Берлин Иришев: ҚАЗАҚ елінің МҮДДЕСІН ҚОРҒАУ – АЗАМАТТЫҚ борышым.
2016 ж. 10 желтоқсан
10482
18
"...Елшілікке барсақ, жиналыстарының барлығы орысша, министр Ерлан Ыдырысов келеді, ол да орысша сөйлейді. Ұят. Қасыңа еріп барған француздан ұяласың, тіпті. «Сендер қазақ емессіңдер ме, неге ең болмаса елшіліктегі жиындарыңды қазақша өткізбейсіңдер?..» деп таң қалады."
«Олар елден бас тартқан жоқ, Қазақстан олардан бас тартып отыр...»
Берлин Кенжетайұлы Иришев. Бұл есімді әлбетте, естіген боларсыз? Қостанай өңірі, Жітіқара ауданының тумасы, бірақ соңғы жиырма жылдан бері Париж қаласында тұрады. Экономист, ғалым, дипломат. Ресей Ғылым академиясына қарасты Еуропа институтының кеңесшісі, Париждегі «Parlink Consulting» компаниясының басқарушы серіктесі, әлемдік экономикаға қатысты тоғыз кітаптың авторынан бұл жолы экономикаға қатыссыз сұхбат алғымыз келді. Шетелге қазақ деген ұлттың азаматы қандай болуы керек екендігін, туған ұлтына деген сүйіспеншілігін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп жүрген ол кісі сонымен қатар, Франциядағы Қазақстандықтар қауымдастығының президенті. Міне, осы міндетті бәрінен де артық көретін Берлин мырзаға хабарласып, көкейдегі сұрақтарымызды жүзбе-жүз қоюға мүмкіндік алдық. Жылы шырайлы, қарапайым қалпынан таймаған қазақтың ардақты азаматымен Франциядағы қазақтар туралы ашық-жарқын әңгіме құрдық.
- Құрметті Берлин аға, Францияда, оның ішінде Парижде қазақтар көп пе? Олар туралы білгіміз келеді. - Негізі, Франциядағы қазақтар деген – кеңдеу ұғым. Бұл жақтағы қазақтардың бір бөлігі Қазақстаннан келгендер болса, екінші бөлігі кезінде Түркияға ел ауған қандастарымыздың арасынан келіп, тұрақтап қалғандар. Олар түрікше, қазақша, французша сөйлейді. Осыдан бес жылдай бұрын сондай қазақтардың бірімен танысқан едім. Сонда ол былай деді: «Қазақстанда болдық, Алматыда болдық, Астанада болдық... Ол жаққа қызымызды бермейміз, ол жақтан қыз да алмаймыз ау...» Неге бұлай айтты дейсіз ғой? Оларды түсінуге болады. Мұсылманшылықты қатты сақтаған. Тойларында арақ-шарап ішпейді. Беташар жасайды, құттықтайды, сосын отырып әңгімелеседі де, үйлеріне қайтады. Біздікіндей ойын-сауық, қыздардың билеуі деген жоқ. Сондықтан, Қазақстандағы қазақтардың өмір салтын онша қабылдай алмайды. Екінші жағдай. Біраз уақыт бұрын Парижге Түркия басшысы Ердоған мырза келді де, Лион деген қалаға Түркиядан келген қазақтарды шақырып алды. «Сендер – біздің, Түркияның азаматысыңдар. Біз сендерді Түркияның диаспорасы деп санаймыз», деді. Күшті айтты. Қатты айтты. Жақсы айтты. Маған оның сөз жүйесі ұнады. Саясаты мықты болып тұр ғой. Дегенмен, кейбір ерекшеліктеріне қарамастан, олар этникалық қазақтар болғандықтан, бәрібір қазақ деп жақын тартамыз, олар бізге ыстық, сондықтан бірге болу жағын қарастырамыз. Келесі топ – қазақстандықтар. Оларды қазақсыңдар немесе басқа ұлтсыңдар деп бөлуге келмейді деп ойлаймын. Қазақтардан бөлек армияндар да бар, орыстар да бар, еврейлер де бар. Қалай десек те, еліміз көпұлтты болғандықтан, олар біздің ел құрылымның осы жердегі өнімі, нәтижесі деп айта аламыз. 