Азат Перуашев Лондондағы олимпиада қалашығында болды
2012 ж. 14 тамыз
1446
0
Бокстан финалдық жекпе-жектер қарсаңында Азат Перуашев Қазақстан құрамасының штабы мен спортшылары орналасқан Лондондағы олимпиада қалашығында болды
Бокстан финалдық жекпе-жектер қарсаңында Азат Перуашев Қазақстан құрамасының штабы мен спортшылары орналасқан Лондондағы олимпиада қалашығында болды. Партия төрағасы мұнда Қазақстан құрамасы штабының басшылығымен, бапкерлермен және боксшылармен кездесті. А.Перуашев «Ақ жол» партиясының атынан оларды ХХХ Олимпиада ойындарындағы Қазақстан құрамасының теңдессіз жетістігімен құттықтады.
Кездесу барысында «Ақ жол» партиясының көшбасшысы біздің олимпиадаға қатысушыларымыздың жеңістері миллиондаған қазақстандықтарды біріктіріп, қарапайым адамдардың жүрегіне өз еліне деген мақтаныш сезімін ұялатқандығын атап өтті. «Сіздердің табыстарыңыздың миллиондаған адамдардың жаппай спортқа бет бұруына септігін тигізетініне, қоғам денсаулығы мен рухани имандылығының артуына баға жетпес оң ықпал ететініне сенімдімін», - деді ол.
Еске сала кетейік, боксшыларымыз Марина Вольнова мен Иван Дычко құрама қоржынына екі қола медаль салған болатын. Ал құрама капитаны Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетов олимпиада ойындарының алтын медаліне бір қадам жақын тұр. Жартылай финалдық кездесулер нәтижесі бойынша олар финалға жолдама алды.
Белгілі болғандай, кешегі өткен финалдық жекпе-жектердің қорытындысы бойынша Серік Сәпиев Қазақстан құрамасының қоржынына Лондон Олимпиадасындағы жетінші алтын медальді салды, сондай-ақ барлық салмақ дәрежесі бойынша ең үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогін иеленді. Ал Әділбек Ниязымбетов Ресей боксшысымен тең түскенмен, төрешілер шешімімен Олимпиаданың күміс медалына ие болды.
2012 жылғы 12 тамыз, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі