Алаш астанасындағы университетке Әлихан Бөкейхан есімін беру бастамасы көтерілді
2021 ж. 04 наурыз
11503
1
Әлихан Бөкейханның еңбегіне жоғары биліктің назар аударғаны мені қуантты. Президентіміздің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған ойдан кейін сең қозғалғандай болды. Бұл бір алыстағы арман еді. Сол арманға бір табан жақындағандай болдық.
Әлиханның тұлғасына әлі күнге толыққанды баға берілмегені жайында көпшіліктің наразы пікірлері баспасөз беттерінде, әлеуметтік желі парақшаларында жазудай-ақ жазылып жүр. Әсіресе, ана жылы Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына Әлиханның аты берілмей қалғанда бүкіл қазақ даласы күңіренгендей болып еді. Жақында оның шешілгені туралы сүйінші хабар естідік. Соңғы бірнеше жыл көлемінде Әлихан есімі біраз мектептерге, көшелерге берілді. Бірақ елдің ендігі арманы одан биікте екені түсінікті ғой.
Әлекеңнің идеясын қолдап, соңынан ерген ұлы тұлғалар Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсынұлының, Халел Досмұхамедұлының, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Ілияс Жансүгіровтің, Құдайберген Жұбановтың, Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтбаевтың т.б. атына университет берілгенде сол даналарымыздың барлығы бірауыздан көсеміміз деп мойындаған дара қайраткердің атында бір жоғары оқу орны болмағаны елдігімізге сын емес пе?
Негізі, ұлттық университеттердің бірін атап жіберсе жақсы-ақ болар еді. Бірақ олардың барлығының қазір атауы бар. Осы тұста маған мынадай бір ой келеді. Әлихан бабамыз ХХ ғасыр басында Абайдың рухы бар қарт Семейдің Жаңасемей жағын Алаш қаласы деп атап, күллі қазақтың астанасы қылуға талпынғанын тарихтан білеміз. Бабамыздың алғашқы ескерткіш бюсті осыдан он бес жыл бұрын сол қалада Шәкәрім университетінің алдына қойылған. Бес жыл бұрын 150 жылдығында тағы бір керемет ескерткіші бой көтеріп, қаланың қақ ортасындағы саябаққа қойылды.
Менің білетінім, Семейде контингенті жағынан ең үлкен бір университет бар. Жеті мыңнан аса студенті бар ондай оқу орны кейбір облыс орталықтарында жоқ. Ғимараттары да заман талабына сай жаңарған білім ордасы. Бір барғанымызда сол университетте «Алаш» орталығы жұмыс істеп тұрғанын көргенмін.
Ол – Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті. Егер құрылтайшылары қолдаса, сол университетті Әлихан бабамыздың атына берсе деген ұсынысым бар!
Алаш көсемінің ізі қалған қалаға сол жарасымды болмас па деген ниет қой. Кейін қайраткер бабамыздың атына үлкен қала да, басқа ғимараттар да беріле жатар. Ол енді уақыттың еншісіндегі шаруа.
Қазіргі ыңғайлы жағдайды пайдаланып осы идеяны жүзеге асыруға мені көпшілік қолдайды деп үміттенемін!
Серікзат Дүйсенғазы,
facebook парақшасынан