Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жайлы бір үзік сыр
Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін.
Нұрсұлтан Назарбаев,
Қазақстанның Түңғыш Президенті - Елбасы
Өзге түгіл өзімізге байқатпай ғарыштық жылдамдықпен өтіп жатқан бүгінгі күндеріміз – тарихи сәт, тағдырлы кезең. Бүкіл әлем Тәуелсіз Қазақстанға тағы да жалт қарап, жанарын қадап отыр. Жоғары биліктің бейбіт жолмен ауысы бүкіл дүниежүзі өнеге алатын үздік үлгі! Бұдан кейінгі әр қадам аса жауапты. Осындай ел өміріндегі аса елеулі кезеңде билік тізгіні Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тигенін халық зор қанағат, асқан ризашылық сезіммен қарсы алды. Бұл тегін емес, оның терең сыры - Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің барлық сатысынан сүрінбей өткен, өзінің кемел ойлы, кең тынысты кемеңгерлігін талай мәрте танытқан әлемдік деңгейдегі аса көрнекті саясаткер. Бұған оның Қазақстанның саяси құрылымына қатысты мәлімдемелері айқын айғақ. Соның бәрін тізбелемей-ақ ең маңыздыларын айта кетелік. Олар:
2016 жылғы 29 сәуірде Сенатта өткен тыңдауларда Қазақстандағы жерді жалға беру мен сату жөнінде Жер кодексіне енгізілген даулы түзетулерге қатысты мәлімдемесінен:
«Бұл орайда, жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы туралы айтып қана қоймай, аталған талапты түрлі қитұрқы жолдармен «айналып өткісі келетіндерге» тосқауыл қою үшін заңның осы ережесін құқықтық тәсілдермен іске асыруды қамтамасыз ету қажет. Ең бастысы, Мемлекет басшысының жердің ұлттық юрисдикциясы мен жерді тиімді әрі ұтымды пайдалану туралы талабын міндетті түрде орындау қажет» деп мәлімдеді.
Қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесіне қатысты 2017 жылғы 22 қыркүйекте өткен парламенттік тыңдауларда былай деген болатын:
«Біздің алдымызда стратегиялық маңызы жоғары міндет - латын әліпбиіне көшу мәселесі тұр. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – бұл жаһандық ғылым мен білім жүйесіне ықпалдасу үшін жасалған қадам әрі рухани тұтастығымыздың кепілі болып табылады. Бұл жұмысты біз ойластыра отырып, сатылы және жинақы түрде жасауымыз керек. Бірақ ұзаққа созудың да қажеті жоқ. Ең бастысы – біздің қателесуге құқығымыз жоқ. Дегенмен де, Ұлттық комиссия латын әліпбиі бойынша толыққанды соңғы шешімін шығарған жоқ, сондықтан газет беттерінде және басқа да жерлерде апострофтарды қолдануға әлі ерте" деген еді.
2018 жылдың 19 желтоқсанында Сенаттың отырысында есірткі бизнесімен айналысатын қылмыскерлерге қатысты сот тергеуін өмір бойы түрмеге қамау және өлім жазасына кесуге дейін қатаңдатуды ұсынды, себебі олардың іс-әрекетін мемлекеттің ұлттық мүдделеріне қауіп төндіретін терроризмге теңестіруге болады деді.
2019 жылдың 8 ақпанында өткен ЕАЭО-ның сауда саясаты туралы ҚР Парламенті Сенатының тыңдауында Тоқаев:
"Интеграция - бұл, шын мәнінде, өзара тең мүдделерді табу деген сөз. Интеграцияда аутсайдерлер мен есе жібергендер болмауы тиіс, керісінше, барлық қатысушылар ұтысқа кенелуі керек - деп, одақтағы әділдік пен теңдікті талап етті.
