Ресей зымыраны Қазақстанның қай аумағына құлауы мүмкін?
2016 ж. 07 наурыз
2041
1
"Интерфакс-Қазахстан" агенттігі " Қазақстанның Қостанай облысының жергілікті билігі ресейлік "Союз-2" зымыран тасығыштарының бөлшектері құлайтын жаңа аудан бөлу мәселесін зерттеп жатыр" деп хабарлады.
Ресейдің жердегі ғарыштық инфрақұрылым нысандарын пайдалану орталығы "500 километр биіктіктегі полярлық орбитаға спутниктік телекоммуникациялық жүйені шығаруға" байланысты зымыран бөлшектері құлайтын жаңа жер сұрап отыр.
Облыстың жер қатынастары басқармасы мамандары агенттікке сұралып отырған жерлердің Жангелді ауданында екенін айтқан. Бұл аудандағы 40 мың гектар жер 9 жыл бойы "Союз" зымыран тасығыштарының бөлшектері құлайтын аудан ретінде пайдаланылып келеді. Басқарма өкілінің айтуынша, бөлшектер құлайтын аймаққа киіктер мен басқа да сирек жануарлар мекендейтін "Алтын дала" қорығының бір бөлігі кіріп тұр.
Осыған байланысты мамыр айында мамандар әлгі ауданды тексеруге, жақын маңда ауылдар бар-жоғын анықтауға барады.
Қостанай облысы жер қатынастары басқармасының өкілі "Ауылдар болған жағдайда олар көшірілмейді, сұралып отырған жердің ауданы табиғатты қорғау заңнамасына сәйкес өзгертіледі" деген.
Бұл мәселе туралы Азаттықтың "Зымыран резерват аумағына құлай ма деген қауіп бар" мақаласынан кеңірек мағлұмат ала аласыз.