Қазақ футболының көсегесі қашан көгереді?
2020 ж. 28 маусым
1804
0
Бүгінде ала доптың қызығын барлық әлем көруде. Ең көп жанкүйерлер қатары да аяқдоп өнерінің еншісінде. Футболдың арқасында көптеген мемлекеттер әйгілі болып, экономикасы және туризмі дамуда. Ал біздің елімізде осындай жағдайға қашан жетпек? Таяуда Ресейде өткен әлем чемпионатына қатыса алмадық. Бұл қазақ футболының тарихындағы ең жақын әлем чемпионаты болған. Ресей төңірегінде ойнаған алпауыт футболшылардың қатарында өз еліміздің футболшылары қатыса алмағандығы өте өкінішті.
Алайда, елімізде футболды дамыту үшін көптеген, түрлі амалдар жасалды, жасалып та жатыр. Ең алдымен саны емес сапасы маңызды. Сол амалдар өз орнын тауып, оң нәтижесін беріп жатқан сәттері де бар. Чехия, Словакия сынды елдерден ұтып жатқан жайымыз да бар. Бірақ қазіргі футболымыздың даму барысын әлемнің басқа елдерімен салыстыруға мүлдем келмейді. Кейде еріксіз мүмкін футбол біздің қанымызда жоқ, бізге керек емес спорт түрі ме деп те ойлайсың?! Ондай шешім қабылдамай тұрып, қандай мәселелер футбол ойынының дамуына кедергі келтіріп отырғанын бір саралап көрсек.
Қазақ футболындағы өзекті мәселелердің бірі: ұлттық құрамалардағы қазақ санын көбейту. Қанша дегенмен ұлттық рух пен намыс бізді жеңіске жетелейтіні сөзсіз. Шетелдік спортшыларға қыруар қаржы жұмсап, олардың жағдайын жасағанша, өзіміздің қаракөз қазақтармен жұмыс істеу керек. Дайын асқа тық қасық болмау керек. Футбол ойындарының ойыншыларымен қата, жаттықтырушымен де дәл сондай жұмыстар атқарылуы тиіс.
Футболшыларымыздың физиологиялық және психологиялық дайындықтарымен қатар, рационына да қатты көңіл бөлінсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Өздерінің арнайы диетологы, психолог мамандары болса да артықтық етпейді.
Тағы да өзекті мәселе ол халқымыздың футбол ойынына немқұрайлықпен қарауы деп есептеймін. Біздің қоғамда «футболшы» дегенді арнайы мамандық түріне жатқызудың өзі қиын. Көптеген ата-аналар балаларының футболшы болғанынан, мемлекеттік қызметкер болғанын қалайды. Жәй ғана қызығушылық, хобби ретінде қарауы футбол ойындарының дамымауына әкеліп соғады. Сондықтан, футбол ойынына заттық жағынан емес, рухани жағынан да дайын болуымыз керек. Әсіресе, ауылды жерлерде, шағын елдімекендерде стадион, секциялар ашылып, солардың жұмысын жандандыра түссек өз жемісін берері сөзсіз. Сонымен қатар, еліміздегі атақты футболшыларды, мықты жаттықтырушыларды жіберіп тәжірибе алмасып, жұмылдыра жұмыс ісетесе, шетелден бір мысқал да кем түспейтін күнге жетеріміз анық.
Тәуелсіздікті алғанымызға отыз жылға жуықтап, дамудың даңғыл жолына түскен осынау кезеңде елімізде тек қана ұл балалардың футболы ғана емес, қыз балалар футболын дамыту мәселесі қолға алынып келе жатқаны көңіл қуантады.
«Ешқандай фильм мұнша дәл футболдағыдай көрермен тарта алмайды» – деген екен кеңестік режиссер, суретші Сергей Эйзенштейн. Бұл сөзге қазіргі әлем футболы дәлел бола алады. Футболдан әлем чемпионы болған Франция осынау жеңісін 20 жыл күтті. Екінші орынға ие болған Хорват елі де әлемді бір таң қалдырып тастады. Қазақстан футболының да көсегесі көгеріп, айы оңынан туар күнге жетеміз деген сенімдеміз.
Кенесары СЕЙДАЛИЕВ
qazaquni.kz