2010 жылы «Қазақстандықтардың Франциядағы қауымдастығы» деген ұйым құрдық. Ол ұйымда 200 шақты мүшеміз бар. Бәрі дерлік жұмысбасты, бір орында тұрмайды, сондықтан біз өткізетін іс-шараларға орта есеппен 70-80, ал семинарларға жүзден астам адам қатысады. Жаңа жыл, Наурыз тойлаймыз, жаз кезінде пикникке шығамыз. Біздің қауымдастықтың жеке үлкен қазаны бар, онымен жүз адамға палау дайындатамыз. Оны өз рестораны бар Гаухар деген қарындасымыз жасап береді. Оның осында «Ше Модмазель» («Модмозазельде қонақтамыз») деп аталатын мейрамханасы бар. Париждің көрнекті 15-ші ауданындағы Мадмозель көшесінде орналасқан. Оның рестораны баспасөзде көп жазылып, Францияның «Мишлень» деген анықтамалығына кірді. Оған кіру оңай шаруа емес. Ол үшін арнайы сарапшылар кеңесі пікірін айтып, ол мейрамхананың сапасын таныдық деп баға беруі керек. Сол үздіктер қатарына кіруі үшін біз де оған демеу білдіріп, атсалыстық. - Ауызбірліктеріңіз жақсы екен! Өз жолын тапқан, осында өзін танытып жүрген отандастармыз туралы білгіміз келеді... - Франциядағы Қазақстандықтар тек бір салада жүр деп айта алмаймын. Түрлі салада жүр. Мәселен, «Dior», «Louis Vuitton» сынды әлемдік бренд компанияларда, сән саласында жасап жүргендер бар. «Sotheby's» атты әлемдегі ең ірі аукцион үйінің қауымдастық мүшесі бар. Француздар мен қазақтардан құралған отбасылар бар. Бір қызығы, олардың балалары екі есімді болады. Бір жігіттен балаңның аты кім болды десем, «Пьер Есенқұл» дейді, сөйтсем ол сабазым атасының құрметіне ұлына есім беріпті. Сол сияқты «Жанетта Бибігүл» есімді бүлдіршініміз бар. Жеке кәсіпкерлер де өте көп. Көзге түскен қыз-жігіттеріміз бар. Өте күшті мамандар. Олардың бағалары жоғары, бәсекелестік жағдайында бір компаниядан бір компания аттай қалап, жақсырақ жағдай ұсынып, алып кетіп жатады. Мысалы, біздің Қарлығаш деген қызымыз бар. Ол – ірі халықаралық «Тоталь» атты мұнай компаниясының қызметкері. Дәл қазіргі кезде ол Сингапурде. Мансұр деген жігітіміз бар. Он жылдан бері халықаралық компанияда жақсы қызметте жұмыс жасайды. Келесі бір ерекше атап өтуге тұрарлық қызымыздың есімі - Милена. Ол да біздің қауымдастық мүшесі, өте бағалы маман. «Канадиан банктің» департамент басшысы еді, кейін Париж қор биржасына қояр да қоймай шақырып алды. - Сонда олардың бәрі ендігі жерде Қазақстан азаматтары емес пе? - Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын, оны өздері біледі. Мен білетін бір нәрсе ғана бар. Қандай да бір жағдаймен, төлқұжатынан айырылып, осы жақтың азаматтығын алған азаматар болса, бір нәрсе анық: Олар елден бас тартқан жоқ, өз өкілдеріне екі азаматтықты алып жүруге рұқсат бермеу арқылы Қазақстан мемлекеті олардан бас тартып отыр. Қытайдың алдыңғы орынға шығуының бір себебі ол – шет елдегі білікті де білімді қытайларды жұмысқа шақырып алды. Нарықтық экономикаға түскен уақытта оның тізгініне Германияның, Американың, Англияның, Францияның жүйесімен жұмыс жасап келген қытай мамандарды отырғызды. Сосын мәселен, Франциядан ол жаққа кәсіпкер барса, екі ұлттың да дүниетанымын одан жақсы білетін хас маманға жолығады. Сондықтан, келіссөзге отырар кезде шет елден барған кәсіпкерлер өзін екі орап алатын, ұлтының мүддесіне еркін жығып беретін өте мықты бәсекелеске, сарапшыға, хас маманға тап