Сәуле Әбілдаханқызы: Мемлекеттен бөлінетін триллиондарды халыққа жұмсайтын басшылар аз...?
2019 ж. 29 тамыз
6532
11
Ал өзара бөлісетіндер – мыңдап саналады...
Қазақстанды құрдымға жіберіп отырғандар міне, солар.
Осы мен кейде ойлаймын, "Елбасы көп шындықты білмейді, оған өтірік отчеттар, өтірік цифрлар ғана барады, ол соған сенеді" деген сөз рас-ау...
Соңғы уақытта бас-аяғы 1 айдан астам уақыт Түркістан облысының оңтүстік аудандарын жиі араладым.
Сонда не көрдім?
1. Шымкент - Шардара арасындағы 240 шақырым күре жолға жаңадан асфальт төсепті. Бұл - облыстық маңызға ие күре жол. Сол биыл төселген асфальт 50-60 кесіндіге бөлініп жатыр. Яғни, әр 2-3 шақырым жүргенде асфальт күрт үзіледі де, амалсыз, онсыз да баяу келе жатқан көлік жылдамдығын баяулатуға тура келеді. Көлденең созылған, ені 1 метрге жуық кесінді сайдан көлігіңізді өте абайлап, секіртпей өткізіп аласыз да, ары қарай жөнелесіз. Енді жылдамдық арттыра бергеніңізде алдыңыздан тура жаңағыдай көлденең кесінді тағы шығады.... сосын тағы... тағы.... осылайша, 60-қа бөлінген асфальт жолмен, 2 сағатта жететін жеріңізге 3-4 сағатта жетесіз. Ең бастысы, аман жеткеніңізге қуанасыз. Күндіз жүргеніңізге қуанасыз. Түнде жол бойында жарық жоқ дейді. Егер түнде жүрген болсаңыз, межелі жеріңізге аман-есен жету екіталай... өйткені ел ішінде "осы жаңа асфальттың кесірінен талай жол апаты болды, талайлар өліп кетті..." деген сөзді естідік. Біз 15-20 шілдеде барған едік. Одан бері ол кесінділер жамалған шығар деп ойлаймын.
2. Шымкент - Жетісай арасында көп жүрдік. Шымкентке дейінгі, одан ары қарай Қазығұрт, Сарыағашқа дейінгі, 2-3-ақ жыл бұрын салынған автобанды айтпай-ақ қояйын, ол бетонжолдар да шаршап қалғаны рас.... Ал Сарыағаш пен Жетісай арасындағы, әсіресе, Абай - Қызыләскер - Қазығұрт аралығындаға ауданаралық маңызды тасжолдар сұмдық жағдайда. Екі көлік қатарласқанда әрең сыяды, өте тар, ойдым-ойдым, шоқалақтап, жүру мүмкін емес. Ал Абай - Жетісай тасжолын осыдан 2-3 жыл бұрын жауып тастағаны есімде, айналма жолмен баратынбыз. Сол картина бір түйір өзгермеген. "Жол жабық, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр" деген сол баяғы белгі өзгермеген, әлі тұр. Қопарылған күйі, астаң-кестеңі шығып жатыр...
3. Ауылдарда ауызсу тапшылығы да сол күйі, баз-баяғы қалпында. Ештеңе өзгермеген.
4. Жетісай ауданы Баққоныс ауылына "100 мектеп - 100 аурухана" бағдарламасымен мектеп салынуы тиіс еді. Тендер жарияланған. Қаржы бөлінген. Мектеп салатын аумақ қоршалған. Бітті. Ары қарай мектеп те жоқ, құрылысшылар да жоқ... тек жол бойында тау-тау боп үйілген тас қалған естелікке... Ал Баққоныс ауылының орталық көшесін де, ауыл ішіндегі көшелерді де қандай халде екенін айтпай-ақ қояйын... Ондай ауылдар, ондай көшелер бүкіл Қазақстан бойынша жүздеп саналатынына көзім жетеді...
5. Тағы бір қызық фактіге таңғалып қайттым. Әлгі әйгілі Фирдоуси ауылындағы тәжік мектеп естеріңізде ме? Айгүл Орынбек сол мектептегі мәселені көтерген... Оқушы қыздар хиджабпен мектепке барып, мектеп директоры мен ата-аналар арасында үлкен дау туып, ақыры мемлекеттік органдар араласып, дау біршама тоқтаған еді ғой...
Енді қараңыз, сол Фирдоуси ауылындағы сол тәжік мектебіне үкімет жарқыратып жаңа ғимарат салып берген. Әдетте мемлекеттік стандарт бойынша сондай мектептерді салуға 300 млн теңге бөлінеді дейді білетіндер.
Ал сол тәжік мектебін салуға қазынадан 1 млрд-тан астам қаржы бөлінген. Ондай жарқыраған үлкен мектеп, тіпті, аудан орталықтарында, тіпті, кейбір облыс орталықтарында жоқ... Ең қызығы, тәжіктер балаларын оқытуға, әсіресе қызбаласын оқытуға аса құлықты емес. "Баласын мектепке жібермейді, мақтаға салады.... сыныптар қаңырап бос тұрады... әр сыныптың балаларын бір-бірлеп түгендеген кезіміз болды..." дейді сол мектептің ұстаздары.
Тағы бір назар аударатын мәселе - әр өзбек, тәжік отбасында, кемінде 8 баладан, 10-12-15 баласы бар отбасылар да кездеседі. "Сол балаларының көбісіне, жергілікті комиссияға пара беріп, мүгедектік "оформить" етіп, мемлекеттен ай сайын мүгедектік жәрдемақы алатындар көп. Ал біз шын мүгедек жандарымызға мүгедектік ала алмаймыз..." дейді жергілікті халық.
6. Жедел жәрдем шақырсаңыз, Түркістан арқылы жібереді. Ол 2 сағатта жетем дегенше өліп кетпеуге тырысу керек...
7. Арыс - ол анау... нақты жағдайды тікелей эфирде көрсеттік...
Қысқасы, қордаланған мәселелер шаш етектен...
Алайда, ұшақпен барып, ауыл үстін тікұшақпен аралайтын Елбасы да, Президент те, Премьер-министр де ештеңені көрмейді, білмейді. Олар біз сияқты, күніне 400-500 шақырым жолды көлікпен жүріп өтіп, өз көздерімен көрсе, Қазақстанның әлі 20 ғасырдың басында қалып қойғанын көрер еді.
Халықты Елбасыға да, Президентке де, Премьерге де жақындатпайтын жергілікті кіші шенеуніктерде де көп бәле бар...
Мемлекеттен бөлінетін триллиондарды халық игілігіне жұмсайтын басшылар аз, ал өзара бөлісетін басшылар - мыңдап саналады. Қазақстанды құрдымға жіберіп отырғандар міне, солар.
Сондықтан Елбасы да, Президент те шенеуніктердің орнын сапырыстырып, ауыстыра бергеннен ештеңе ұтпайды. Керісінше, көп нәрсе ұтқызады...
Әзірге адал адамдарға сенім артып, халық алдында әлі де оң нәтижеге жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Ол үшін әр облыста, әр ауданда бір-бір Жәкішев, Әбішев сынды адал адамдар болса, сол да жаман болмас еді...
Сәуле Әбілдаханқызы