Сыр спортындағы серпіліс
2013 ж. 14 қаңтар
2777
0
Егемен Қазақстан тарихында тұңғыш рет екі дүркін олимпиада чемпионы қайдан шыққанын білесіз деп ойлаймын... Әрине, Қызылордадан. Илья Ильиндей алыпты жаратқан Сыр топырағы сол жемісті жеңісті бүгін де жалғап келеді.
Сыр спортында серпіліс бар деп бекер айтып отырғанымыз жоқ. Соңғы жылдары аймақтағы спорт саласының қай түрінен болса да, алға жылжу бар екені айқын көрініп тұрады. Әрине, бұл орайда, облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың спорт саласына айрықша көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етуіміз қажет. Илья Ильин секілді екі дүркін олимпиада чемпионын түлеткен топырақ – Қызылорда өңіріндегі спорт саласының жетістіктері елдің көз алдында. Біз өңірдегі оң өзгерісті бүгін де саралай кетуді жөн санадық.
Оғландары көп облыс
Жалпы, спорт қазір туризммен қатар жүретін сала. Сондықтан бұл екі ұғымды ажыратып жатпай-ақ, жалпылама шолуды жөн санадық. Елбасының тапсырмасына сәйкес, және Облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың тікелей басшылығының нәтижесінде Қызылордадағы спорт саласында ілкімді істер атқарылып жатқанын айта кетуімiз керек. Басқасын айтпағанда, Лондон олимпиадасына Сырдың бірнеше батыр ұл-қыздары қатысты. Қазалылық Марина Вольнова Қазақстанның, оның ішінде Қызылорданың қоржынымызға қола медаль салғанын ұмытпайық. Бұл да болса біздің мақтанышымыз. Оғландары көп облыста оң істердің ондаған мысалдары бар.
Әрине, әр нәрсенің өз дерегі мен дәлелі болу керек. Садық Мұстафаев секілді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт қайраткері, халықаралық дәрежедегі төреші басқаратын облыстық туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасы үлкен істердің үдесінен шығып отыр. Әрине, жақсы жаңалықтардың бастауында облыс әкімі Болатбек Баянұлының тұрғанын да айта кеткеніміз орынды.
Мәселен, дене шынықтыру және спорт саласы бойынша саралайық. Басқарма мамандарының мәліметінше, облыста өткізілетін бұқаралық, спорттық және дене шынықтыру сауықтыру іс-шараларынының саны жыл санап артып отыр. Айталық, 2011 жылы 1440 іс-шараға 419 мың 200 адам қатысса, 2012 жылы 1513 іс-шара өтіп, оған 423 мың 982 адам тартылған. Демек, бұл орайда ұйымдастырушылық жұмыстардың айрықша рөл атқаратынын білуге болады.
Шыны керек, жасалған жұмысты көрсету үшін құрғақ сөзді көпіртудің қажеті жоқ. Сандарды сөйлетсең, сапаның өзі шыға келеді. Аймақта есепті кезеңде спартакиада, спорт түрлерінен чемпионаттар мен турнирлер өткізілген. «Бәрің де жарысқа» атты «Нашақорлыққа жол жоқ!» ұранымен жалпы білім беретін орта мектептер арасында баскетболдан, футболдан мектеп оқушылар арасында облыстық турнир болды. Сол секілді Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған самбо күресінен халықаралық жарыс, жауынгер-интернационалист Батыржан Шалғынбаевты еске алуға арналған футзалдан, КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Тимур Сегізбаевтың жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында футболдан облыстық турнирлердің өткізілгенін айта кетуге тиіспіз. Шағын ғана ауданда жаһандық деңгейдегі жарыс жасау кез келген аймақтың қолынан келе бермесі анық.
