"Арландар" клубының жас футболшылары Португалияда дайындалады
2019 ж. 23 қыркүйек
2246
0
Бұл бір клубтың ғана емес бүкіл Қазақстанның арманы еді. Қазақстан үкіметінен және футбол федерациясынан бұрын бұл арманға Арландар клубы қол жеткізіп отыр. Мақсатымыз, Қазақстанның жасөспірім балаларын Португалия футбол академияларында оқыту арқылы әлемдік деңгейдегі футболистер дайындау.
Неге Португалия?
Футболистер дайындаудың барлық параметрлері бойынша әлемде Португалияның академиялары №1. Бенфика мен Спортинг футбол академиялары рейтинг бойынша 1-орында кезекпен кезек ауысып отыр.
Жасаған тауарыңның тұтынушысы болмаса ол бизнес құрдымға кетеді. Сол секілді дайындаған футболистеріміз сұранысқа ие болуы тиіс. Ал Португалия агенттері мен скауттары футболистерді әлемдік аренаға шығаруда да алдыңғы орында ешкімге бермейді. Демек Португалияда дайындаған футболистеріміз әлемдік аренаға шығып кетуіне үлкен мүмкіндігі бар.
Осы 2 басты себептен Португалияда футболистер дайындау керек.
Не үшін футбол?
Әлемде футболдың айналасындағы қаржылардың көлемі мен қоғамға/мемлекетке ықпалдылығы жағынан және аудиториясының үлкендігі жағынан – футбол стратегиялық маңызды сала. 1 ғана футбол клубының биржадағы құны көп мемлекеттердің республикалық бюджетінен асып кетеді. Футбол бизнесінің 1 тармағы – букмекерлік конторалардың әлемдік айналымы/обороты 1 трлн. доллардан асады...
Қазақстанға қаншалықты пайдалы?
Экономикалық тұрғыдан:
1) Португалияда дайындаған футболистеріміз құрығанда Қазақстанға келеді. Ал олар Қазақстандағы 3-елдерден келген, әлемдік деңгейдегі футбол мектептерінен өтпеген қаптаған легионерлерді табиғи жолмен нарықтан толығымен ығыстырып шығарады. Легионерлер арқылы Қазақстан экономикасынан ағылып кетіп жатқан қаржыларды тоқтатады. Қаржылар өз экономикамызда қалады. Егер облыс әкімдері мен Қазақстанның футбол федерациясы Португалияда дайындалған Қазақстанның футболистерінің экономикалық қауіпсіздігіміз үшін маңызды екенін түсініп, қолдаса.
2) Ал Португалияда дайындаған футболистеріміз егер Еуропа клубтарында қалып жатса, Қазақстан үшін үлкен жетістік. Экономикамызға сырттан қаржылар келеді. Одан қалды әрбір футболист
салық төлеуші. Демек, тапқан табысынан Қазақстан бюджетіне салық ретінде тікелей қаржы құяды. Жалпы футболистердің экономикаға ықпал ететін мысалдары көп. Қай тұрғыдан алып қарасақ та елімізге пайдасы ұшан теңіз болмақ.
Саяси тұрғыдан:
Әлемдік тарихта футбол мен саясатты бөліп қарауға өте көп күш жұмсалды. Қысқасы, бөле алмады. Соңында футбол мен спорт астасып, қабаттасып кетті. Футбол барлық салаға енді. Сол үшінде «Футбол – бұл өмір» деген түсінік қалыптасты.
Біз қаласақ та қаламасақ та әлемдік процесстің Қазақстанға ықпалы болады. Біртіндеп парламенттік басқаруға өтіп, халықтың билікке ықпалы күшейеді. Түбі әкімдерді сайлайтын боламыз. Осы кезде футбол аудиториясы үлкен рөл ойнаған, ойнап келеді. Әлемдегі барлық дамыған елдер футболмен санасуға мәжбүр.
