Бір қала салатын ақшаны 22 шақырым монорельске құйып жатыр - журналист
2019 ж. 11 қазан
7580
0
Журналист Ескендір Тасболат facebook парақшасында «Астана LRT» жобасының құны мен жеке баспана бағасын салыстырып көрді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Астана LRT» жобасының құны – 1 887 000 000 (бір миллиард сегіз жүз сексен жеті миллон) доллар дейді. Мұны өз ақшамызға шақсақ, 735 930 000 000 (жеті жүз отыз бес миллиард тоғыз жүз отыз миллион) теңге. Үй салған адам ретінде айтар болсам, қарапайым бір жер үй тұрғызуға шамамен 20 000 000 теңге кетеді. Сонда анау ақшаға 36 000 жер үй салуға болады екен», - дейді әріптесіміз.
Оның пайымдауынша, бір үйде шамамен 5 адамнан тұрады десек, әлгі «Астана LRT» жобасының шығынына барлығы 180 000 адамды, яғни бір қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге болады.
«Сол 36 мың жер үйге бір Ақтау қаласын (халқының саны 183 000 адам) немесе Теміртау қаласын (179 000 адам) түгелдей көшіріп апарса болады екен. Ал бізде бір қала салатын ақшаны әуежайдан Нұрлы жолға дейінгі 22 шақырым монорельске құйып жатыр. Ішің қалай ашымасын», - дейді жазба авторы.
Бұл ретте, ол 20 миллион теңге деп өзі тұрғызған үйге кеткен шығынды есептеп отырғанын ескерсек, сол қаржыны 2-3 баспана салуға үнемдей алатын адамдар да бар. Демек, жоғарыда аталғандай бір қала тұрғындарының қатарына бір аудан орталығының халқын да қосып қойса, артықтық етпес.
«Анадай ақшаға шетелде су астымен жүздеген қашықтықты жалғайтын тоннел салуда. 22-ақ шақырым, арзан жұмыс күші!» - дейді оған пікір қалдырған желі қолданушы Қаһарман Зинуллин.