келген. Сингапур да, Гонконг та дәл осындай мамандардың көмегімен алға шықты. Көп елдерде солай... Диаспора деген мәселе бар. Орыстар шет елдердегі өз диаспорларына өте қатты көңіл бөледі, олардың бюджетіне миллиондап қаражат қарастырады, демеу болады. Бір жерде болмаса, бір жерде көмегі тиері анық. Ал бізде өкінішке қарай, жиырма бес жылда диаспорамен қарым-қатынастың мәдениеті қалыптаспай жатыр. Диаспора өкілдері қандай да бір агент ретінде қолданылуы мүмкін емес, әрине. Ал бірақ сол жердің менталитетін білетін адам ретінде, керек кезінде ақыл кеңесін бере алады ғой. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір қызық жағдай орын алды. Елшіліктен бір қызметкер хабарласып: «Президент сайлауы келе жатыр, өз қауымдастығыңыздың мүшелерінің координатын беріңіз» дейді. Мен бас тарттым. Өйткені, оған хақым жоқ. Кімнің қай жерде тұратыны олардың жеке шаруасы. Оларды саяси себеппен тізімдеудің қажеті жоқ. Біз елшіліктің филиалы емеспіз. Әрине, Қазақстанның тумасы ретінде біз олардың жұмыстарына қатысамыз, атсалысамыз, бірақ қандай да ел атына сын боларлық ыңғайсыз жағдай болып жатса, елшінің өзіне тікелей хат жазамын. Елдің мәртебесін түсірмеңдер деп ескертемін. Осыдан бес-алты ай бұрын Парижде Қазақстандағы ЭКСПОға байланысты көрме өтетінін естідім, барып көрейін дедім. Біріншіден, картиналардың барлығы төбеге ілініпті. Ал ол ғимараттың төбесі өте биік екен, жұрттың көбі төбеге қарамады да. Бұл неге олай ыңғайсыз ілінді екен деп қамығып қалдым. Ондай шараларда бір анықтамалық пункт болуы тиіс болады, сондай жерді іздеп барсам, бір Даша деген қыз тұр екен. Амандастым, сөйлестім. «Қазақстан қандай ел?» деп сұрадым. «Енді... Шамасына қарай өмір сүріп жатқан ел ғой», деді. «Жоқ, мен олардың энергетикасы туралы білсем деп едім. Көмірдің қанша пайызы шығады? «Жасыл энергетика» талабына сәйкес қанша энергия қолданылады?» деген сұрақтар қойдым. Ол сасып қалды. «Білесіз бе, мен оларда көмір өндірілетінін білем. Бірақ қанша өндірілетінін білмейді екенмін». «Бұл энергияға қатысты көрменің таныстырылуы емес пе, қалайша білмейсіз?» десем, «Энциклопедия мен интернетті қарасаңызшы», деді. «Сіз сонда Қазақстаннан емессіз бе?» десем, «Жоқ, мен – Ресейден келген студентпін», деді. Күйініп кеттім. Артынша «Даша, да не наша» деп мақала жарияладым. Оны неге жазасың дегендер де табылды. Осы Париждің қаншама мықты оқу ордаларында біздің мықты қыздарымыз жеткілікті ғой. Екі дипломы бар мамандар, докторлар, жұмыс жасап жатқан білімді, патриот қарындастарымыз бар. Соларды шақырмай, Қазақ елінен еш хабары жоқ «Даша», «Машаларды» шақырады. Қазақ елінің әлем алдындағы мүддесін қорғауға атсалысу – менің азаматтық борышым деп санаймын. Біздің қауымдастық тәуелсіз ұйым, бірақ туған еліміздің абыройына, келешегіне қатысты ақыл- кеңесімізді айтуға, қолдан келгенше қолдау білдіруге әрқашан дайынбыз ғой. Елшілікке төлейтін қаражатты да сұрамаймыз, бізге бір тиыны да қажет емес. Елшілік сияқты тек бір жерде ұйысып отырғанымыз жоқ, біздің адамдарымыз елдің түкпір-түкпірінде. Сингапур, Канада, Лондонда, Тайландта жасайтын мүшелеріміз бар. Біздің осы ел туралы түсінігіміз молырақ, ақпаратымыз