Бұл бұрын жасаған саяси мәлімдемелері. Ал, Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскеннен кейін БАҚ-та жарияланған ұстанымдары:
«Елбасы іс жүзінде тәуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді. Менің де Президент ретіндегі негізгі ұстанымым мен өмірлік көзқарасым осы бағыттан ауытқымайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, елдің өркендеу кепілдігі мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығында және оған деген құрмет пен адалдықта жатыр. Онсыз ешқашан тұрақтылық та, даму да болмайды».
Екінші ұстанымы –
әділеттілік. Бұл жалпыадамзаттық әрі дала демократиясынан бастау алатын, ата-бабамыздан дарыған, ежелден қанымызға сіңген құндылық болатын. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтып алумен бірдей.
Үшінші ұстаным - тек алға басу, даму жолымен жүру.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл ұстанымдары да бұрынғы саяси мәлімдемелері сынды алшы түсер асықтай көкейге қона кетеді. Осы тұста ұлы Абайдың: «Сөзіне қарап кісіні ал» дейтін ұлағатты сөзі ойға оралады.
Тоқаевтың: «Бірінші қазақ тілі болу керек» деген сөзі ет жүрегімізді елжіретті.
Ескіден жеткен есті тәмсіл былай деп сыр шертеді: «Алла тағала адамды балшықтан жаратқан. Адамды жаратқан Алланың қолында бір уыс балшық қалыпты. Алла сол балшықты адамның алақанына салып, «Өз бақытыңды өзің жасап ал» депті. Адамзаттың бір бөлігі сол балшықтан ізгілік, бір бөлігі зұлымдық жасапты. Ізгілік жасағандар алғысқа, зұлымдық жасағандар қарғысқа бөленіп келеді.
Ізгілік қыл – ізгілік көп кісіде,
Әсерлі ғой ізгілердің ісі де, -
депті Жүсіп Баласағұн. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өмір жолына көз жүгіртсеңіз, оның істеген ісінің бәрі, елге, халыққа жасаған қызметінің баршасы ізгілікке толы. Жүсіп Баласағұн сөзі өмірлік, мұраты, бағдаршамы, адастырмас ақ жұлдызы, бақ жұлдызы болды Тоқаевтың. Пифагордың: «Бақытты қуып арамтер болма, оны өзіңнің ісің мен ішіңнен ізде» деген сөзі де үнемі жадында сақталды, ұлы мұрат, ұлы еңбек сенімді ақтады.
Өзіне сенген құстай ұшады, біреуге сенген мұрттай ұшады. Өзіне сенген Тоқаевты қуатты қос қанат – Жаратқан Ием жомарттық сыйлаған табиғи талант пен құнарлы еңбек оны Алатаудың аспанмен таласқан асқар шыңдардай биікке алып ұшты. Талант пен табанды еңбектің жемісі мен жеңісі мынау: кемел тақырыптарды кеңінен толғаған он кітап пен бірқатар мақалалардың авторы.
Ол бүкіәлемдік гуманитарлық және жаратылыс ғылымдары академиясының мүшесі, Мюнхен қауіпсіздік конференциясы "Даналар" кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ, Шэньчжэнь университетінің құрметті профессоры (ҚХР), Ресей Федерациясының сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясының құрметті профессоры және докторы әрі оның Қамқорлық кеңесінің мүшесі, Халықаралық қатынастар жөніндегі Қазақстан кеңесінің Құрметті президенті.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы, Женева дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің Құрметті деканы. Ол ҚР СІМ Нәзір Төреқұлов және РФ СІМ А.Горчаков атындағы естелік медальдарымен, Женева Университетінің "Академикус" грамотасымен, сондай-ақ, С.Н.Рерих атындағы естелік медалімен марапатталған.
Орыс биографиялық қоғамы Тоқаевты "Жыл адамы - 2018" лауреаттарының тізіміне енгізілген.
