"Astana Marathon 2019" шарасына 5 мың адам қатысты
2019 ж. 09 қыркүйек
2789
0
Нұр-Сұлтан қаласында дәстүрге айналған Astana Marathon 2019 спорттық шарасы өтті. Бес мыңнан астам адамның басын қосқан эстафетаға елорда әкімі Алтай Көлгінов те қатысты, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Шаһар басшысы бұл спорттық акцияның Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отырғанын алға тартып, барша астаналықтарды сәттілік тіледі.
"Барлық қатысушыларды Astana Marathon 2019 ашылуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы елімізде бұқаралық спортты дамытуға шақырады. Ауа райына және демалыс күндеріне қарамастан, сіздер берілген қашықтықтарды жүгіріп өтуге ниет білдірудесіздер. Astana Marathon 2019 Елбасы жариялаған Жастар жылының аясында өтіп жатыр. Біз барлық спорт түрлерін дамытуға бар күшімізді саламыз. Сіздерге сәттілік тілеймін", - деді А. Көлгінов.
Сонымен қатар, марафонға олимпиада чемпионы, танымал жеңіл атлет Ольга Рыпакова, боксшы Серік Сәпиев секілді спорт жұлдыздары да арнайы келіп қатысты.
Марафон қорытындысы бойынша ерлер арасында 42,2 шақырымдық айтулы додада Өзбекстаннан келген желаяқ Зiкiролла Мамагулов үздік атанды. Ол бұл қашықтықты 2 сағат 26 минут 10 секундта жүгіріп өтті. Екінші болып мәре сызығын 2 сағат 26 минут 53 секундта Владислав Мамедов кесті. Үздік үштік төрінен Олег Байтуканов көрінді. Оның нәтижесі 2 сағат 28 минут 3 секунд.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерде қомақты ақшалай сыйлық табысталды.
Атап өту керек, жалпы биылғы марафонға АҚШ, Австрия, Бельгия, Қытай, Франция, Германия, Гонконг, Үндістан, Италия, Ресей, Оңтүстік Корея, Испания, Түркия, Украина, БАӘ, Эфиопия, Ұлыбритания, секілді 27 елдің үздік спортшылары келіп қатысты.