"Мен білетін Гауһар болса, біреуге қиянат қылар қылықтан ада еді..." - Ермұрат Бәпи
2019 ж. 01 ақпан
2527
0
1995 жылы "Үкілі домбыра" конкурсында қазылар алқасының төрағасы болғаным бар. Музыка мен ән өнерінен кенде қалған мені байқауға бас төрешілікке қалап алған үйымдастырушылардың өз есебі болды: біріншіден, ол кезде мен Кабминнің қызметкері едім; екіншіден, жюридегі кілең музыканттар екі-үшке жарылып, қырқысып қалғанда, ресми органның әкімшіл адамы қажет болған шығар. Бірақ әңгіме бұл туралы емес. Осы байқауға ол кезде өрімдей жас, сұңғақ бойлы, өзінен гитарасы үлкен бір қыз қатысқан еді. Қазір атауы есімде жоқ: бір лирикалық әнді құйқылжыта орындап, жеке менің өзіме дауысы да, әншілікке деген талпынысы да қатты ұнады. Бірақ кілең музыкант-қазылар байқаудың лауреаттарын анықтаған кезде: "Музыкалық сауаты нашар" деп, ол қызды жүлдегерлер қатарына кіргізбей-ақ қойғаны. Содан, төрағалығыма басып, әлгі әнші қыздың үшінші орын алуына жанымды салдым. Бірақ жүлдесін алған соң, ол қыз сахнадан түсіп бара жатып: "Сіз екенсіз мені қатты қолдаған, рахмет, аға! Бірақ мен бұл жюриде болғандарды түбі бір мойындатам, көр де тұрыңыз!" - деген еді маған. Сол өрімдей өнер өрені Гауһар Әлімбекова еді. Рас, кейін мойындатты, бірнеше тамаша әндер жазды. Елге танылған әнші болды. Адалдығы мен турашылдығы түрінен көрініп тұратын қарындасым оқта-текте телефон соғып, жаңалықтары мен қуаныштарын ақтарып тұратын. "Ой, аға, еркектің көпе-көрнеу кемшілігін бетіне былш еткізетін мені кім қатындыққа алсын?!" - деп, әзілдеп кеткені есімде. "Тесік моншақ жерде қалмас..." - деймін мен. "Тесік едік, бітеліп қалдық қой, аға...". Сөйткен аңқылдақ, турашыл қарындасым осындай жағдайға тап бопты. Өкінішті! Жай-жапсарды сан-саққа жамыраған желіден біліп отырмын. Ақ-қарасын ажырату қиын. Бірақ ішімдегі бір ой: "Мен білетін Гауһар болса, біреуге қиянат қылар қылықтан ада еді..." дейді. Сол ойдың дегеніне ден қойғым келеді...
Ермұрат Бәпи,
Фейсбук парақшасынан