуезов атындағы ОҚО мемлекеттік университетінің денешынықтыру факультетін бітірген педагог-жаттықтырушы болғандықтан, 2017 жылы Шымкент қаласындағы бокс мектебі директорының орынбасары болып тағайындалды.
Біржан қиындықтарына қалай қайыспаса, жетістіктеріне де шектен тыс масайраған жоқ, байсалдылығын әрдайым сақтай білді. Даңғойлық, дарақылық сияқты теріс мінездерден аулақ болуы оған деген халықтың құрметін өсіре түсті. Оның барлығы да Біржанның өз бойында салауаттылықты жастайынан қалыптастырып, өмірлік дағдысына айналдыра білуінің арқасы.
Ұзақ жылдар бойы жастық жалынымен спорт саласында төккен тері, өзінен кейінгі жастарға салауатты болуда көрсеткен өнегесі еленіп, Қазақ боксына сіңірген еңбегі үшін Біржан Жақыпов 2014 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, Біржан Жақыпұлын ҚР ҚМ ЦСКА спорттық комитетінің басшысы Расул Мейірманов «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапаттап тұрып: «Біржан Жақыпов қазақстандық спорттың мақтанышы. Ол үш олимпиада ойындарына қатысып, оның әрбірінде ширек финалға дейін жетті. Ол әлем чемпионы атанып, басқа да халықаралық жарыстардың биік сатысына көтерілді. Мансабын аяқтағаннан кейін де Жақыпов салауатты өмір салты мен армиялық спортты насихаттап, көптеген жас атлеттер үшін еліктеуге тұрарлық тұлғаға айналды» – деген еді. Біржан бүгінде сол Қорғаныс министрлігіне қарасты Армия Орталық Спорт Клубында (ЦСКА) қызмет етіп жүр.
Біз қазақ спортының ардагері, бүгінде қорғаныс саласының әскери қызметкері Біржан Жақыпұлымен әңгімелесіп, егеменді еліміздің жастарының салауатты өмірге бейімделуі, оны өмірлерінің күнделікті дағдысына айналдыруы, жалпы мемлекетіміздің болашағы жастарымыздың Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жан-жақты білімді, тәлімді де тәрбиелі, замануи озық технологиялар мен жаңа салаларды меңгерген салауатты өмірді серік еткен жастарымыз елдің болашағы бола алады» дегеніндей атпал азаматтар болып өсуіне не ықпал ететіндігін сұраған едік.
– Жалпы, бала күннен от басында, қоршаған ортада дұрыс тәлім-тәрбие берілуі жас ұрпақты салауатты өмірге бейімдейді. Сол сияқты бүгінде мектептер жанынан құрылған патриоттық тәрбие беретін түрлі ерікті жасөспірімдер клубтары, ұйымдары мен үйірмелері бар. Соларда бүлдіршіндерді отаншылдыққа, спорт пен денешынықтыруға, жан-жақты болып өсуге тәрбиелейді.
Қазақстан армиясындағы бүгінгі жастардың арасында бала кезінен салауатты өмірге ұмтылып, өзінің білімі мен білігін ғана емес, дене қуатын, жаны мен қатар тәнін де шынықтырып, әскер қатарына шақырылғанда армияның жауынгерлік өміріне қиналмай-ақ тез төселіп кететіндері көп. Бірақ, жігіт болғанша салауатты өмірге мән бермей, жауапсыздық пен өзін қалай болса солай ұстап, зиянды әдеттерге үйір болып, уақыттың қадірін түсінбей, жастық шағын бос сенделумен өткізіп денсаулығын да, рухын да шыңдамаған жастар да кездесіп қалады. Ондай босбелбеулер үшін жауынгерлік өмірге төселуде қиындықтар болады. Дегенмен, әскери тәртіптің аты әскери тәртіп емес пе, әскерге шақырылғанда әлжуаз болып келген жасөсіпірмдердің көпшілігі азаматтық борышын өтеп, бейбіт өмірге оралғанда зіңгіттей шымыр жігіт болып, тәні мен бірге жаны да тазарып, шынығып, салауатты өмірге дағдыланып оралады. Олар азаматтық өмірге оралған соң алдарына мақсат қойып, соған ұмтылады. Өзінің отбасына қамқор болып, Отанының дамуына еңбек етеді.
Адамның жақсы болуы білімі мен тәрбиесінен. Ұлттық рухта тәрбиеленіп, біліктілігін биіктете алған әрбір жас өз отбасын ғана емес елін, оның болашағын ойлауға қабілетті. Сол үшін де салауатты өмір сүруді ғұмырлық әдетіне айналдырады. Салауатты өмір сүру дегеніміз темекі тартпау, арақ ішпеу, нашақорлыққа салынбау ғана емес. Салауатты өмір сүру үшін жастайыңнан өзіңді мақсаткерлікке, табандылыққа, мейірбандыққа тәрбиелеу. Әр күніңді селтеңдеп босқа өткізбей білім қайнарынан сусындау, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болу. Тек спорт емес, өмірде барлық мәселеде де алға қойған мақсатыңа жету үшін тер төгіп еңбектену, іздену. Өз отбасыңды жақсы көріп, ата-анаңды сыйлап, бауырларыңды жақсы көру, Отаныңды сүйіп қана қоймай, оның өркендеуі үшін жан-тәніңмен жұмыс істеу. Меніңше, салауатты өмір салты дегеніміз осы болса керек, – деді ол.
Спортта жеткен жетістіктерімен ғана емес, жастарға салауатты өмір сүру үлгісімен өнеге көрсетіп жүрген Біржан Жақыповтың өзінің де күнделікті өмір сүру дағдысы жасөспірімдердің салауатты өмірге бейімделуіне көрнекі өнегедей десек, артық айтқандық емес.
Аманғали СЕЙДАХМЕТҰЛЫ,
Шымкент қаласы
qazaquni.kz