Тілін білмегендердің билікке келе бастағанынан қорқу емес, қорлану керек
2017 ж. 05 ақпан
4284
9
Әлеуметтік желі қолданушысы Айгүл Қажыбек өзінің Facebook парақшасында өз тілін білмеген шенеуніктердің билік басына келе бастағанынан қорлану керек деп жазыпты. Бұл туралы qazaquni.kz порталы хабарлайды.
"Қытайдың ұлы ұстаз-ойшылы Күңзыдан шәкірттері "Егер бір елге басшы болсаңыз, алдымен не істер едіңіз?" - деп сұрапты. Күңзы ойланбастан "Ұлттың тілін тәртіпке салар едім", - дейді. Мұны естігендер қайран қалып, себебін сұрапты. Сонда Күңзы "Тілі бұзылса ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жоғалу қаупіне ұшырайды. Тілі жоғалған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды, мұндай жағыдайдың алдын-алу керек" деген екен.
Тілін білмегендер билікке келе бастағанынан қорқу емес қорлану керек екен", - деп жазған желі қолданушысы.
Аталмыш пікірдің өзектілігін қолдай отырып, елімізде жоғары лауазымды шенеуніктердің ішінде мемлекеттік тілді білмейтіндер көптің қасы екенін атап өткіміз келеді. Мысалы, жақында ғана Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің "Мәскеуде 5 жыл қызмет етіп, туған тілімді ұмытып қалдым" дегені ел ішінде қызу талқыға түскен еді. Елдің сынына ұшыраған министр ақыры "Жарты жылда қазақ тілін үйренемін" деп уәде беріп құтылды.
qazaquni.kz