"Қарға болғым келеді". Өскеменнің тұрғыны әлеуметтік желіге жанайқайын жазды
2019 ж. 27 қараша
3135
0
Өскемен тұрғыны әлеуметтік желіде қала экологиясына қатысты қызықты жазба қалдырды, деп хабарлайды өңірдегі Алтайньюс ақпарат агенттігі.
Суретте көріп тұрғанымыздай, «Өскемен жылу-электр орталығының» мұржасынан көк түтін будақтап жатыр. Қала көк түтіннің «тұтқынында». Қалықтап жүрген қарға да қала тұрғынының камерасына кездейсоқ түспеген сияқты. Сондай-ақ бұл картинаның Спорт сарайының алдындағы жер үсті өткелінен түсірілгенін аңғару қиын емес.
«Мен бүгін «ғылыми жаңалық» аштым. Өткелде тұрып, УКТЭЦ мұржасынан шыққан көк түтіннің ауаны ластау деңгейін анық көруге болады. Қала тұрғындары өздері-ақ өткелден өтіп бара жатып, ауада шоғырланған газды көріп, біле алады. Осы кезде менің қарға болғым келіп кетті. Өйткені ол биікке самғап кетіп, тыныстай алады ғой, – деген жанайқайын қала тұрғыны инстаграм желісінде жазыпты.
Алайда, жергілікті ақпарат орталығы аталмыз жазба авторының есімін жарияламады.