"ЛЕНИННІҢ БАСЫ" немесе САҚАЛЫ ағарғанмен САНАСЫ ағармағандар
2016 ж. 13 сәуір
3432
6
Өткен аптада Астана төрінде бір жездеміз алпыс жылдық мерей той жасап шақырды. Онша етене жақындығымыз болмағанмен, әпкеміз осыдан отыз жыл бұрын осы Торғайдың серісіне, оңтүстіктің шырайлы дидарын Арқаға айырбастап кеткені есіме түсіп, тойға бардым. Апамыз риза болсын деген ниетпен. Тойда жездеміздің омырауынан жалтылдаған "Лениннің басын" көріп мазам қашты. Жан жағыма қарасам, жездемізбен Торғайда "комсомол комитетінде қызмет атқарған" сақалдары сапсиса да, өткендері мен жеткендерін ұмытпаған кілең "алпыстағылар" жиналған екен. Бәрінің төстерінде "Лениннің басы"...Содан сөз кезегі келгенде, алқалы топтың алдында омырауындағы жалтылдаған "Лениннің басын" мына торқалы тойыңда, алпысқа толған шағыңнан естелік болсын, әрі ақсақал болдың "тәбәрік" деп, сөгіп алдым да, "Бұл бастан шыққан небір зұлымдықты көрген қазақ, тоз тоз болып тарыдай шашылған қазақ, аштықтан, қиянаттан асылып, суйегі көмусіз қалып мүжілген қазақ, ұлттығы мен болмысынан алыстап, адасқан қазақ болдық. Немерелеріңнен ұялыңдар. Сендер өткен комсомол кездеріңді сағынған боларсыңдар, бірақ мына тойда жастар отыр, бала шаға бар. Ностальгияларыңды өз араларыңда еске алыңдар. Бірақ мына ұрпақты уламаңдар"- деп жұмсартып ақ жеткізгендей болдым.
Бірақ оларға "қатты тиген болу керек". Менен кейінгі сөз тақырыбы "Лениннің басына" ауысып кетті. Лениннің басын тәбәрік етем деп, жарнамалауға себеп болғанымды кеш аңғардым.
Алпыстағылардың сақалы ағарғанмен, санасы ағармаса бәрі далбаса екен.
Досай КЕНЖЕТАЙ