Осынша атақ, абырой өзінен-өзі келе қалған жоқ. Оңай бақыт болмайды. Абырой бақыт еңбекпен, біліммен, ақыл-парасатпен, елге жасаған ерен еңбекпен келеді. Кезінде елші де болған танымал дипломат, қоғам қайраткері Сайлау Батыршаұлы Тоқаев жайлы былай деп жазыпты:
«Министр ретінде Қ. Тоқаев халықаралық маңызы бар істерде дипломатиялық біліктілік танытты. Халықаралық қатынаста мемлекетіміздің позициясын сақтай отырып, әлемдік деңгейдегі дипломат әріптестерімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасай білді. Мәселен, ол ядролық қаруды таратпау туралы 1995 және 2005 жылдардағы конференцияларға қатысып, 1996 жылы Нью-Йоркте ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа, ал 2005 жылы Семейде – Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды.
2011 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Пан Ги Мун білікті дипломатты өзінің орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры етіп тағайындады. Сонымен қатар, Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын иеленеді.
Ол – дипломатия тарихында әлемдік деңгейге көтерілген қазақтардың бірі. Еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделінің артып, өзге елдермен жағымды байланыстар орнатуына көп күш салды, басшы ретінде сабырлы, байсалды, қол астындағы қызметкерлерге оң позиция ұстанады.»
Бұл өз қандасымыздың сөзі делік. Сырт көз сыншы. Енді соларды жазған пікірлерін оқып көрелік:
«
Ол біздің елшілікте, Кеңес үкіметінің Қытайдағы елшілігінде жұмыс істеген. Ағылшын тілін де, қытай тілін де жетік біледі. ММХҚИ-ді аяқтаған. Ол елшіліктегі қытай тілін ең жақсы меңгерген болатын».
Серго Орджоникидзе,
БҰҰ бас хатшысының бұрынғы орынбасары
Беларусьте Сізді Қазақстан халқының зор құрметіне ие болған дана мемлекет қайраткері ретінде біледі.
Александр Лукашенко,
Беларусь Республикасының президенті
Ол ол ма?!
Оны айтасыз өмір бойы билікті сынап келе жатқан салиқалы, салмақты саясаткер, оппозицияның серкесі Серікболсын Әбілдин: «Назарбаев билігінде жүргендердің ішіндегі шоқтығы биігі Қасым-Жомарт Тоқаев» деп жазды.
Жоғарыда айтылған парасатты ой, пікірлерден Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұжымдық портреті жасалып тұр!
Жарты әлемді жаулаған ұлы стратегі; теңдесі жоқ қолбасшы Шыңғысхан Қарақорымның қарақошқыл тасына былай деп қашап жазыпты:
Алтын денем шаршаса шаршасын,
Абзал елім даңқы артсын!
Бүтін денем қиналса қиналсын,
Бүкіл елім топтассын!
Жаман сөз, жат әрекет болса, досыңнан да жирен, жақсы сөз – жарым ырыс, өнеге алар үздік үлгі болса жауыңнан да үйрен. Шыңғысханның жоғарыдағы сөзі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жадында жатталып, жолсерік болса одан еліміз ұтпаса ұтылмасы зайыр. «Пессимист мүмкіндік болғанда қиындық туралы, оптимист әрбір қиындықта мүмкіндік жайлы ойлайды» («Пессимист видит трудности при каждой возможности, оптимист в каждой трудности видит возможности») депті Уинстон Черчилль. Бұл кез алмағайып уақыт, аласапыран заман. Дөңбекшіген дүние жаһанды жаналқымнан алып тұр. Алыстағы Сирияны айтпағанда бұрынғы тату көрші, тәтті дос Армения мен Әзірбайжан бір-біріне оқ атып, бақытты содан жоғалтып жатыр. Ресей мен Украина қырғи қабақ. Ауғанстан сияқты ыстық нүктелер әлі көп. Жаһандану ұлттық құндылықтарды жайындай жалмап жұта бастады. Болжампаздар әлемдік қаржы дағдарысының төбесі көрініп тұр дейді. Осындай қатерлі де аса қиын кезеңде Ел тізгінінің Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды данадан Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сынды кең тынысты, кемел ойлы кермиық кемеңгердің қолына өтуі – Алла тағаланың халқымызға тартқан ұлы сыйы.
