"Баламның өліміне бүгінгі жүйе кінәлі": Сәуле Әбілдаханқызы соттың көмегіне жүгінді
2019 ж. 25 сәуір
10326
0
Белгілі журналист, бұрынғы "Ақжүніс" бағдарламасының жүргізушісі, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы "фейсбук парақшасында" Алматы қалалық әкімдігін, қалалық білім басқармасын, № 17 мектеп-интернатының және "Үміт үйінің" қазіргі басшылығын, сонымен қатар Азамат Оспанов пен 365 инфо сайтын сотқа беретінін жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"365 инфо" сайты көп балалы аналардың құқығын қорғап жүрген Әбілдаханқызының өзі көпбалалы емес және кезінде қызы Айзаны балалар үйіне өткізген, мектеп-интернатта тәрбиелеген деп мәлімдеген еді. Бұл ақпартты Әбілдаханқызы:
"... Аса құрметті өсекші блогер мырза және 365 инфо сайты, сіздердің бұл ақпараттарыңыз шындыққа жанаспайды және менің қызым 3-4 жыл балалар үйінде емес, балабақшада болғанын бұрын талай сұхбаттарымда айтқанмын. Мені жақсы білетін және сұхбаттарымды оқып, тыңдап жүрген халыққа бұл жаңалық емес", - деді журналист 365 инфо сайты таратқан ақпараттың жалған екенін дәлелдеп.
90-жылдары көп қиындық көрген журналист жан бағу үшін қызын балаларды 6 жасқа дейін тәрбиелейтін мемлеттік балалақшаға беруге мәжбүр болған. Журналист қазіргі көпбалалы аналардың қиындығын бір кездері өзі де көргендіктен, олардың құқығын қорғап жүргенін айтады.
"Көпбалалылардың мәселесімен тек көпбалалылар айналысады деген топас түсініктен арылыңыздар. Көпбалалы аналар балаларына нан тауып бере ме, әлде қоғамдық-әлеуметтік мәселемен айналыса ма? Қолы бос менің өзім осы қоғамдық жұмыспен айналысқалы бір шыны шайымды адалдықпен тыныш отырып іше алмаймын... Көпбалалылар мәселесімен тек "артын қанша қазсаң да мінсіз өмір сүрген, бақытты тағдыр кешкен адамдар айналыссын" десеңіздер онда, әрине, сондай адамдарды тауып, соларға жүктеңіздер", - дейді жуналист.
Ұлынан қапияда айырылып қалған Сәуле Әбділдаханқызы жалғызының өліміне биліктің тікелей қатысы бар екенін де жасырмады.
"...Егер біздің билік халыққа дұрыс жағдай жасаудың тетіктерін дұрыс қалыптастырғанда, біз осындай күйге түсер ме едік? Бәрімізді "жұлқып оятқан" бес қыз өртеніп кетер ме еді? Әрбірден соң біздің жүйе халықты ойлайтын жүйе болғанда менің балам да өлмеген болар еді. Менің баламның өліміне де бүгінгі билік, бүгінгі жүйе кінәлі", - дейді шерлі ана.
Бұдан бөлек, тележүргізуші өткен өмірі үшін еш арланбайтынын, барлық қиындықтарға төтеп бергенін, "лайықты" өмір сүргенін де айтып өтті.
Сәуле Әбділдаханқызы сондай-ақ, жалған ақпараттар үшін кешірім сұрап келуге, "ҚР БАҚ туралы" заңының 32 бабына сәйкес терістеме жазуға және осы материалды өшіруге 1 күн уақыт беретінін қадап айтты.
"Сендерге "Сәуле қызын балалар үйіне тастап кеткен" деп жар салған жалған ақпараттарың үшін кешірім сұрап, "ҚР БАҚ туралы" заңның 32 бабына сәйкес терістеме жазуға бір апта уақыт беремін. Олай болмаған жағдайда жеке басымның намысыма тиіп, жалған ақпарат таратқандарың үшін "сотқа" беретінімді мәлімдеймін. Қызым Айза да сендерді сотқа береді", - деді Әбілдаханқызы соңғы сөзін айтып.
Тағы бір айта кететін жәйт, тележүргізуші отбасына қатысты мұрағаттық құжаттарды қопарып, өзіне қарсы ар-намысқа тиетін осындай әрекеттер ұйымдастырып отырған Алматы қалалық әкімдігін, қалалық білім басқармасын, № 17 мектеп-интернатының және "Үміт үйінің" қазіргі басшылығын сотқа беретінін мәлімдеді.