Мемлекеттік мекеме, департамент, комитет қызметкерлерінің «Президенттік миля» айлығын айта кетуге болады. Қатысушылар 2400 м қашықтыққа жүгірді. Сол секілді футболдан «Былғары доп – 2012» жүлдесіне арналған спорттық-бұқаралық жарыстар өте жоғары деңгейде өтті. Тағы бір айта кетерлігі, облыс әкімінің жүлдесіне арналған мемлекеттік қызметкерлер арасындағы сайыс және ауыл спортшыларының XXVI «Алтын күз» облыстық спартакиадасы елдің есінде қалды. «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған қазақ күресінен, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Болатбек Сүлейменов атындағы жастар арасында дзюдо күресінен, Еңбек ардагері Мөрәлі Шәменовті еске алуға арналған жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен дәстүрлі республикалық турнирлер жүріп, халықты салауатты өмір сүруге тарту бағытындағы жұмыстар жасалды.
Биыл елімізде алғаш рет Тұңғыш Президент күні аталып өтілді. Ел еншісіндегі елеулі күнге Сыр спортшылары да өз үлестерін қосты. Бұл күні ауыр атлетикадан жекелей жаттығулар бойынша ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының ашық жеке-командалық кубогі ұйымдастырылды.
Сыр елінде дәстүрге айналған тағы бір шара бар. Соңғы жылдары барлық аудан және облыс орталығында «Олимпиада күні» өткізіледі. Үш кезеңнен, үш жас ерекшеліктері бойынша қазақ күресінен «Алтын белбеу» жастар арасындағы жарысы бір мезгілде ұйымдастырылады. Сайыпқырандар сайысына жыл санап қызығушылық танытатындардың қатары артып келеді. Біз ойлаймыз, бұл да спортқа бүгінгі буынды тартып, салауатты өмір сүруге үндеудің бірден бір жолы.
Елдік спорттың ертеңі зор
Бұқаралық спорт. Осы сөз тіркесі бүгінгі таңда үлкен-кішіні салауатты өмірге баулудың бірден бір жолы екені анық. Мемлекет басшысы, бұқаралық спортты дамытуға қажеті басымдықтарды белгілеп берді. Ол туралы жиі айтады. Бұл бағытта Қызылорда облысында жасалып жатқан жұмыстарға шолу жасап көрейік. Сөз орайында Садық Мұстафаев бізбен былай ой бөліскен-ді:
– Елбасының өзі елдік спортты алға жетелеуге қатысты барлық тапсырманы атқарушы билікке жүктеп жүр, – деді ол. – Бұқаралық спорт түрлерімен жүйелі айналысу - үлкен спортқа барардағы алғашқы баспалдақ. Және салауатты өмір салтын қалыптастыру, шылым тарту, ішімдік ішу, нашақорлық сияқты әлеуметтік зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстап, қоғамдық тәртіпті бұзушылық пен қылмыстың алдын алудың негізгі тиімді әдістердің бірі. Бұл орайда, аймақ басшысы Болатбек Баянұлының бастамасымен жүйелі жұмыстар жасалып келеді. Мәселен, 2012 жылға осы мақсатқа облыстық бюджеттен 92,8 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезеңде 206 штаттық бірлік негізінде 273 спорт нұсқаушысы 138 елді мекенде жұмыс істейді. Сараптап қарасаңыз, бұл дегеніңіз, 37080 адамды жүйелі дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға баулуда деген сөз!
Ол ол ма. Өңірде балалар мен жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін спортты алға тарту жолға қойылған. Мәселен, әртүрлі себептермен ішкі істер органдары есебінде тұрған жасөспірімдер арасында 35 іс-шара жасалған. Есептегі балаларды балалар мен жасөспірімдерді спорт мектептеріндегі оқу топтарына тарту мақсатында 17 «ашық есік» күні ұйымдастырылған. Шет аймақтағы жастардың спорт нысандарына қол жетімділігін арттыру мақсатында № 2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің ойын залына аптасына 3 рет футбол, волейбол топтарында шұғылдануға жағдай жасалынған. Міне, еңбек қана емес, спорт та әлемнің әміршісі екенін осындай өңірдегі өнегелі істен аңғаруға болады.
Спорт шеберлерінің отаны
Сөз басында айтып өткеніміздей, Садық Мұстафаев сынды Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы бар өлкеде спортшы мамандардың біліктілігіне айрықша назар аударылып отырғанына күмәніміз жоқ. Қалай дегенмен жас спортшыларды қолдау ертеңгі жеңістің алғы шартын жасау.
