Зарина Мұхадинқызы: ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНІ ЕКЕНІМДІ МАҚТАН ТҰТАМЫН...
2019 ж. 14 наурыз
3318
0
Қазақтың келіні болу бақыты бұйырғаны үшін де өзімді шексіз бақыттымын деп есептеймін. Қарашай ұлтының өкілі болғаныма қарамастан, қазақ отбасына тез сіңісіп кеттім. Бұл тұрғыда қазақ халқының қанында бар кең пейілділігі мен бауырмалдық қасиеттері ерекше ықпал етті деп есептеймін.
Өздеріңіз білетіндей, қарашайлар түркі тілдес Кавказ халықтарының бірі саналады. Қазіргі таңда олардың жалпы саны 180 мыңнан асып жығылса, соның үш мыңнан астамы қазақ жерін мекендейді.
Жүз отыздан астам этнос өкілдерін бауырына басқан Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Этносаралық және конфессияаралық диалог пен өзара іс-қимылды сақтау және нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп отырған егемен елімізде өмір сүріп жатқан әрбір ұлттың өкілі бақытты деп есептеймін.
Еліміздегі бейбітшілік пен келісімді қолдаудың айнымас үлгісін көрсетіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы алдағы уақытта да бұл тұрғыда жанды жұмыстар жүргізе беретініне кәміл сенімдімін.
Қазақтың салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысын көздің қарашығындай сақтаған отбасының келінімін. Әдет-ғұрыпты айнытпай ұстану жолында жол көрсетіп, үнемі өзінің-ақыл кеңесін беріп отыратын енеме деген ризашылығым шексіз. Қазақтың келіні ретінде әрбір таңымыз үлкендерге сәлем салудан басталады.
Бүгінде өмірлік жарым - Рахымжан екеуміз Райян, Әзірет есімді қос ұлдың ата-анасы атандық. Болашақта қазақ халқының санын көбейтуге өз үлесімді қосып, көпбалалы ана атануды армандаймын.
Еліміздегі ұлтттар достығы мен бірлігі арта берсін дегім келеді.
qazaquni.kz