Қазақтар бір-бірімізді талап жеуді қашан қоямыз - Арман Рахмет
2021 ж. 26 ақпан
8246
0
Шетелде жұмыс жасағаныма 2 жыл болып қалды, одан бұрынғы елдегі 15 жылдық тәжірибеммен салыстыра отырып біраз нәрселерді түсіндім.
Біздің елде өзім жасаған мұнай-газ саласында қазақтар бір-бірін аямайды екен. Көмектесу, қолдау, жағдайды түсіну, мейірімділік деген өте аз. Бәрі емес, бірақ көбі сондай қатал.
Соның кесірінен ұрыс-керіс, жанжал, бір-бірін жамандау, жұмыстан шығарту көп.
Иә, оп-оңай жұмыстан шығарып жібереді. Әсіресе Теңіз кенішінде.
Бір танысым бірде бөсіп отыр қарауымдағы адамдар 3 қате жасаса ойланбай жұмыстан шығарам деп. 3 қате! Ал ана бейбақтың табысына қарап отырған жанұясы ше? Жоқ, ол туралы тіпті ойланып отырған жоқ... Өкініштісі соның бәрін жасап жатырған өз қазағың, басқа ешкім де емес.
Мен шетелде жұмыста 3 қате емес, 99 қате жібердім, бірақ жұмыстан шығарған жоқ, тіпті сөгіс те берген жоқ.
Әсіресе жұмысқа жаңадан кірген кезімде басқа ұлттың өкілдері жаңа жұмысты меңгеріп кетуіме көп көмектесті. Күні бойы әрбірі келіп жағдайымды сұрап, қолдау білдіретін. Соның арқасында жұмысты үйреніп кеттім. Ешкімнің туысы немесе бауыры емеспін, демек бұл жәй ғана адамгершілік.
Меніңше адамға әрқашан мүмкіндік, уақыт беру керек. Жұмыстан шығару деген ең соңғы, басқа амал қалмағандағы қолданатын шара, және ең жиіркенішті шара.
Ал біз неге бір-бірімізге сондай қатыгезбіз? Қайда біздің бауырмалдығымыз? Қайда жанашырлығымыз? Тіпті сырттан жау іздеп қажет емес, өз-өзімізге жаумыз.
Қысқасы, біз қазақтар қашан бір-бірімізді талап жеуді қоямыз, сонда ғана ел боламыз. Солай.
P.S. Жазғаным тек мұнай-газ саласы туралы, басқа саланы білмеймін.
Мақсат- ұлтты жамандау емес, адамдарды жұмыста мейірімділікке, бір-бірімізге түсіністікпен қарауға шақыру. Бұрынғы заманда жетімін жылатпаған үлкен жүректі халық едік, сол жүректі қайта табайықшы.
Еліміз жаралысын жейтін көкжалдар мекені емес, сүрінгенді демейтін ҰЛЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ болсыншы.