М.Тазабек: Мұхамедиұлының төккен терін парықсыз пенде ғана көрмейді
2018 ж. 05 шілде
2628
0
"Бүгін, Астана төріндегі айтулы шарада, екі мың адамның арасында, дүбірлетіп домбыра тартып отырған майталман министрді көріп, көңілім сүйсінді.
Ия, қазақи қасиеттеріміз қайта оралды. Қанша ғасыр толарсақтан саз кешіп жүріп аңсаған күнге жеттік. Бабаларымыз тұлпарының тұяғымен дүбірлеткен дүние жүзін "Ұлттық домбыра күні" домбыраның үнімен күмбірлеттік. Жыл сайын "Алтын тұлпар" аламан бәйгесін, "Қазақстан барысы" күрес додасын көрмесек, көңіліміз көншімейтін дәрежеге жеттік. Одан қалса, ұлттық салт санамыз бен дәстүр-ғұрпымыздың көне керуені даламызға Астанадағы айрықша этно-ауыл боп оралды. Келушілер садақ атып, ұлттық бұйым алып, ұлттық спортты тамашалап, ұлттық қолөнермен айналысып, нағыз қазақ екендігін шынайы сезіне алатын этно-ауыл қалалық қазақтардың демалыс мәдениетіне төңкеріс әкелген ойын-сауық болды. Күннен күнге айтыстай төл өнеріміздің қадірі мемлекеттік деңгейде көтеріліп, тәрбиелік мәні зор жыр-термелеріміздің насихаты күшейіп, дәстүрлі өнеріміз қанат жайып келеді. Қазақтың мәдениет майталмандары тек мемлекет аясында ғана емес, жаһандық деңгейде де өнерін көрсетіп, қазақ баласын күллі әлемге танытып жатыр. Айта берсек, атқарылған істер тізімі таусылар емес. Міне, нағыз рухани жаңғыру! Алайда, асқар таудың жер бетіндегі көзге түсетін биіктігінен жер астындағы көпшілік көрмейтін тереңдігі үлкен болатыны сияқты, ұлан-асыр шаралардың ар жағында тұрған асыл азаматтар көп жағдайда көлеңкеде қап жатады. Жоғарыда атап өткен, тікелей Елбасымыздың тапсырмасынан бастау алған игі шаралардың толық атқарылуын өз мойнына алып, күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп жатқан мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына пайымды жұрттың алғыстан басқа айтары жоқ. Арыстан ағамыздың, осынау мәдениет ісінің соқтықпалы жолында қаңқу сөзге де, келеңсіз қарсылықтарға да төтеп беріп, саяси сынақтарға сынбай, ұлт мүддесі үшін төккен тері парықсыз пенденің ғана көзіне көрінбес. Елге де руx берген, Елбасының да алғысын алған қыруар еңбек өзінің тарихи бағасын биік дәрежеде алып жатыр деп ойлаймын. Ел үшін туған ерлер мен ер тудырған ел аман болсын! Қазақтың тәуелсіздігі тұғырлы, тыныштығы тұрақты, бейбітшілігі берекелі болсын!"
Мұхамеджан Тазабек,
Фейсбук парақшасынан