Егер бұл күшті Қазақстан бақылауына алмаса, сыртқы күштер бақылауына алады. Футбол аудиториясы жылдам қарқынмен үлкейіп жатқан Қазақстанға қазірдің өзінде өзге күштердің аяқ іздері көрінуі жақсылықтың белгісі емес. 1980 жж.дағы футбол фанаттары Еуропаның бас ауруы болғаны, полицияның шамасы жетпей, тіпті бір ел тұрмақ бүкіл Еуропаның жұмылып зорға шешкенін ұмытпаған жөн. Осындайда әлемдік тәжірибені алсақ ұтарымыз көп. Бізге тағдыры ұқсас Қырғыз елінде айналасы 10 мың адам төңкеріс жасап жүр. Егер Астана-Аренаға жиналған 30 мың адамды Ақордаға қарай арандатып айдап салса не істейміз? Онсызда Қазақстан футболына наразылықтардың күшеюі жақсылық емес. Сол үшін футболды жүйелі дамытуға мүдделіміз...
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, футбол қоғамдағы барлық қабаттарды біріктіретін жалғыз күш. Қазіргі таңда Қазақстан қоғамында діни, тілдік, аймақтық, рулық сипаттары бойынша бөлінушілік қатты күшейіп тұр. Осы жағдайда ешқандай шекара мен қабаттарға қарамай біріктіретін, футбол таптырмас құрал.
Бұл Португалия жобасы қазірдің өзінде Қазақстандағы млн.даған балаларға үлкен мотивация болып жатыр. Португалия академияларында оқу деген арман жетегінде, бар күш қайратын сарп етіп, өз өзін дамытумен, талантын шыңдаумен айналысып жатқандар көбеюде. Іріктеулерге дайындалуда. Өмірлік мақсаттары пайда болуда. Іріктеу жасаған кездері балалардың арасында үлкен толқу пайда болғанын байқадым. Нәтижесінде, спортпен шұғылданушы дені сау ұрпақтың өсіп жетілуіне себепші болады. Кем дегенде балалар арасындағы қылмыс, тәртіп, құқық бұзушылықтардың азайып, жаман әдеттерге уақыты қалмаған ұрпақ өседі.
Футбол арманы жетегінде Қазақстанды шетелге таныту жолында балалар арасында патриоттық рух қоса бірге дамиды. Қазірдің өзінде Португалияға кетіп жатқан, кетуге дайындалып жатқан балалар арасында жауапкершіліктің көбейгенін сезінген, түсінген, жаман әдет қылықтардан арылып, Қазақстанның өкілі болуға бой түзеп жатқан балаларды байқадым.
Неге алдымен оқыту? Неге академияны Қазақстанда салмаймыз?
Онда неге Болашақ бағдарламасы арқылы 25 жыл бойы әлемнің атақты университеттерінде оқытып жатырмыз? Орташа есеппен, шамамен 350 млрд. теңге қаржы жұмсапты. Осы қаржыға Оксфорд, Гарвард, Кембридж университеттерін салып тастауға болатын еді ғой. Көрдіңіз бе, осы секілді бізде алдымен әлемнің алдыңғы академияларында оқытуға мәжбүрміз. Бұл дұрыс саясат. Әлемнің кез келген даму тарихы оқытудан басталған. Себебі кез келген дамудың алғышарты – оқу. Бенфика, Спортинг секілді футбол академияларын жақын болашақта Қазақстанда салу мүмкін емес. Себебі оған қаржы ғана емес, уақытта керек. Уақытпен қалыптасатын жүйе, кадр, тб.
Қазақстан балаларының әлеуеті жете ме?
Жақында біздің балаларымыз «Қазақстанның балалары футбол ойнай алмайды» деген керағар пікірдің тас талқанын шығарды. Яғни, Еуропарламенттің шешімімен «Еуропаның спорт қаласы» атанған Португалияның Брага қаласында өткен (30.06-07.07.2019) BragaCup халықаралық турнирін жеңіп алды. Португалияның ақпарат құралдарына ілікті. Португалия халықаралық футбол академиясы, Эшторил, BSports секілді футбол академияларының қызығушылығын туғызды. Шақыртулар алды. Келіссөздер жалғасып жатыр. Алды 1 жылға оқуға кете бастады. Ешқандай жағдай жасалмаған, жоғары деңгейдегі жаттығудан өтпеген Қазақстанның балалары әлемдік деңгейдегі футбол мектептерінен өткен балаларды жеңсе, онда біздің балалар Пеле, Марадона, Месси, Роналдуларды орап кететін футболистердің шығатынына ешқандай күмән болмауы тиіс.