Шетелдіктер мен азаматтығы жоқтар митинг ұйымдастыратын құқы болмауы керек - Данияр Есен
2020 ж. 01 мамыр
1043
0
«Ырыс, қайда барасың? Ынтымағы жарасқан, бірлігі бар елге барамын!» - дейді халықтың әпсанасы.
Солай демекші, карантин режимі жұмсарып, ел пандемия соққысынан енді есін жинай бастағанда, шет мемлекеттерден ескен құйтырқы әрекеттер ел бірлігіне сызат түсірмесе болғаны.
Күні кеше Фейсбук әлеуметтік парақшасында құқыққорғаушы Евгений Жовтистің митингілер туралы заң жобасын сынға алған жазбасы жарық көрді. Артынша әлеуметтік желіде қызу пікірталас басталып та кетті.
Өзінің жазбасында Жовтис мырза Қазақстанда шетелдіктер мен азаматтығы жоқтарға да митингіге шығуға рұқсат беру керек деген талабын айтады.
Бұл енді Қазақтың бірлігіне сызат түсіргісі келген шетелдік ұйымдардың арнайы «тапсырмасы» екені тайға таңба басқандай, анық көрініп тұр.
Қарымта жауап қайтарған ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі Қазыбек Иса ағам: «Шетелдіктерге митинг өткізуге рұқсат беретін болсақ, ертең, мысалы АҚШ-тың Үкіметтік емес ұйымдарына байланысты шетелдіктер көшеге шығуы мүмкін. Қытайлықтар жер сұрап, Ресейліктер солтүстікке көз алартып, шетелдіктердің мүддесін қорғаған митинг болса, не істейміз? Мемлекеттік органдар оларға жауап беруге міндетті болады. Біздің елде... митингіге шыққан азаматтарының мүддесін қорғаған Қытай, Ресей, Америка үкіметтері қысым көрсете бастаса, оларға жовтистер жауап бере ме?» - дейді өзінің жазбасында.
Қазыбек Исаны толық құптаймын. Біз мысалы, шет елге барып, сол жақта уақытша тұратын болсақ та, өз талабымызды қоя алмаймыз. Сол сияқты шетелдіктер мен азаматтығы жоқтар митинг ұйымдастырып, өз талабын айтуға құқы болмауы керек.
Бұл пікірталасқа Қазыбек ағам: «Қазақстанда ішкі саяси және қоғамдық мәселелерді шешуге тек қазақстандықтар ғана құқылы болуы керек!» - деп нақты нүктесін қойыпты.
Қазыбек Исаның айтып отырған уәжі қазақстандықтар тарапынан қолдау табады деп сенеміз.
Бірлігіміз мықты, ел іргесі аман болсын!
Данияр Есен,
Фейсбук парақшасынан