Ішкі істер басқармасы қазақ тілін менсінбей ме?
2018 ж. 22 тамыз
5861
0
Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінде қазақ тілінде ақпарат жазатын маман жоқ дегенге өз басым сенгім келмейді. Себебі баспасөз бөлімінің ресми өкілі — Салтанат Әзірбек ханым қазақ тілінде сауатты сөйлей алады. Бірақ баспасөз баяндарының бәрі тек қана орыс тілінде. Мемлекеттік тілде бірде бір ақпарат келмейді. Неге? Қалалық ІІБ қазақ тілді журналистерді менсінбей ме, әлде қазақ тілді журналистер өздері аударып алсын деп ойлай ма? Аталған мәселенің себебін сұрап, бізге ақпаратты қазақ тілінде жіберулерін өтінген болатынбыз. Өкініштісі «Қазақ тілінде ақпаратты екі күн күтесіздер» деген жауап алдық. Қазақ тілінде ақпарат тарату қалалық ІІБ үшін соншалық қиын сияқты. Дәл бүгін қазақ тілінде жіберген ақпараттық сұранымыма орыс тілінде екі бет жауап келіп тұр. Бұл не деген масқара? «Қажет болса өзің аударып ал» дегендері болар. Бірақ біз қайта хабарласып, қазақ тілінде жауап берулерін заңдық тұрғыдан талап ететінімізді айттық. Бұл осы басқармада ғана орын алып отырған олқылық емес, көптеген ресми ұйымдар қазақ тіліне дәл осындай бейжайлық танытады. Осыдан кейін «қазақ тілді журналистер ақпаратты кеш береді» деп тағы біразыңыз өкпе айтасыздар. Қазақ тілді журналист ресми ақпаратты аударып отырғанда, орыс редакциясы орыс тілдегі дайын мәтінді жариялай салады. Дәл осы мәселені өзара шешіп алармыз деп Салтанат ханымның жеке почтасына екі рет қазақ тілінде ақпарат жіберуін өтініп хат жаздық, көмекшісіне хабарластық... Біздің өтінішімізге пысқырғанда жоқ. Өз еліңде тұрып, өз тіліңде ақпарат ала алмау не деген бейшаралық...
Айжан Қалиева,