МҰСТАФА ӨЗТҮРІК ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛҒАН БА?
2020 ж. 31 шілде
3828
0
Жалпы, қаймана қазақ үшін Мұстафа Өзтүрік марқұмның орны бөлек тұлға. Еліміз тәуелсіздік алардың алдында ғана атамекеніне келіп, қазақ жастарының бойына үлкен рух бергеніне біздер куәміз. «Таэквондо» атты спорт түрін дұрыс білмейтін қазақ үшін бұл дегеніңіз үлкен бір жаңалық пен жаңғыру болды десек, артық айтқандық емес. Сол кезде Мұстафа марқұммен «Жетісу» қонақ үйінде жеке дара кездесіп, сұхбат алған журналистердің бірі өзім болғаныма қуанамын. Ол кезде «Жас алаш» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет істейтінмін. Сұхбат «Жас алаш» газетінің 1991 жылғы 14 маусымдағы нөміріне «Атажұртты сағынып, тағы келдім» деген тақырыппен жарияланған болатын. Біз екеуміз екі сағаттан артық әңгімелестік. Ойымдағы сұрақтардың бәрін қоюға тырыстым. Сол кезде бір байқағаным, оның өте зеректігі мен шешендігі, байқампаздығы және атажұртқа аяқ басқандағы шексіз қуанышы еді. «Мен қазір айықпас дертке шалдықтым. Ол – атажұртты сағыну дерті» деген сөзі құлағымда қалып қойды. Сонымен қатар, әңгіме арасында біздің елімізде ана тілінде сөйлей алмайтын қаракөздердің тым көп екенін тілге тиек етіп, «Бір орыс отырған жерде жүз қазақтың орысша сөйлейтініне түсінбеймін. Мен алты тіл білемін. Алайда, өз тілімді әрқашан жоғары қоямын. Мысалы, біздер, сыртта жүрген қазақтар үйде тек өз тілімізде ғана сөйлесеміз» деп қатты қынжылғаны да есімде.
Иә, аты аңызға айналған адамның артында даңқы мен дақпырты да қоса жүретіні ақиқат. Мұстафа жөнінде небір кітаптар да жазылды, деректі фильм де түсірілді. Әңгіме арасында: «Сіз әлемде мұсылман қауым ішінде 6 данға ие болған жалғыз адам екеніңіз рас па?» деп сұрағанымда: «Мұсылман қауым ішінде 6 данға ие болған адамды өз басым кездестірген жоқпын» дегенін өз құлағыммен естігенім бар. (ол кезде Мұстафада 6 данның иегері болды. Жетінші данды кейін алды). Алайда, кейбір ақпарат көздерінде әлі күнге дейін Мұстафа Өзтүрікті «жеті дүркін әлем чемпионы» деп жазып жүргендер кездесіп қалады. Мұстафа таэквондодан әлем чемпионы болған емес. Оны өз аузынан естігем. Және де әлі күнге дейін Мұстафа бауырымыздың таэквондодан 7 данға ие болғанынан басқа әлемдік және халықаралық жарыстарда қандай жетістіктерге жеткендігі жөнінде толыққанды ақпарат жоқтың қасы. Алайда, ол өте керемет талантты спортшы және мықты ұйымдастырушы екенінде дау жоқ. Сыртта жүріп, Мюньхен мен Стамбулдан өзінің таэквондо мектебін ашу да оңай емес. Сонымен қатар, таэвондо спортында жеті дан деген керемет жетістік. Себебі, Мұстафаның аты әлемге мәшһүр онтүстік кореялық ұстазы Парк Хе Манның өзі 10 данның иегері болған. Мұстафа ұстазы туралы: «Ұстаздардың ұстазы. Мұсылман қауымының ішінде одан тәрбие алан жалғыз мен ғанамын» деп мақтанышпен айтатын. Мұстафа тіпті бірнеше киноға да түскен. Алайда, сценарийдің шалалығынан аталмыш фильмдер қалың көрерменге жол таба алмады. Қалай дегенмен де, атажұртын аңсап келіп, қазақтың маңдайына сыймай кеткен осы бір дарабоз азаматтың есімі тарих көмбесінде көміліп қалмайтыны белгілі. Өзі таэквондодан әлем чемпионы болмаса да, қазіргі уақытта әлемдік ареналарда атойлап шәкірттері шығып жатыр. Оның арманы -халықаралық ареналарда қазақ азаматтарының еліміздің көк туын көтергенін көру болатын. Сол күнге жете алмағаны ғана өкінішті. Тіпті, заманның қиын кезінде қазақ жастарын халықаралық жарыстарға апару үшін демеушілер іздеп жүргенін де өз көзіммен көргенмін.
Иә, уақыт өтер, заман да өзгерер. Алайда, біздің елімізде «Таэквондо» спортындағы жетістіктер туралы сөз қозғалса болды, оның артында әрдайым Мұстафа Өзтүріктің есімі жаңғырып тұрары сөзсіз. Себебі, кез-келген игілікті істің негізін қалап, аяғынан қаз тұрғызған адамның аты ешқашан өшпек емес.
Бекен Нұрахметов,
Қазақ үні