"Жүрсін Ерманға осы жолы жаным ашып кетті" - Серік Ақсұңқарұлы
2018 ж. 18 желтоқсан
12045
0
Кешелі-бергі айтысты тікелей эфирден көргенде халық пен тобырдың тағы бір тайталасын көз шалып қалды. Тобырға жарқ-жұрқ еткен жылтырақ, ел ішін алатайдай бүлдіретін айқай-шу керек те, халыққа- елінің ертеңін еншілеген парасатты поэзия керек екен.
Тобырдың шәйірлері жазба поэзияның ішінде де қаптап жүр. Әр өлеңі-түсінікті... Қарабайыр! Қасаң! Ақыл айтады... Қадырлар мен Жұмекендердің көлеңкесінде отырып алып, көйітіп береді... Жаңалық жоқ,-көшірме, вариациялар! Күннің шуағын көрмей, көлеңкесін күйіттесек, Айды аспанға біз шығармағанда кім шығарады деп ойлайды! Өлеңінде Ұлы Мәртебелі Поэзияға тән көркемдіктің нышаны да жоқ! Жәңгір ханды жерден алып, жерге салған Махамбеттің жырларындағы өр жүректен ғана шығатын сұңғыла сұлулық , терең ой мен тегеурінді рух қайда?! Шернияздар мен Шөже жырындағы Айсберг сынды астарлы ойлар ше? Жоқ қой?! Көшедегі көрінген пенденің қуыс кеудесінде жүрген құрғақ сылдыр сөзді айта салады! "Ханның сөзін қара да айтады, бірақ, аузының дуасы жоқ!"-деп, қазақ осыларды айтқан! Поэзия ма - осы?!
Халық пен тобырдың теке-тіресі күллі болмыс-бітімімізден көрініп тұр, поэзиядан да, айтыстан да. Кеше екі оттың ортасына түскен Жүрсін Ерман бауырыма осы жолы жаным ашып кетті! Қалай дегенмен де айтыстың әкесі осы еді ғой? Қайран, Жүрсін... Жүрегіңе абай бол, бауырым?!.
Серік Ақсұңқарұлы, Фейсбук парақшасынан