"Әлемде өз азаматы өз тілінде сөйлесе, қуанатын ұлт қазақ ғана шығар" - Қалиақбар Үсемхан
2019 ж. 16 қыркүйек
4044
2
Тоқаев Қытайға барған сапарында қазақша сөйлегені қазақ тілінің беделін ғана емес, қазақтардың да абыройын асырды. Әрине, қазақ елінің президенті, қазақ азаматы қазақша сөйледі деп қуанудың өзі қасірет. Әлемде өз азаматы өз тілінде сөйлесе, қуанатын ұлт қазақ ғана шығар. Тағдырымыз осылай болған соң не шара!?
Егеменді ел болғанымызға да отыз жылға таяса да, туған тіліміз тұғырына қона алмай келеді. Сосын да шенділердің көбі шетелге барса, орыс тілінде көсіледі де, қазақ тілі қағыс қалады. Ал Тоқаев сол жағдайды өзі бастан өзгертуге құлшынғаны қуантады.
Қазақ тілі десе менің есіме Қытайдағы мына екі іс түседі.
Бірде Қытайдағы Үрімжі жармеңкесі кезінде Қазақстаннан арнаулы делегация барды. Түстен кейін екі жақ басшыларының кездесуі өтетін болды. Қытайлар қазақ аудармашыларын, қазақ тілшілерін дайындады. Қытай әріптестерім менің қасымнан шықпай, "қазір бізге аударып бер" деп тұрды. Бірақ мен Қазақстан шенділерінің орысша сөйлейтінін іштей сезіп тұрдым. Ойлағанымдай болды, қонақтар орысша сарнай жөнелгенде, біз далада қалдық. Дәл сол кезде бір қытай тілшісі "Айттым ғой, аты "Қазақстан" болғанымен бұлар әлдеқашан орыс боп кеткен" деді қатар тұрғындарға. Іштей қатты қорландым.
Келесі жылы тағы сол Үрімжі жармеңкесіне ШҚО-ның басшылары барды. Қытайлар бұл жолы орысша білетін аудармашы дайындады. Бірақ тілеуіңді бергір ШҚО әкімінің орынбасары Ерлан (қателеспесем) мінбеге шыға сап қазақша сөйлей жөнелгенде қазақ тілді аудармашы дайындамаған қытайлар қатты састы. Әлден уақытта аудармашы жоқтығын байқаған ол: "Аудармашы жоқ па, онда қай тілде сөйлеуім керек?" деді қабақ шытып. "Қазақша сөйлей беріңіз" деп айқайлады 200-ге жуық тыңдаушының арасында отырған Қытай қазақтарынан шыққан қазақ басшының біреуі. Жалт қарадым, көзі-балбұл жанып ол да қуанып тұрғаны байқалды. Мен де сол күні көңілім марқайып қайттым.
Тоқаев Қытай сапарында қазақша сөйледі деген жазбаны көргенде "Қытайдағы қазақтардың рухы бір көтеріліп қалған шығар" деп ойладым. Айтқандай-ақ Қытай қазақтары БАҚ беттерінде Тоқаевтың қазақша сөйлегенін бүкіл Қазақсатан қазақша сөйлеп кеткендей шүйіншілеп жатты...
Демек, Тоқаев мырза, сіз шетелде қазақша сөйлесеңіз қазақ тілінің мәртебесі ғана емес, шетелде сіздің қадамыңызға қарап жаудырап отырған қазақтың рухы өседі, өшкіндеген үміті қайта қоздайды. Осыны ешқашан естен шығармасаңыз екен.
Сіздің қасыңызда Берік Уәли, Ерлан Қарин сияқты тілі де, түрі де қазақ жігіттердің жүргені де біздің көңілге медеу.
Қалиақбар Үсемхан, Фейсбук парақшасынан