ЖАҢБЫРБАЕВТЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ
2020 ж. 24 мамыр
1853
0
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР құрметті спорт қайраткері, «ФИЛА» Халықаралық Күрестер қауымдастығының «Алтын қыран» орденінің иегері, Аса жоғары дәрежедегі халықаралық төреші, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы Бақыт Жаңбырбаев жемісті жетпіске келіп отыр.
Б.Жаңбырбаев атында күні бүгінге дейін жиырма төрт халықаралық деңгейдегі жарыс өткізіліп, оның барлығында дерлік темір тұлпар тігіліп, Өзбекстан, Қырғыстан, Тәжікстан, Ресей сынды көрші мемлекеттерден балуандар қатысып бақ сынап, сый-сияпатқа ие болғанын халық жырқылып айтып жүр. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Бақыт Жаңбырбаевтың талай дүбірлі додаларда шашасына шаң жұқтырмаған шәкірттері ел мақтанышына айналып, ұстаз абыройын асқақтатып жүр. Оқырман назарына елдің ерекше ықыласына бөленген елағасы туралы лебіздер ұсынылып отыр.
ЖАҢБЫРБАЕВТЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ
Бақыт Жаңбырбаев. Бұл кісінің спортттағы даңқы дүйім жұртқа мәлім. Сондықтан, мен бүгін бұл жағына емес, оның азаматтығы мен адалдығына, қабілет-қарымына тоқталмақпын. Жасыратын несі бар, спорт саласында жүрген көптеген азаматтарымыз дене қимылына, яғни іске ширақ болғанымен сөзге келгенде шорқақ болып жатады. Ал, Жаңбырбаевтың бойына Жаратқан иеміз шешендік өнерді де дарытқан. Құдайдың өзі берген қабілеті деп қадап тұрып айтсақ та жарасатындай. Өйткені, кейіпкеріміз Тіл маманы емес. Бәзбіреулер секілді осы саланы төрт-бес жыл оқымаған да. Алайда, ана тіліміздегі сөздердің құрылымы мен мән-мағынасын талдағанда тіпті, кәнігі мамандардың өзін таң қалдыратын деңгейде. Мұны бір деңіз. Содан соң сөзі мен ісінің арасы алшақтамаған. Әсіресе, уәдеге берік. Сөзге де, іске де батыл. Ол осы бір қасиетінің арқасында Оңтүстіктің Мырзашөл өңірінде зор абыройға ие. Туған жеріндегі ел-жұрттың алдында қадірлі. Бұл орайда мына бір жағдайды айта кеткен жөн, Мырзашөл өңіріне шоғырланған рулар өздерінің ішкі бірлігіне аса мән береді. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстарды олардың арасынан шыққан көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар жүргізіп отырады. Мәселен, біз сөз етіп отырған Бақыт Жаңбырбаев тек руластарына ғана емес, өзге ағайындарға да өз қамқорлығын, ақылын аямайды. Әсіресе, кез келген жастың жүрегінен от көрсе, оны өзіне қарай тартып кететін қасиеті бар. Үлкенге де, кішіге де бірдей қарайды. Кісінің дүниесіне, мансабына емес, алдымен адамдығын таразылайтынына өз басым талай рет көз куә болдым. Алдына «аға» деп барған кіші толқынның алдында «үлкен басын кішірейтіп», соның деңгейінде сөз сабақтайды. Оңтүстіктің бәзбір өркөкіректері секілді «маған өткізіп қойғаның бар ма еді?» деп кісімсіну бұл кісіде жоқ. Сірә, жетпіс жасқа таяған бүгінгі шағына дейін зор абыройлы болып жүруінің бір сыры осында жатса керек. Өз басым бүгінде бұл кісімен рухани доспын. «Бір нәрсе өткізіп қоймасам да» мені бауырым деп қашан да ағынан жарылып тұрады. Қысқасы, осы кісінің адамдық жолын алдағы өміріме азық еткім келеді. Аман болыңыз, Бақыт аға. Ерлыбай ӨЗБЕКБАЙҰЛЫ, журналистБақытыңды таптың ақыр Күрестен
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «ФИЛА» Халықаралық Күрестер қауымдастығының «Алтын қыран» орденінің иегері, белгілі бапкер Бақыт Жаңбырбаевқа
Тура келген апатқа бұл жоқ айла, Тар төсекке таңылдың сен көп айға... Боз кілемде ойнақтаған балуанға, Бозарып-ақ жату деген оңай ма? Қайрауында жігер менен намыстың, Сегіз жүз күн аурумен алыстың. Рухыңды түсірмедің жыр оқып, Әр ақыннан алып жаның әр ұшқын... Білектің жоқ... Жүректің көп дірілі... Сазға бөлер Сабырханның сыры, үні... Қадыр қайрап, Мұқағали мұңдасып, Сезім шайқар Тұманбайдың тұнығы... Тағдырымен тайталасып тірескен. Ақынжанды ең жүрегінен жыр ескен. «Өмір күрес» дегендей-ақ, өр аға, Бақытыңды таптың ақыр Күрестен. Келісті ерден кете қоймас бақ көшіп... Талай тарлан шәкірттерің жатты өсіп. Алыс-жақын жатыр бүгін дүрлігіп, Атыңдағы жарысқа да ат қосып... Қажымұқан қайрат берген қалпыңда, Нағыз бапкер атандың сен нар тұлға. Талай тойда қызмет еткен тамада ең, Тамашаңды тойлауда енді халқың да... Жемісін де төгеді ағаш жерінде, Ел ішінде ие болдың сенімге. Кілемде де көрмеп едің жығылып, Өмірде де ешуақытта жеңілме! Қазыбек ИСА, 1995 жыл