Ақпарат министрі Дания Еспаеваның президенттік сайлауға түсуіне қатысты пікір білдірді
2019 ж. 26 сәуір
2713
1
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ҚР Президенті сайлауына қатысушылар жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл 19 наурыздан бастап, Елбасы Қасым-Жомарт Кемелұлына бірнеше рет қолдау білдірді. Сондықтан да Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынылуы таңқаларлық жаңалық емес. Бір ғана партияны бөле-жара айтуға болмайды. Бұл аптада Сәдібек Түгел, Дания Еспаева, Амангелді Таспихов сынды жаңа үміткерлерді білдік. Жақын күндері одан да басқа кандидаттардың есімі аталады», - деді Д. Абаев Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.
Сонымен бірге, министр тұңғыш рет қазақстандық әйелдің Президент сайлауына қатысуы жөнінде өз ойын білдірді.
«Меніңше, Дания Еспаеваның партияластарының бұл шешімін тек қана қолдауымыз керек. Бұл өте айрықша оқиға және қоғамымыздың гендерлік теңдікке қарай жасаған кезекті қадамы. Оны еліміздің барлық өңірінде өкілдіктері бар, 250 мың адамнан құралған партия ұсынып отыр. Мақтанғандай естілуі мүмкін, бірақ бұл - Қазақстан әйелдерінің үлкен жеңісі», - деді Дәурен Абаев.