қанығырақ, ықпалымыз күштірек. Неге соны ел мүддесіне пайдаланбайды деймін де. - Назыңыз орынды... Ал мұндағы азаматтарымызды қандай мәселелер толғандырады? - Сол, бір проблема бар. Біздің заң бойынша, шет елде тұратын қазақстандықтар Қазақстанның төлқұжатынан айрылады. Осы туралы Президентке де, Парламентке де жаздым. Басқа көптеген мемлекеттер екі азаматтықпен қалуға, екі төлқұжатпен жүрге рұқсат береді. Халқы бізден қаншама есе көп көрші Ресей мен Қытайдың өзінде сондай. Олар азаматтарының азаматтығын алып қою арқылы олардан айрылғысы келмейді. Жуырда білесіздер, Қазақстанға Қытайдан елу бір мекеме келеді. Әр мекеме алдымен мың адамды, сосын он мың адамын ертіп келеді. Солайша миллиондап қытайлар кірсе, ертеңіміз не болмақ? Солайша бір күні қытай болып оянбасақ деп қорқамын. Ал мында қазақтар шетелде жүріп, биік белестерді бағындырғаны үшін паспортынан айырылып жатыр. Сосын паспортынан айрылған қазақтар қайтадан елге оралмайды. Олардан туылған балалар француз азаматы, неміс азаматы, американ азаматы болып кетіп жатыр. Міне, елді, халықтың санын құрту дегеннің бір түрі осы болып тұр. «Ат айналып қазығын табар» деген мақалымыз бар, ал бұл жерде қазықтан айырып тұрғанмен тең. Бұл үлкен қателік деп санаймын. - Иә, ел назарын, заң шығарушы органның назарын аударарлық өзекті мәселе екен... Ал жалпы Қазақстаннан келіп жатқан азаматтардың санын бағамдап, оларды есептеп отырасыздар ма? - Есептеп отыру өте қиын. Лазур жағалауы деген бар. Монто Карло. Канн. Ақшасы бар қазақтардың бәрі сонда. Олар ешқандай тіркеуге де тұрғысы келмейді. Кейбірінің уақытша статусы бар, кейбірінің тұрақты статусы бар. Ол енді басқа әңгіме. - Францияда ұлттық мәселелер бар ма? - Франция – интернационалды ел. Бұл жерде ұлт мәселесі деген жоқ деуге тән. Біздің ел де көпұлтты. Жетпіс жылғы саясат өз дегенін істеді. Біздің ұлттық құрам да өте тығыз араласып кетті. Пышақпен бөліп кесіп тастаймыз дей алмаймыз, онда бәрін құртып алуымыз мүмкін. Мысалы, бізде Әмір Тибинихин деген жас пианист жігіт бар, қазір Германияда тұрады. Шешесі – қазақ, әкесі – орыс. Оған біз қалай қарау керекпіз, сен жартылай орыссың, біз сені қабылдамаймыз дей алмаймыз ғой. Мәселен Герольд Белгер ағамыз немістің ішіндегі нағыз қазақ болды. Ал қазақ ұлтының мәселесі – ол әрине, ішкі мәселесі. Ең алдымен, қазақ қазақпен өзара қазақша сөйлегені дұрыс. Мысалы, осындағы елшілікке барсақ, жиналыстарының барлығы орысша, министр Ерлан Ыдырысов келеді, ол да орысша сөйлейді. Ұят. Қасыңа еріп барған француздан ұяласың, тіпті. «Сендер қазақ емессіңдер ме, неге ең болмаса елшіліктегі жиындарыңды қазақша өткізбейсіңдер?..» деп таң қалады. Тілімізді көтеруіміз керек. Өз-өзімізбен қазақша сөйлессек, басқалар да қазақша сөйлейтін болады. Мәселен, Шымкентте тұрған мыңдаған неміс. Таза қазақы ортада өмір сүрген соң, қазақшаға судай болып шықты ғой... Германияда бір қазақ жігітімен бірге жол жүріп келе жатып, Хайдельберг деген қалаға жанармай құюға тоқтадық. Бір кезде біреу артқы жағымыздан: «Әй, қазақтар, неге сәлем бермейсіңдер?» дейді. Қарасақ, артқы жақта тек немістер тұр, бір қазақ жоқ. Сөйтсек, сол немістің бірнешеуі Шымкенттен барған немістер