Марат Бәйділдәұлы: ЖАҢА МЕШІТ - ЕСКІ ПРОБЛЕМА
2020 ж. 03 қаңтар
10862
4
Алла тағала нәсіп етіп 3-қаңтар күні Сарыағаштағы Сатыбалды Әбішұлы атындағы жаңа мешітте жұма намаз оқыдық. Мешіт өте әйдік, керемет жоспарланып салынған. Ұлдар, Қыздар медресесі, Спорт орталығы қосымша әр беріп тұр. Келес өзенін мешітті айналдырып ағызып қойған. Сондай жарасымды. Тура Дубайда жүргендей әсерге бөленесің.
Мешіттің бір ғана кемістігі байқалды. Ол күллі жаңа тойxаналар мен бірқатар жаңа мешіттерге тән акустикалық проблема. Ғимарат ішін дыбыстық тұрғыдан жарақтандыру ескерілмеген. Уағызшының дауысы даңғыр-дұңғыр, балдыр-бұлдыр. Әсіресе дикцияға мән бермейтін адам болса дыбысы бірыңғай "күркіреме".
Бүгін мінберде Әбдіғапар Сманов екен. Бұрын Ю-тубтан тыңдаған бір-екі уағызы ұнаған. Ал бұл жолы акустикалық ақаулардан айтқандарын түсініп жарытпадық.
Алматыда жұма намаз 13:30-басталса, Сарыағашта 14:00 деп естігенбіз. Мешітке 13:40-та ендік. 20 минуттан кейін жұма намаз уақыты кірді. Уағыз жалғасып жатыр. Әбдіғапар от алып алған КаМАЗ сияқты тоқтайтын емес. 14:10, 14:15, 14:20 болды. Адамдар тыпыршып "енді қашан?" деп қояды. Арқадан соққан боран (сквозняк) тағы өтіп барады. Ал шала жаңғырыққан дыбыстар легі тоқтар емес.
Түсінбей "жынды" болып отырған жалғыз мен шығармын деп жанымдағы жас жігіттен сұрасам ол да "түсінбедім" дейді. Ара-арасында жекелеген сөздерді нығарлап, қатаңдатып айтқанда біреуге жекіріп жатқандай естіледі. 14:23. Әбекең Жаратқан Иеміздің жердегі орынбасары міндетін өз еркімен мойнына алғандай жамағатын ұрсып-ұрсып арындаған атының басын әзер қайырды.
Дініміздің басты ерекшелігі көркем мінез деуші еді. Ойланып қалдым. Кейін жұма намаздан соң сыртқа шыққанымызда таныстарым "баласы да осындай, бір шешіліп кетсе қайтару қиын" деп жатты. Уағызшы жұрттың уақтысын жемеуі керек қой дейді ішкі ойым.
Бұл пікірлер Әбекеңді сырттай ғайбаттау емес. Ғибадат соңынан өзіне жолығып айтпақ едім, уақыт тар болып қалды. Сондықтан нақты ұсыныстарымды ФБ арқылы айтайын.
Біріншіден, арнайы мамандар шақырып жаңа мешіттің акустикалық ақауларын жою. Екіншіден, мешітке кіретін негізгі есіктің ішкі бетіне Түркиядағы сияқты туырлық тәрізді жабынды ілу. Бұл өкпек желді болдыртпайды.
Үшіншіден, Қазақстан имамдары жұма намаздың уақытысын өз қалауынша өзгертуіне, әсіресе жарты сағатқа жуық кешіктіріп бастауына тыйым салу. Төртіншіден, уағыз көлемін мөлшерден далитпау. Бұл енді Әбекеңнің тікелей Өзіне қатысты өтініш. Бесінші, бұл жергілікті билікке қатысты - мешітке бұралаң-бұлтақсыз жақсы жол салу. Посттың мақсаты - ортақ іске оймақтай болса да үлес қосу. Артық кеткен жеріміз болса Алла кешірсін!
Марат Байділдаұлы,
Фейсбук парақшасынан