– Жоғарыда айтып өткенімдей, – деді Садық Шоңмұрынұлы, – бұқаралық спортты дамытумен қатар бәсекеге қабілетті біліктілігі жоғары спортшыларды әзірлеу жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі таңда 5 Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 44 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 159 спорт шеберлігіне үміткер бар болса, 154 І разряд нормативтегі спортшылар дайындалды.
Облыс спортшылары спорт түрлерінен халықаралық жарыстарда (Әлем және Азия чемпионаттарында) 14 алтын, 10 күміс, 16 қола медалді Қызылорданың қанжығасына байласа, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 95 алтын, 97 күміс, 133 қола медаль жеңіп алды. Бұл – үлкен жетістік!
Мысалы, Чехияда қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан өткен Әлем чемпионатында Әсел Дәлиева, Фарида Әуесбаева және Хакімжан Елеусінов жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Мына бір мәліметке де назар аударыңыз. Әзербайжанның Баку қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында еркін күрестен 42 келі салмақта өнер көрсеткен Айтуған Жанжігітов пен Жаңа Зеландияның Иверкаргилл қаласындағы велотректен жастар арасындағы Әлем чемпионатында Роберт Гайнеев қола жүлдеге ие болды.
Сонымен қатар, стенд атудан студенттер арасындағы IV әлем чемпионатында ҚР ерлер құрама командасында Максим Коломоец жалпы командалық есепте үшінші орынды иеленді. Ал ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында Словекияның Кошице қаласындағы Әлем чемпионатында 77 келі салмақта Ғалымбек Жұбатқанов қола жүлдені қоржынға салды. Жеңісті күндер жалғаса берді. Польшадағы Әлем чемпионатында Ербол Науанов жастар арасында 83 келі салмақта чемпион атанса, 66 келі салмақта Елдос Ермаханов күміс жүлдені иеленіп, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.
Толағайлар туралы тізімді жалғастыра беруге болады. Жасалған іс, оң өзгерістер мұнымен бітпейді. Мәселен, Қытайдың Тайпей қаласында өткен Азия чемпионатында дзюдошы Бауыржан Жауынтаев алдына жан салмай, жасөспірімдер арасында чемпион атанды. Сол арқылы ҚР спорт шебері болып оралды. Ташкент қаласындағы Әлем кубогінде каратэ-до-дан жастар арасында Мөлдір Жаңбырбай да жеңімпаз атанды. Болгарияның София қаласында өткен Әлем чемпионатында самбо күресінен жасөспірімдер арасында Мақсат Исақабылов 81 келі салмақта қола жүлдеге ие болса, Мьянманың Янгон қаласындағы Азия чемпионатында ауыр атлетикадан жастар арасында Нұрсұлтан Рахатов 77 келі салмақта күміс жүлдеге ие болды.
Сыр спортшыларын ұлттық құрамалар сапынан көп көресіз. Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасына 217 қызылордалық спортшы енген. Оның ішінде: негізгі құрамада 87, жастар құрамасында 54, жасөспірімдер құрамасына 76 спортшы бар.
Есепті кезеңде 6 – «Біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы», 2 – «Қазақстан Республикасының жоғарғы санатты ұлттық спорт төрешісі», 2 – «Қазақстан Республикасының ұлттық спорт төрешісі», 6 – «Біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы», 2 – «Біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты әдіскер» санаты беріліпті. Осындайда, сүйінерге жарар ұлдарға, тек сүйсіну ғана қолдан келері...
Олимпиада алтыны тағы да – Сыр елінде...
Әңгіме Лондон олимпиадасы туралы болғанда Қызылордасыз сөз қозғаудың өзі артық. Лондон қаласында өткен ХХХ-шы жазғы Олимпиада ойындарына, жоғарыда айтып өткенімдей, облыстан 6 спортшы қатысты. Илья Ильиннің жеңісі неге тұрады! Сыр саңлағы 94 келі салмақта 418 келіні бағындырып, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанғанында күллі Қазақстан табанынан тік тұрды. Оғлан арқылы әлем Қазақстан, Қызылорда деген сөз тіркестерін әлденеше рет күбірлеген болар бәлкім.
