Өмірзақ Ақжігіт: БҮГІНГІНІҢ ҚАЛКӨЗІ, ҚАЙДАСЫҢ?!..
2019 ж. 01 ақпан
2586
0
19-ғасырдың аяқ жағында Ташкенттен бір дантист бұқарлық еврей ақша табу үшін Түркістанға келіпті. Кедей қазақтың үйінің бір бұрышын жалдапты. Және оған қарыз ақша беріп тұрыпты. Қинамапты, «қайтарсаңыз болды» дейді екен. Төрт-бес жыл өткенде «қарызыңызды берсеңіз» дейді. Сөйтсе, онысы бір емес он қыздың қалыңмалына жуық ақша болыпты. Кедей оны қалай қайтара алсын? Сонда еврей: «Бой жетіп қалған қызыңды берсең, қарызыңды кешемін» депті. Мына сұмдықтан есінен танып қалған кедейге біреу «ертең болыстар сиезі болады, соған барып Қоңырат Құйысқансыз руының болысы Қалкөзден көмек сұра, сол ғана көмектесе алуы мүмкін» деп кеңес береді. Кедей барады. Қалкөз кедейді мұқият тыңдайды-дағы «ойланайық» дейді. Сол күні болыстың шабарманы еврейге келеді, «болыс шақырып жатыр» дейді. Еврей таң қалып, оның соңынан ереді. Қалкөз еврейді құрметпен қарсы алады, хал-жағдайын сұрайды. Тек кетерінде «бір шабаданмен келген екенсіз, сол шабаданмен еліңізге қайтыңыз, жұртта ақшаңыз болса жинап алуға бір апта рұқсат, бірақ, үйдің иесіне қарап ауыз ашпайсыз. Бұл ұсынысты қабыл алмасаңыз бізге кейін өкпелемеңіз» дейді. Еврей үш күнде табанын жалтыратады... «Парасатты ерім, пір тұлғам! Ер салсаң атқа елтінжал, Ұл ермес болса ұлтымнан, Сапыңда тұрар сертім бар!» деп жазыпты дінтанушы, ақын Айнұр Әбдірасул «Ғасырдың ұлы, қайдасың?!» деген өлеңінде. Оны оқыған біздің ойымызға қайран Қалкөз болыс оралды. Ол ой қолға қалам алдырды...
Өмірзақ Ақжігіт, Фейсбук парақшасынан