екен. «Ассалаумағалейкүм!» , «Уағалейкүммүссалам!» деп қауқылдасып амандастық. «Ал, жігіттер, мына жақтағы ақсақалдарға барып сәлем берейік» деді. «Немістің қалың ортасында қайдағы ақсақалдар?» дейміз біз. «Біз осында бір бөлек ауылмыз», деді. Шақырып тұрған соң, ұялғаннан бардық. «Қош келдіңдер! Ас саламыз, қымыз ішіңдер, өзіміз бие ұстаймыз» деп, үлкендері өте жылы қарсы алғаны бар. Сондай-ақ Фишлер деген тарихшы-профессор бар, қазақтың тарихын, мәдениетін зерттейді. Сол кісі үйіне шақырып, Құрманғазының «Кішкентай» күйінің пластинкасын қойып, оның тарихын тәптіштеп айтып бергенде, шын мәнінде тамсандым. - Иә, әр қазақ өз тілі мен мәдениетін сыйлауды өзінен бастаса, басқалар да құрметтейді дейсіз ғой... Берлин аға, Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығы Тәуелсіздік күнін қалай қарсы алмақшы екен? Осынау атаулы датаны атап өтетін болар? - Әрине, Тәуелсіздік мерекесін ерекше атап өтуіміз керек. Желтоқсанның 15-18 аралығында Германия, Швейцария, Австрия, Голландия, Италия, Англия және Франция сынды жеті елде өмір сүріп жатқан, он екі музыкантымыз келеді. Ол он екі музыканттың барлығы да қазақтар мен Қазақстанда туылған отандастарымыз. Бәрі Франциядағы Қазақстандықтар қауымдастығы ұйымдастырып жатқан, Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық мерекесін атап өтуге арналған концертке арнайы қатыспақ. Атап айтар болсақ, әлемді өнерімен тамсантып жүрген іні-қарындастарымыз: Марат Бейсенғалиев, Әмір Тибенихин, Елдар Сапараев, Ғалия Бейсенғалиева, Мәрия Ориниская, Лаура Әли, Әйгерім Матаева, Ержан Қошанов, Әйгерім Ерсайынова, Тайыр Тәжіғұлов, Саида Сапараева және Қазақстаннан арнайы келетін Жанар Хидуанованың басы бір концертте қосылып, ел Тәуелсіздігінің құрметіне кәсіби музыкадан шашу шашпақ. Бұндай ірі шара біздің қауымдастық шеңберінде тұңғыш рет өтіп жатқан соң, атамекендегі Мәдениет министрлігіне, Сыртқы істер министрлігіне шақыру жібергенбіз. Өкінішке қарай, ниеттестік білдіріп, сөз демеу де жасай алмай жатыр. Біздің бір қызымыз дәл қазір Италияда бағын сынап жатыр. Бірінші турынан жақсы өтті. Оларға да қолдау жасаймыз. Қазақстанның Мәдениет министрімен қатысымыз жоқ, дегенмен Қазақстан намысын жыртып жүрген осындай өнер майталмандарымыз бар, сондықтан олар үшін жанкүйер болып, демеу білдіріп жүру – парызымыз. Қазір сол, алдағы мерекелік концертке қызу дайындық жүріп жатыр. Бұл – бәріміз үшін де ерекше дата. Биылғы Тәуелсіздік күні – еліміздің азаматтарының еркін, жеке дамуының да жиырма бес жылдығы деп санаймын. Баршаңызға алдағы Тәуелсіздік күні құтты болсын! - Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Қазақ деп соққан жүрегіңізге Алла өзі қуат берсін! Сұхбаттасқан Алма САЙЛАУҚЫЗЫ, журналист. Арнайы "Қазақ үні" газеті үшін. Астана- Париж- Саида Сапараева
- Мансұр
- Жанар Хидуанова
- Әмір Тибинихин
- ердоған
- Елдар Сапараев
- Ғалия Бейсенғалиева
- Мәрия Ориниская
- Марат Бейсенғалиев
- Берлин Кенжетайұлы Иришев
- Лаура Әли
- ЭКСПО
- қос азаматтық
- Әйгерім Матаева
- Гаухар
- «Қазақстандықтардың Франциядағы қауымдастығы»
- Ержан Қошанов
- «Ше Модмазель»
- Әйгерім Ерсайынова
- «Мишлень»
- Тайыр Тәжіғұлов
- Қазақ тілі
- Қарлығаш