Ильяның салмағында Алмас Өтешовтің 7-орынды місе тұтқанын білеміз. Ал 105 кг салмақта Александр Зайчиков 12-орынға сырғыды. Еркін күрестен Дәулет Ниязбековтен (55 кг ) сырбойылықтар үлкен үміт күтіп еді. Алайда оған бұйырғаны 5-орын. Жеңіл атлетикадан Виктор Лептиков 400 метр кедергілер арқылы жүгіруде 43-орынға тұрақтады. Білеміз, облыс саңлақтарын олимпиада бітісімен зор құрметпен қарсы алып, сый-сияпаттар жасағанын. Қадірлесең осылай қадірле, қуансаң осылай қуан!
Зілтеміршілер дәстүрі жалғасады
Жоғарыда айтып өттік. Тұңғыш Президент күніне спорт саласының қандай шара ұйымдастырғанын. Сол жағымды да жұғымды жаңалықты жалғастырсақ. 2012 жылдың 1-5 желтоқсан аралығында Қызылорда қаласында ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының ашық жеке-командалық кубогі өтті. Жарыс жекелей жаттығулар бойынша болды. Сайыпқырандар сайысына Астана, Алматы қалаларынан және облыс орталықтарынан 150-ден аса қатысқан зілтеміршілер келіп, бақ сынасып, кімнің мықты екенін анықтады.
Жолбарыс жұлқысындай жарыс ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, Қызылорда облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы, ҚР Ауыр атлетика федерациясы мен облыстық ауыр атлетика федерациясының ұйымдастыруымен өткізілді. Зілтеміршілер бәсекесінің бір ерекшелігі бар. 94 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған спортшыға облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы тағайындаған 150 мың теңгенің сертификаты мен екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин атындағы кубок сарапқа салынды. Өйткені 94 келі Илья Ильин жеңіске жеткен салмақ! Бұл жүлдені айқын басымдықпен ХХХ-шы жазғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, жастар арасында Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Александр Зайчиков ие болды. Шаппай бәйге алды деген осы. Ақшалай сыйлық пен Илья Ильин атындағы кубокты Ильяның өзі жеңімпазға табыстады.
Зілтеміршілер салған даңғыл дәстүр өз жалғасын табады деген сенімдеміз. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дейді қазақ. Алыптардың мекені – Қызылорда бура сан, атан жілік жігіттерін үлгі ету арқылы кейінгі жасты үлкен спортқа жақындатудың бірден бір жолы осы да деген ой түйдік.
Тағы айта кетейін, бұл дүбірлі доданың өтуіне аймақ басшысының ықпалы үлкен болды.
Мүмкіндігі шектеусіз спорт
Паралимпиада. Лондондағы паралимпиада ойындарына еліміз бойынша 7 спортшы қатысқанын білеміз. Бұлардың ішінде 3 бірдей спортшының Сыр елінен шыққанын және білеміз... Кабира Асқарова Пауэрлифтингтен (жатып штанга көтеру) әйелдер арасындағы 44 килограмм келі салмақтағы спортшылар бәсекесінде жетінші орын алса, Айбек Әбжан (60 келі) тоғызыншы орынды қанағат тұтты. Жеңіл атлетикадан Ислам Салимов 400 метрге жүгіруден оныншы орынды иеленсе, ұзындыққа секіру жарысына да қатысып, 12-орынға тұрақтады. Спортта мүмкіндіктің шектелмейтінін осыдан-ақ білуге болады. Ақиқаттан аттамау керек, өзгелерге қарағанда осы үш спортшының жеткен жетістігі жоғары болды.
Жағдай жасалып жатыр...
