АМЕРИКАЛЫҚ АБОРИГЕНДЕРДІҢ ДАНАЛЫҒЫ
2018 ж. 04 қыркүйек
4097
0
Еуропалықтар жаулап алғанға дейін Америка құрлығын мекен еткен үндістердің (олардың бірқатары өздерінің тамырын түркі халықтарымен байланыстырады) өмір танымдары мен даналықтары қайран қалдырады. Төменде америкалық аборигендердің таңдай қақтырарлық афоризмдерін ұсынып отырмын. (Жақша ішінде тайпалардың аты көрсетілген).
1. Жылаудан қорықпа. Көз жасы адамның жан дүниесін көп нәрседен тазартады. (Хопи) 2. Аузыңда күн күркірегенше, қолыңда жасын (найзағай) ойнасын. (Апачи) 3. Барша өсімдік – бізге бауыр. Егер құлақ қойсаңыз, олардың қалай сыбырласқанын естисіз. (Арапахо) 4. Өмір дегеніміз не? Ол түнде ұшатын жарқырауық қоңыз. Ол бизонның қысқы күнгі тынысы. Ол күндіз шөп үстінде жылжитын, кешке қарай жоғалып кететін көлеңке. (Қарасирақтар – Blackfoot) 5. Жер бізге ата-бабамыздан қалған мұра емес, оны біз келер ұрпақтан қарызға алғанбыз. 6. Туған кезіңде сен жылап, ал мына әлем қуанған болатын. Дүниеден өтеріңде енді өзің қуанып, әлем жылайтындай өмір сүр! (Чероки) 7. Бір аяғымен каноэде, бір аяғымен қайықта тұрған адам суға құлайды. (Тускарора) 8. Жүрек –біздің бастапқы ұстазымыз. (Шайенн) 9. Есіңде болсын: сенің балаларың сенікі емес, оларды Жаратушы Ие аманатқа берген. (Могикан) 10. Құлағыма құй –жадыма түспес. Көзіме шұқы – есіме де түспес. Жан-тәніңмен үйрет – соны ғана ұғармын. 11. Адамзат заңы адамдар өзгерген сайын өзгереді. Жаратушы Ие заңдары ешқашан өзгермейді. (Кроу) 12. Өлім – әлемдердің ауысуы ғана. (Дувамиш) 13. Өтірік ұйқтаған адамды оята алмайсың. (Навахо) 14. Көрген түсіңнің бәрі өрмекшінің өрмегінен өрілген. (Хопи) 15. Итпен бірге ұйқтасаң – үстіңде бит қаптап оянасың. 16. Табиғаттан қашықтаған сайын адам жүрегі қарая береді. (Лакота) 17. Көктемде аяғыңды байқап бас, Жер-Ананың аяғы ауыр. (Кайова) 18. Білімге емес даналыққа ұмтыл. Білім – өткеннен дариды. Даналық – келешекпен келеді. (Ламби) 19. Егер ізгілік істеуге себеп таба алмасаң – бұған өзің ғана кінәлісің. (Делавэр) 20. Айналаңдағы жанды әлемге құрметпен қарасаң, олар да саған құрметпен қарайды.
21. Бақа өзі тұрған көлді ішіп тауыса алмайды. (Сиу)
P.S. Американы бағындырған еуропалықтардың сол кездегі жауыздықтары алдында Гитлердің «холокосты» баланың ойыншығындай болып қалады. Библияда үндістер туралы ештеңе айтылмаған деген сылтаумен бес ғасырға созылған қырғында Америка мен Канаданың 95 миллионнан 114 миллионға дейінгі байырғы тұрғындары өлтірілген. Бүгінде АҚШ-та 5 миллиондай ғана үндістер қалыпты. Бұл бүкіл АҚШ халқының 1,6 пайызы. Олар резервацияларда тұрады. Үндіс тайпаларының ішінде саны жағынан ең көбі – чероки (310 мың), навахо (280 мың), сиу (115 мың) және чиппева (113 мың). Зерттеушілердің анықтауынша елде бүгінде үндістердің 139 тілі сақталыпты. Оның жартысынан астамына жойылу қаупі төніп тұр.
Марат Бәйділдәұлы, Фейсбук парақшасынан