Марат Бәйділдәұлы: ӨЗБЕК БІЗДЕН ОЗЫП ТҰР
2020 ж. 10 қаңтар
14305
2
2020 жылдың алғашқы күндерінде Өзбекстанға жасаған сапарымыз өте жақсы әсер қалдырды. Тәшкенттен «Афросияб» жүрдек поезымен Самарқанға жол бүкіл мемлекеттің артықшылықтарын алдымызға жайып салды. Өздеріңізге мәлім, соңғы жиырма жылдай уақыт Қазақстан Өзбекстанмен бәселекестікте жүргендей сезілетін. Тіпті «Орта Азияның көшбасшысы» саналып, аймақтық лидер атануға ұмтылғаны есімізде. Үй салуға арзан жұмыс күші ретінде өзбек құрылысшыларын жалдағанымызға мәз болып жүре беріппіз. Сөйтсек, мұнымыздың бәрі далбаса екен, өзбек бауырлар бізден көш ілгері озып кетіпті.
Өз басым кәнігі журналист ретінде экономикалық небір көрсеткіштерді пайдаланып Қазақстанның жетістіктерін, Өзбекстанның кемістіктерін «тізіп» бере аламын. Алайда мәселе экономикада емес екен. Сондықтан Өзбекстанда өзім көзіммен көрген үш жетістікті айтайын.
Иә, Өзбекстан Қазақстаннан несімен артық дейсіздер ғой?
Ең бастысы, даусыз артықшылығы – Өзбекстанның ұлттық мемлекет құрғандығы!
Екінші артықшылығы, барлық жерде 100 пайыз мемлекеттік тіл – өзбек тілі қолданылатындығы.
Үшінші артықшылығы, Өзбек елінің тазалығы. Кәдімгі тура мағынасында. Қала көшелерінде, поезд жолының бойында қылтық жоқ қой, қылтық жоқ!
Экономикалық тұрғыдан ілгерілеу немесе кейіндеу бола жатыр, ал шынайы ұлттық мемлекет құру бұл ғажап жетістік! Қазақстанның қазіргі режимі отыз жылда мемлекет құраушы қазақ халқының ұлттық мемлекетін емес коррупциялық былыққа батқан, қарызға кеңсірігіне дейін шөккен дүбара мемлекет қалдырып барады. Ата заңымызда белгіленілген мемлекеттік тіліміз ойыншыққа айналған. Қазақстанда орысқа бодандық әлі күнге жалғасуда. Өзбекстандағыдай тілдік басымдыққа жету Қазақ халқы үшін арман. Ұлттық идеология Қазақстан үшін басты идеология болуға тиіс еді. «Алдымен экономика саясат содан соң» деген ұстаным елді рухани тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тұралатып тастады.
Өзбек елінде кейінгі кезде құрылыс кең қанат жая бастаған. Енді өзбек-гастарбайтерлер барынша азаяды. Тағы бір салыстыру: Өзбекстанның шетелдерге қарызы $21 млрд. Қазақстанның сыртқы қарызы 158 млрд!
2020 жылдың басында Қазақстан халқының саны 18,5 млн болса, Өзбекстанның халқы 32 млн-ға жетіп қалды. Мұнда күніне 2043 бала жарық дүние есігін ашады, бұл сағатына 85 шақалақ өзбектер санын көбейтіп жатыр деген сөз. Ал Қазақ билігі болса «төсекке жатарда билікпен неге ақылдаспайсыңдар» деп лағады.
Мені өте таң қалдырғаны – өзбек халқының тазалығы. Ауласы мен көшесін, ауылы мен қаласын мұнтаздай ұстауы бұл ең алдымен өзін құрметтеуі. Осындай жетістіктері бойымда өзбектерге деген үлкен құрмет сезімін туғызды.
Шекарадан бері өткенде қазақ жерінің ластығы, күл-қоқысқа толып тұруы – біздің бейшаралығымыздай көрінді. Өзбек бауырларымыздың осындай жетістіктеріне қуандым әрі қызғандым. Ең болмаса сол тазалықты біз де үйренейік те?!
Марат Бәйділдәұлы,
Фейсбук парақшасынан