Расул Ғамзатов: «Ұлтын ойламаған адамның қамын ұлты да ойламайды» десе Жүсіп Баласағұн: «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» депті.
Құранның 3-сүре, 141 аятында:
«Біле білсең шапағаты барларың,
Сүйген құлы боларың хақ Алланың, -
деп жазылған.
«Жаратқанның пендесіне берілген үлкен сыйы – оның артында қалатын жақсы аты, мейірімділігі мен қайырымдылығы». Бұл ұлы Сағди айтқан ұлағатты сөз.
Аса үлкен ақыл-парасат иесі, білікті де білімді, алысқа қарайтын, алдағыны болжайтын кемел ойлы кемеңгер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бізден артық болмаса кем білмейтін жоғарыдағы ұлылар сөзін ел тілегі орайында еске салып отырмыз.
Тектіден текті туады. Тегіне тартқан ұлы әке жолын қуады. Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған қарымды қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері. Кемел ағамен Қазақстан Жазушылар одағында біргі жұмыс істегенде мен ол кісінің қарапайымдылығына, кісілігі мен кішілігіне тәнті болдым. Кемел ағадан көп нәрсе үйрендім. Белгілі бір дәрежеде ол менің ұстазым әрі аға досым. Анасы – Тұрар Шабдарбаева педагог. Тоқаев бойындағы жақсы қасиеттер ана сүті, әке қанынан. Тоқаев «Азиатско-тихоокеанские государства во внешней политике Казахстана» тақырыбында кандидаттық, «Внешняя политика Республики Казахстан в период становления нового мирового порядка» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Қазақстанда, сондай-ақ шет елдерде жарық көрген халықаралық қатынастар мәселелері жөніндегі кітаптар мен бірқатар мақалалардың авторы
Өмір бойы Қазақстанға аянбай еңбек етіп келе жатқан Тоқаев осы уақытқа дейін көптеген марапаттар алды. Дәрежесі өсті. Ол
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көштбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев», «Парасат», «Отан» ордендерімен, сондай-ақ Ресейдің «Достық» орденімен, Украинаның «III дәрежедегі Ханзада Ярослав Данышпан» ордендерімен марапатталды.
Ресейдің өмірбаяндық қоғамының нұсқасы бойынша «Жыл адамы – 2018» лауреаттарының тізіміне енген Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне тіпті «БҰҰ қағидаттарына адалдығы мен бейілділігін және БҰҰ-ның Қазақстандағы соңғы 15 жылдағы жұмысына баға жетпес үлес қосқаны үшін алғыс білдіреміз» деп алғыс жазылған тақта орнатылды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың біз байқаған, ел білетін тамаша қасиеті ол елшіл, халықшыл, мемлекетшіл, ұлтшыл.
Адам баласына анасының көп қасиетінің бірі болмаса бірі даритын зайыр. Ал, туған жер – анаңның анасы. Тоқаевтың анасынының анасы – туған жері әлемдегі ең сұлу қала, тәуелсіздіктің тал бесігін тербеткен Алатау баурайындағы Алматы. Тоқаевтың бітімі бөлек бекзат болмысына Алматының сұлулығы, Алатаудың ұлылығы дарыған. Соданда ол дара туған дана.
Ел өміріндегі аса елеулі кезеңде ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жайлы тірлік болса әлі талай жазармыз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бойындағы жақсы қасиеттер ана сүті, әке қанынан дарыған десек, бұл - айдай анық шығар күндей – шындық. Әкесі -жазушы, анасы - ұстаз.
«Патша - Алланың жердегі көлеңкесі» депті хадисте. Алланың көлеңкесі болу қаншалықты бақыт болса соншалықты ауыр жүк, айрықша жауапкершілік.
Сол ауыр жүкті арқалаған Тоқаевқа ел игілігі жолындағы еңбегіне жеміс пен жеңіс, өзіне саулық, бақыт тілейміз.
Аспаннан Алланың нұры жауып, алдымыздан ақ күн туа берсін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Аман болайық.
Сәбит Досанов,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері
Алматы
07.05.2019 жыл