Жас вайнер қалайша Сенаттағы мінберге тап болды?
2019 ж. 21 ақпан
3833
0
Қазақстан кинематографистері одағының төрағасы, режиссер Ермек Тұрсынов отандық киноның келешегі туралы сөз қозғап, «Қазақфильмге» байланысты жақында айтқан вайнер Мейіржан Төребаевтың сынына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта бүкіл шоу-бизнес, бүкіл КВН, әншілер киноға лап қойды. Ал мен олардың өнімдерін бес минуттан артық уақыт қарай алмаймын. ...Жақында бір вайнердің (М. Төребаев) видеосы әлеуметтік желіде тарап жүр. Біріншіден, жалпы, ол вайнер қалайша ол мінберге тап болды? Екіншіден, ол бір сөзімен бүкіл кинематографистер одағына тіл тигізіп отыр. Ол одақтың басшысы болғандықтан, мен қорғағым келеді», - дейді Ермек Тұрсынов Астанада өткен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Режиссердің айтуына қарағанда, кино туралы талқыланатын болса, ең алдымен Асанәлі Әшімов секілді халық мойындаған азаматтарды тыңдау керек.
«Мен сол вайнерге жауап бергім келеді. Бәрі бір-бірімен байланысты. Түсіріліп жатқандардың бәрі кино емес. Кітап дүкеніне түсіп жатқанның бәрі де әдебиет емес былайша айтқанда... Кітап дүкеніне кірсең, Мұхтар Әуезов, Мұқағалиларды көресің. Біз мында бәріміз - облыстық мәдениет басқармаларының басшыларының бәрі отырмыз. Не дегім келеді: жастармен кездесу керек. Адамдарды шақыру керек. Олардың бәрі де әлеуметтік желіде. Біз болсақ, әңгімені осында талқылаудамыз», - дейді режиссер.
Ермек Тұрсыновтың айтуынша, қазіргі зиялы қауым өкілдері жастармен әлеуметтік желі арқылы тілдесе білуі керек.
«Менің ойымша, ұлт мәдениеті - жастардың өз тарихына көзқарасымен өлшенеді. Өткенге тас атуға болмайды. Ол Шәкен Аймановты да, Сұлтан Қожықовты да аямады. Бізді қойшы... Бізде кино бар. Дарынды жастар жетерлік. Жанат Алшанов, Айдын Саламат деген мықты жастар өсіп келеді. Оларды ешкім тани да бермейді. Себебі, олар ұяң әрі еңбекқор», - деп түйді сөзін режиссер.