Әрине, спорттан үлкен нәтижеге жету үшін материалдық-техникалық жағдай үлкен рөл атқарады. Бұл бағытта Сыр өңірінде серпінді істер бар екенін екшей кетейік. Саланың материалдық-техникалық базасын дамыту жұмыстары жалғасуда. Мемлекеттік жеке әріптестік аясында теннис орталығының екінші кезеңі аяқталды және Спорт кешені (мұз айдыны) құрылысы жалғасуда. Үстіміздегі жылы облыс көлемінде жоспарланған 86 шағын спорт алаңы ашылды. Айта кетейік, соңғы 5 жылда облыста 244 спорт алаңдары бой көтерсе, 2013 жылы тағы 56 алаң салынады.
Спорт нысандарының қатарын келесі жылы Қызылорда қаласында бой көтеретін ауыр атлетикамен шұғылданушыларға арналған спорт кешені толықтырады. Оған – екі дүркін Олимпиада чемпионы, үш дүркін Әлем чемпионы Илья Ильиннің есімі берілетін болады.
Өткен жылы облыста алғаш рет көркем гимнастика секциясы (80 бала), стендтік ату (38 бала), кикбоксинг (50 бала) секциялары жұмысын бастап, қазір олар көпшілік сұранысына ие болды. Бұл түрлі жастағы 168 баланы спортқа тартуға мүмкіндік берді. Енді екі спорт залы ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Бұған қосарымыз, Еуразия спорт кешені күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңарып, жаңғыртылды. Және бір спорт мектебі шаңырақ көтереді.
Сүйіншілеп айтар тағы бір іс. Үстіміздегі жылы Сыр елінде бессайыс және ескек есу спорты жолға қойылды. Бұл жаңалық келешекте осы спорт түрлерінен Қызылордадан чемпиондар шығады деген үміт сыйлайды.
Бұл орайда облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың жасап отырған қолдауын айтпай кетуге болмайды. Қараңыз, спортшы үшін де, қарапайым халық үшін де егер жағдай жасалмаса, база жоқ болса, онда кімнен қандай нәтиже күтесің? Ал егер жарағың сай болса, жаттығуыңды өткіз, сосын нәтиже сұра. Міне, облыстағы оңды істің бірі осы.
Туризмге түрен түсті
Спорт басқармасы құзіретінің бірі – туризм саласын дамыту болса керек. Сыр өңірінің туристік маршруты кең, әрине, оны пайдалана алу жағдайы қалай екеніне байланысты...
– Туризм – бұл табыс көзі. Әрі елдің табиғи, тарихи құндылығын сақтай отырып, оны өзгеге көрсете білу. Қазіргі таңда облыс бойынша туристік қызметті жүзеге асыратын және турды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді ұсынатын субъектілердің барлық саны 57-ні құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға өскен. Оның ішінде туристік қызметті жүзеге асыратын субъектілер саны 11 ( 8 туристік фирма мен 3 дара кәсіпкер), тұруды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді ұсыну бойынша 46 (кәсіпорындар саны – 15, дара кәсіпкерлер 31) болып отыр.
2012 жылы туризм саласының аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 7588,0 мың теңге бөлінді. Бұл сала үшін аймақ басшылығының үлкен қолдауы, – дейді Садық Мұстафаев.
Жоспарға сәйкес бұл қаржы облыстың туристік мүмкіндіктерін бейнелейтін ақпараттық-жарнамалық материалдарды дайындауға, 3 Халықаралық көрмеге қатысуға, туризм саласын дамытуға байланысты республикалық семинар ұйымдастыруға және «Қамыстыбас демалыс аймағы» туристік жобасын жүзеге асыруға бөлінген 494 га жерді заңдастыруға жұмсалып жатыр екен.
Туризмге түрен салу үшін бірқатар ілкімді тірліктердің басы қайырылған. 2012 жылы наурызында Германияның Берлин қаласында өткен ITB-халықаралық туристік көрме жұмысына басқарма өкілдері Қазақстан Республикасы делегациясы құрамында қатысып қайтқан. Шараға 187 ел барғанын ескерсек, қаншалықты маңызды екенін бағамдай беріңіз.
