Темекі тартатын қызбен сүйіскенше, күлсалғышты жалаған жақсы
2017 ж. 11 сәуір
6066
4
...Бір мезгілде көптің арасымен сығылыса жылжып, меруерттей мөлдіреген бір қыздың тақалып келе жатқанын байқадым. Жас ботадай монтия қарайтыны бар екен. Түсі игіден түңілме деуші еді, мен де ұмсына түсіп, кеудесіне қыса ұстаған ауыр сөмкесіне қол соза бердім. Жәрдемдесу парыз шығар...
Ол да ығытымды бағып, күлімсіреген күйде әжептәуір салмақты нәрсені асықпай алдыма жайғастырады. Бірақ дәл жаныма келгенде жаңа ғана іш жылытқан бойжеткенді мезетте жақтырмай қалып едім. Аузынан темекі исі бұрқ еткен. Шылым шегетін қыздарды ұнатпайтын әдетім. Лып еткен көңіл күйін жасыра алмай қалатыным да бар. Тіпті, түсім бұзылып кетсе керек. Оны қыз да аңғарды. Өз-өзінен қолма-қол жүдеп, томсырайып қалды. Енді қайтейін!
Баяғы жастау кезде «Темекі тартатын қызбен сүйіскенше, күлсалғышты жалаған жақсы!» дейтін сөзді естуші ек. Сол жадымда қалып қойыпты. Әрине, мына сұлумен аймаласудың ыңғайы келе қоймас, әйтсе де сонша шылымқор болып не әкетіп барады екен деп кіжініп те қоям іштей...
(Бұл «Мен кімді сүйемін?» деген әңгімемнен үзінді еді. 2001 жылы жазылған. Алдында «Жас қазақ» газетінде шықты. Кейін 2011 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Боз жауын» жинағына енді. Ержан Тәліптің бір ойына комментарий ретінде салмақшы едім. Одан адасып, таба алмай қалдым да жеке шығаруға мәжбүр болдым. Біреулер ренжір. Ал біреулерді ойлантар).
Құлтөлеу Мұқаш,
Фейсбук парақшасынан