"Барыс" Қазақстан Президенті кубогы үшін өткен доданың жеңімпазы атанды
2019 ж. 12 тамыз
3765
0
Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін шайбалы хоккейден өткен дүбірлі дода өз мәресіне жетті. Айтулы жарыста ел намысын қорғаған отандық «Барыс» хоккей командасы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Тартысқа толы дода аясында «Барыс» ойыншылары үш кездесу өткізіп, үшеуінде де қарсыластарынан басым түсті. Атап айтқанда, Ресейдің «Ак Барсынан» - 6:1, «Нефтехимигінен» - 4:1, «Автомобилисттен» 3:2 есебімен жеңді.
Одан кейін Ресейдің Уфа қаласынан келген «Салават Юлаев» командасымен бақ сынасқан отандастарымыз намысты қолдан бермеді. Негізгі уақытта бір-бірін ала алмаған екі құраманың тағдыры булитте шешіліп, "Барыс" алға шықты.
Осылайша биылғы турнирде «Барыс» командасы жеңімпаз атанды. Екінші орын Екатеринбургтің «Автомобилист» командасына бұйырса, үздік үштікті «Ак Барс» командасы түйіндеді. Соңғы екі орынды «Салават Юлаев» және «Нефтехимик» командалары өзара бөлісті.
Атап өту керек, шайбалы хоккейден ҚР Президенті кубогында жеңіске жеткен «Барыс» командасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та арнайы құттықтады.
«Барыс хоккей командасы халықаралық клубтық турнирде дәстүрге айналған Президент кубогін ұтып алды. Хоккейшілерді және жаттықтырушыларды тамаша жеңістерімен құттықтаймын!», - деп жазды Қ.Тоқаев Twitter-де.