Шымкент - спортшылар шаhары
2020 ж. 17 қыркүйек
1333
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы бірқатар спорт нысандарын аралап, ондағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Қала әкімі, алдымен, жеңіл атлетикалық спорт кешеніне барды. Аталған нысан 2011 жылы пайдалануға берілген. Жалпы аумағы – 4 946,6 шаршы метр. Қазір кешеннің сыртқы қасбеті жаңартылып, ішіне ағымдағы жөндеу жүргізілуде.
Бұдан кейін қалалық №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болды. Қазір мектептің спорт залы және бассейні күрделі жөндеуден өтуде. Мұнда шәкірттерді спорттың 8 түрінен жарысқа дайындайды. Білікті жаттықтырушылар 800-ден аса олимпиадаға үміткер балалардың шеберлігін шыңдауда.
Қала әкімі сала басшысына салаутты өмір салтын қалыптастырып, жастар арасындағы спортты дамыту үшін барлық спорт мектептерінің әлеуетін толық пайдалану қажеттігін айтып, нақты тапсырма берді. Айта кетейік, спорт нысандарындағы жөндеу жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Шымкентте 856 спорт нысаны бар. Қала спортшылары 2021 жылғы ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін 4 жолдама ұтып алды. Бұл айтарлықтай көрсеткіш.
З.Қабиоллаұлы
qazaquni.kz