"Біз керек етпесек, онда кімге керек ана тіліміз?" - Серік Абас-шах
2019 ж. 24 қаңтар
3816
0
Өз елінде ана тілін табанға салып отырған xалықта қандай намыс болуы мүмкін?
Астанаға бірдеңе беріп жіберсем өтініш айтып жатқан қазақ, құжатыңды тіркеп жатқан қазақ, үсті-басыңды ақтарып-тексеріп жатқан қазақ, билетіңді таңбалап жатқан қазақ. Бірақ бәрі орысша сөйлейді, орысша сұрақ қояды. Қазақстанда емес, Чукоткада жүргендей сезінесің. Ұйқым онша қанбағандықтан сіркем су көтермей тұр еді, келесі бір шүлдірлегіштің сұрағынан соң қаным басыма шауып кетті. - Кешіріңіз, қазақша білесіз бе осы? - Қазақпыз ғой. - Менің түрім орысқа ұқсай ма? - Жоқ. - Өзің қазақ екенсің, менің түрім орысқа ұқсамайды, яғни қазақ екенмін. Онда неге қазақша сұрамайсың әуелі? Егер түк түсінбей тұрсам, сонда ғана орысшаңа немесе ағылшыншаңа көшпейсің бе? - Бәрі орысша сөйлейді ғой, аға. - Ренжіме бауырым, сорлылық қой бұл. Намыс қайда? Айтшы, қай елде тұрамыз осы? Сен сөйлемесең, мен сөйлемесем, ол сөйлемесе, кімге керек бұл мемлекеттік тіл? Біз керек етпесек, онда кімге керек ана тіліміз? (бұрқылдап кетіп барамын, сыртымнан қарап тұрған адамға күлкілі көрінген шығармын).
Р.S. Күту залында отырмын. Оң жағымда қазақ, сол жағымда қазақ, қарсы алдымда да солар... Жүйкемді тоздыру үшін алдын-ала келісіп алған ба дерсің, олар да бір-бірімен орысша сөйлесуде. Боқтап отырмын бәрін (ішімнен). Мойындайық та, бишарамыз ғой. Өз елінде ана тілін табанға салып отырған xалықта қандай намыс болуы мүмкін?
Ескерту: Әуежай қызметкерлерінің кәсіби шеберлігіне қатысты айтар шағымым жоқ.
Серік Абас-шах, Фейсбук парақшасынан