Көрмеге сырбойылықтар Ғарыш Айлағы «Мега кешені» және «Қамыстыбас» демалыс аймағы инвестициялық жобаларын апарған. Аталмыш жобаларға инвесторлар қызығушылық танытыпты. Бірігіп жұмыс жасау жөнінде бірнеше ұсыныс білдірген. Әсіресе, Байқоңыр қаласындағы туризмге байланысты шетелдіктердің сұранымы жоғары болды.
Сыртқы байланысы мұнымен шектелмейді. Басқарманың стратегиялық жоспарына сәйкес, сәуір айында Ақмола облысы Зеренді ауданында өткізілген туристік жәрмеңкеге облыстың 3 туристік мекемесі барған. Көкше өңіріндегі жазғы тынығу лагерлері, туристік базалар, демалыс үйлері, санаториялар және пансионаттармен қызылордалық делегация жеке келісім шартқа отырды.
Басқарма өкілдері 2012 жылдың сәуірінде Алматы қаласында Қазақстандық Халықаралық «KITF-2012» «ТУРИЗМ ЖӘНЕ САЯХАТ» көрмесіне жергілікті туристік бизнес өкілдерімен бірлесіп қатысты. Туризм индустриясы, сауда өкілдері, көрмеге қатысушы елдердің дипломатиялық миссиясының өкілдері, төтенше және өкілетті елшілер қатысқан көрме жұмысы аясында, туристік мекемелермен 180-ге жуық келісім-шарт жасалынған.
Мамыр айында Қызылорда қаласында басқарма басшылығының ұйымдастыруымен «Қызылорда облысында туризм саласын дамыту перспективалары» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Оған ҚР Туризм индустриясы комитетінің, Қазақстан Туристік Ассоциациясы, Астана, Алматы қаласының және Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарының туризм саласының жауапты мамандары, мемлекеттік органдар, туристік фирмалар, қонақ үй бизнесі, туризм саласы мамандарын дайындайтын оқу орындарының өкілдері және қолөнер шеберлері қатысты. Сонымен қатар, семинар аясында колөнер шеберлерінің көрмесі Қызылорда қаласында болып, өкілдер «Байқоңыр» ғарыш айлағында ғарыш кемесінің ұшырылуына барып, «Қорқыт Ата» мемориалдық кешеніне экскурсия ұйымдастырылды.
Балалар мен жасөспірімдерді отансүйгіштікке тәрбиелеу, спорттық туризм дағдыларын үйрету мақсатында, 18-20 мамырда Жаңақорған ауданы, «Дарбаза» шатқалында «Туризм – нашақорлыққа қарсы» ұранымен «Менің Отаным – Қазақстан» атты жас туристердің облыстық слеті облыстық төтенше жағдайлар басқармасы, ішкі істер департаменті, денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің атсалысуымен өткізілді. Жарысқа барлық аудан және Қызылорда қаласынан 64 оқушы келді. Слеттің қорытындысы бойынша бас жүлдені Жаңақорған ауданы қанжығаға байласа қалған орындарды Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданы бөлісті.
Тағы бір дерек. 24 қыркүйекте облыс әкімі Б.Қуандықовтың қатысуымен Сырдария өзені жағасында Сырдария өзені жағалауында круиздік туризмді дамыту жөнінде инвесторлардың қатысуымен тұсаукесер өткізілді.
Сонымен қатар, басқарма өкілдері 18-19-ыншы қыркүйек күні Павлодар қаласында өткен Қазақстан және Ресей арасындағы ынтымақтастық форумына барып келді. Форум аясында Қазақстан Республикасының туристік ассоцияциясы және басқармамен экологиялық туризмді дамыту жөнінде екі жақты меморандумға қол қойылды.
Үстіміздегі жылдың 27 қыркүйегі күні Бүкілдүниежүзілік туризм күніне орай өңірде туризмнің дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлер Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес «Туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» және «Туризм саласының үздігі» төс белгілерімен сала мамандары марапатталған. Еңсені көтеру, еңбекті бағалауда жасалған бұл көтермелеудің нәтижесі жақсы боларына сенесің.
