"Әмірені" әр қазақ көрсін
2018 ж. 04 сәуір
3559
9
"Әмірені" әр қазақ көруге тұрарлық фильм Әміре жайында жазылған кітап та, басылымдар да аз емес. Жақында ғана «Әміре» фильмінің таныстырылымы болып, тың мәліметтермен тағы да танысқан жайым бар. Джефф Веспаның қазақтың иісін бұрқыратып шығара білген «Әміре» туындысы күллі қазақияға жол тартты.
Фильмде 1925 жылы Париждегі Экспо аясында өткен ән байқауы бейнеленген. Көрініс қазақ жерінің кең жазира даласынан бастау алып, Латвия, Лос Анджелес сынды алып шаһардың әсем көрінісімен жалғасын тапты. Париждің сұлулығы Әміренің көңілінен шықпай қоймады. Алғашында шыққан сахнаға үйренісе алмаған Әміре, қолына қара домбырасын алғанда жүйткіген желдей зымырай жөнелді. Айдарынан жел ескен Әміренің дауысы жиылған қауымның көңілінен ойып тұрып орын алғаны аздай, талантымен талайды таң қалдырған жолдастар табады. Байқауға қатысып жүріп қазақтың зиялысы Мұстафа Шоқайды кезіктіріп, онымен азды-көпті сұхбат жүргізді. Дегенмен, онысы өзіне таяқ болып тиді. Францияға шақырту алған сәттен бастап Лебедевпен жолдас болады. Одан қала берді Джордж Гершвинмен де жолдас болғаны айқын көрініс тапқан. Қазақтың ән әлеміндегі дарабозы Әміре ән байқауынан 2 орын алып, күміс жүлдемен марапатталды. Оның дауысы сол кездегі жазбаларға жазылып, домбырасы қазіргі кезге дейін сақталған.
Әміренің рөлін сомдаған талантты актерлердің бірі - Санжар Мәдиев болса, сол кездегі ұлт-зиялыларының бірі Мұстафа Шоқайдың рөлін – Еркебұлан Дайыров сомдап шыққан.
Фильмде тек қазақ азаматтары ғана емес, британдық актер Бен Алдридж, австралиялық актриса Эбби Корниш және тағы басқа актерлер де бой көрсетті. Әміренің қысқа ғана баяндалған өмірінің бір бөлігін барша қаны қазақ жұртшылық көру керек. Нағыз дарын иесінің қалай көз жұмғаны әлі күнге белгісіз болса да, сол қысқа ғұмырында тарихта аты қалған Әміренің ән әлеміндегі қазақ еліне тигізген пайдасы орасан зор екені белгілі. Таланты мен дарынын ұмытпаған қазақ елі, «Әміре» фильміне барып, жас Әміренің боямасыз қазақы бет – бейнесі көруі керек...
Ақтолқын Бейсен,
Қазақ үні