Аталған шара шеңберінде «Туризм саласын мемлекеттік қолдаудың құралдары» тақырыбында мәжіліс өткізілді. Онда несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау, несиеге жартылай кепілдеме беру, қажетті өндірістік инфрақұрылымдарды мемлекет есебінен қаржыландыру, сервистік қолдау, т.б. мәселелер қарастырылды. Сонымен қатар, еліміздегі туризмді дамытудағы өзекті мәселелер, туристік индустриядағы жаңалықтар, әлемнің дауалы жерлері, қонақ үйлері, әуе жолдары, ақпараттық семинарлар, демалу жайындағы шешімдер мен арнайы ақыл-кеңестерді қамтыған мәжілістер болды. Игі істің тағы бірін тілге тиек етейік. Қызылорда облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына IX «Astana Leisure 2012 Astana Leisure 2012» туристік көрмесіне белсенді қатысқаны үшін алғыс сертификаты табысталды. Бұл да болса белсенділікті көрсетеді.
Қамыстыбас көлі...
Қорқыт ата кешені...
Қызылорда облысының туристік орнының бірі – Қамыстыбас көлі. Қазіргі уақытта «Қамыстыбас» демалыс аймағы жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Жоспарланып отырған жоба аймағына сыртқы инженерлік желілерді жеткізу көзделіп отыр.
Айта кету керек, «Батыс Қытай-Батыс Европа» көлік дәлізі Сыр өңірінің жеті ауданын да тіліп өтеді. Сондықтан осы даңғыл бойында салынуы жоспарланған 16 нысанның 12-де инвесторлар белгіленді. 4 нысанға инвестор тартуға жұмыс жасалынуда.
«Қорқыт Ата» мемориалдық кешенінің маңайында Дорстрой» ЖШС-і «Қорқыт Ата мінажат ету орталығы» жобасын жүзеге асырып жатыр. Күллі түркі әлеміне ортақ Қорқыт ата осы Қызылорда, оның ішінде Қармақшы жерінде жатыр. Сондықтан абыз кесенесі кешенінен ғибадат үйін салудың орны ерекше. Жоба құны - 220 млн теңге. Қаржы инвестор есебінен. Онда 20 орындық қонақ үй, мешіт, мейрамхана, кәдесый дүкені, қолөнер бұйымдарының, музыкалық аспаптарды дайындау шеберханасы, киіз үй қалашығы, автотұрақ, май құю бекеттері, сервистік қызмет көрсету және автокөлік жуу орталықтары пайдалануға беріледі. Жобаға «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы аясында сыртқы инженерлік желілерді жеткізу үшін қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.
Шиелі ауданы «Сығанақ» кешені жол бойы нысандарының «В» санатына сәйкес, жетіспей тұрған май құю стансасын салу, инвестор тару жұмыстары жүргізілуде. Жаңақорған ауданында «Желкілдек батыр» қоғамдық қорының туристік сервистік орталығының 10 гектар жерін заңдастыру, электр желісін тартуға техникалық негіздеме әзірлеу шаралары жасалуда. Бесарық ауыл округіндегі «Айнұр» кешенін жаңа заман талабына сай абаттандыру тапсырылды.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің Иркөл иінінде «Золотые пески» жазғы демалыс орнын құруға «Когай Светлана» ұйымы бизнес жоспар ұсынған. «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы аясында трансформаторлық қосалқы стансасы мен электр тасымалдау желілерінің құрылысына қаржы бөлініп, құрылыс басталды.
Жаңақорған ауданы «Ақтас» елдімекенінде «ЖАН» шаруа қожалығы экологиялық туристік базаның тұсаукесерін өткізді. Қазіргі кезде электр желісін тартуға техника-экономикалық негіздемесі дайындалу үстінде. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында туризм саласын дамытудың 2012-2015 жылдарға арналған шебер-жоспары әзірлену үстінде екенін мәлімдей кеткеніміз жөн.
Қорытынды
Қысқасы, қай саласы бойынша да қарқынды дамыған Қызылорданың спорт пен туризм саласындағы бет-бейнесі осындай. Әрине, спорттың өркендеуіне облыс экономикасының да алға жылжуы себеп. Сондықтан, Сыр спортына әрдайым сәттілік тілегіміз келеді.
Н.Мыңбай